Машақаты мол мұрағаттың мұңлы мәліметтері
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының кандидаты.
Мұрағат – халықтың тарихи-мәдени мұрасы. Сол себепті өркениетті мемлекетте оның қоғамдағы орны да, қадір-қасиеті де ерекше. Ал, тоталитарлық, автократиялық режимдерге ол өздерінің заңи және тарихи тұрғыдан мемлекеттік билікке құқын дәлелдеу үшін ғана қажет. Мұны кеңес мұрағаттары қызметінен айқын көруге болады.
Мұрағатты саясат қолшоқпарына айналдыру ісі партия басшылығымен елде азамат соғысы аяқталғаннан кейін-ақ қолға алынды. Большевиктер өздерінің саяси қарсыластарын “әшкерелейтін материалдар” (“компромат”) жинауды ОГПУ-НКВД-МВД секілді жазалау органдарының көмегі арқылы жүргізеді. 20-шы жылдардың бірінші жартысында мұрағаттарға Революциялық трибуналдан, Республика бақылау комиссиясынан, Мемлекеттік саяси басқарманың тергеу бөлімдерінен (СООГПУ) көптеген сұраулар түсе бастайды. Осы кезеңнен елдің қоғамдық-саяси өмірінде ОГПУ маңызды рөл атқарады. 1925 жылдың 9 желтоқсанында Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ Ресейдің Орталық мұрағатына “аса құпия” хат жолдап, онда мұрағат қызметін түбірімен өзгертіп, Кеңес өкіметіне “жат элементтерді” іздестіру жұмыстарын жандандыру және оны оперативтік мақсатқа бағындыру талап етіледі (ГАРФ. Ф. 4883. Оп. 3. Д. 2. Л. 5-6).
Осы құжат алынғаннан кейін барлық жерде, оның ішінде Қазақстан мұрағаттарында да патшалық Ресейдің үкімет мекемелеріне, азамат соғысы кезіндегі “ақтар” мен “ұлтшылдар” үкіметтеріне қатысы болғандарды анықтау жұмыстары қыза түседі. 1927 жылдың 25 ақпанында Ресей Федерациясы Орталық мұрағаты өзіне қарасты барлық мұрағат мекемелеріне “Мұрағат материалдары бойынша анықталған саяси іздестірудегі адамдарға алфавиттік карточкалар толтыру жөнінде” құпия циркуляр таратады. “Халық жауларын” іздестіруге елдің барлық мұрағаттары жұмылдырылады, “контрреволюциялық элементтерге” тізімдер жасалып, НКВД-ның тиісті құрылымдарына, оның 2-бөліміне тапсырылады (Қызылорда облысы орталық мемлекеттік мұрағаты. 148-қор. 1-тізбе. 66-іс. 32-парақ).
НКВД бұрын-соңды болмаған жаппай қуғын-сүргін саясатын жүргізуде мұрағат материалдарын кеңінен пайдаланады. 1938-1963 жылдары мұрағаттардың НКВД-МВД-нің қарамағында болуын осы жағдаймен, таратып айтсақ, елде тоталитарлық жүйенің күш алып, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтумен, мұрағат құжаттарынан “таптық жат элементтер” туралы деректерді іздестіріп табу мүмкіндіктерімен түсіндіруге болады.
Орталық мұрағат басқармасын ішкі істер жүйесіне қабылдау актісінде (19.ХІІ.1938) мұрағаттарда КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатына “пайдалы” материалдардың баршылығы туралы арнайы көрсетілуі тегіннен-тегін емес еді. 1939 жылдың 16 қыркүйегінде Ішкі Істер Халық Комиссариатының Бас мұрағаттық басқармасы өз бөлімдерінің бастықтарына тағы да хат жолдап, НКВД-ның қажеттіліктері үшін құпия қорлардың құжаттары бойынша өтетін барлық адамдардың есебін алуға кірісу жөнінде нұсқау береді, бұл жұмысты 1940 жылдың 1 тамызында бітіру талап етіледі.
Мұрағаттардан “таптық жат элементтер” туралы мағлұматтарды іздестіру ғана емес, оларға қатысты құжаттарды құпия қорларда сақтау жұмыстары да жүргізіледі. 1940 жылғы 1 сәуірде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты Бас мұрағат басқармасынан мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Светлов қол қойған барлық мұрағат мекемелеріне “халық жауларының хаттарын, мақалалары мен басқа да еңбектерін”, “халық жаулары бейнеленген фото-кино және дыбыстық жазбаларды” өте құпия жағдайда жеке сақтау жөнінде циркулярлық хат түседі (Қызылорда облысы ОММ. 148-қ. 1-т. 22-іс. 9-п.).
Мұрағат ісі НКВД-МВД “қажеттіліктерін” өтеуге толықтай бағындырылады. Соған қарамастан 1940 жылдың 23 қазанында Ішкі Істер Халық Комиссариаты Л.П.Берия қол қойған “Мұрағат материалдарын оперативтік-чекистік жұмыста пайдалану туралы” деген №001345 бұйрық шығарады. Сол жылы Орталықтың Бас мұрағат басқармасы 14392 “жат элементке” тізім жасайды. Қазақстанға келетін болсақ, 1943 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін, яғни жарты жылдың өзінде мұрағат материалдары бойынша 2063 адамға “компромат” табылып, оларға карточкалар толтырылады. Барлығына да анықтама-тізім дайындалып, КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатына, Қазақ КСР Ішкі Істер Халық Комиссариатына жіберіледі. Сол жылдың 5 шілдесіндегі КСРО ІІХК-нің нұсқауы бойынша басмашылар туралы материалдар іздестіріліп, 20 қор қаралады, анықтама құрастыруға 37 іс іріктеліп алынады.
1943 жылдың 1 қазанына дейін, Қазақ КСР ОММ-ның құпия қорлар бөлімінің бастығы А.К.Голованованың мәліметі бойынша, республикада 10081 адам карточкаға түсіріледі. Ол құжат “Список лиц, проходящих по политическим окраскам, выявленных по архивным материалам Центрального госархива КазССР” деп аталады. Кейін бұл тізім 6000 адамға дейін шегеріледі. Бірақ мұнан қандай да бір “гуманистік нышанды” байқаудың реті жоқ, “қырағылық таныту” жұмыстарының қарқыны бәсеңсімейді. “Қазақ КСР мемлекеттік мұрағаттары құпия қорлары бөлімдерінің 1951 жылғы жұмысына шолу” деген баяндамада: “Қазақ КСР мұрағаттарының материалдарды арнайы зерттеу жұмыстарының қарқыны, 1950 жылмен салыстырғанда, екі есе өсті. Өткен жылы оперативтік-чекистік органдар үшін қызығушылық танытатын қыруар деректер табылды. Өткен өмірі күмән тудыратын, сол себепті есепке алынған адамдар саны да екі есе өсті”,– делінеді. (Қазақстан мұрағаттары. 2001. №2. (25). 55-б). Мұнан кейінгі кезеңде де жазалау органдары Қазақстан мұрағаттарынан жеке тұлғалардың өмірбаяндарын, хаттарын, т.б. құжаттарды ақтарыстырып, “ұлтшылдар”, “контрреволюционерлер” туралы мағлұматтар алып тұрады. 1953 жылы Қазақ КСР Ішкі Істер министрлігі мұрағат басқармасына байларды тәркілеу және жер аудару жөнінде мәлімет дайындауға тапсырма береді.
Жат элементтерге арнайы “анықтама-тізім” құрастыру жұмыстары тек 1956-1957 жылдары ғана ресми тоқтатылады. 1957 жылы Қазақстанда үш орталық мемлекеттік мұрағат біріктіріліп, Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағаты құрылады. Оның материалдық базасын нығайтып, қызметкерлерінің күш-жігері, негізінен, сала функцияларынан туындайтын істерге жұмылдыруға қадамдар жасалады. Алайда мұрағаттарды ғылым мен мәдениет мүдделерінен жат мақсаттарға пайдалану республикада мұрағат ісінің дамуына үлкен кедергі келтіреді.
Большевиктер, әсіресе, мұрағат қорларының сақталуына немқұрайлы қарады, ондағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттардың жоғалып кетуіне аса бір ауызға аларлық оқиға ретінде қарамады. Бұл жөнінде ҚР ОММ-ның мұрағатқа қатысты 544-қорында сан алуан мәліметтер жинақталған. Бөкей мұрағаттарын ең алдымен большевиктер жыртып, өртеген. Одан кейін 1918-1919 жылдары оны казактар тонаған. Мұрағат материалдары буда-будасымен отқа жағылған. Қазақ байларын тәркілеуге қатысты 32 іс ізім-қайым жоғалған; мүмкін олар 1953 жылы Ішкі Істер министрлігінің сұрауы бойынша алдырылып, содан қолды болып кетті ме?! 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде он жәшік іс-құжаттар ұрланған. Орынбордан Қызылордаға апара жатқан кезде жүздеген мұрағат құжаттары ғайып болады. Одан кейінгі кездері де мұрағат қорларындағы материалдардың сақталуы қатаң бақылауға алынды деуге күмән тудыратын жәйттер жеткілікті. Әйтеуір, мұрағат жол көрсеткіштерін парақтай бастағанда біраз құжаттардың жанындағы “изъято” деген ескертуден көз сүрінеді.
Мұның бәрі кездейсоқ та болмас, себебі орталық билік кешегі патша заманындағы отаршылдықтың озбырлықтарын халық жадында сақтауға мүдделі болмады. Бүгінгі күні де Ресейдің қазақ халқына “жақсылықтан” басқа саясат жүргізбегеніне жас буынды иландыру мақсатында мұрағаттарда жазалау экспедициялары, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу, халықты қырғынға ұшырату жөніндегі құжаттардың түрлі себептермен қолға беріле бермейтіндігі аса құпия емес.
Кеңес өкіметі ұлттық мұрағаттардың материалдық базасын нығайтуға да ыждағаттылық танытпады. Оның мысалы да жетерлік. 1932 жылдың 23 наурызында Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Голюдов Қазақстан Орталық мұрағатының меңгерушісі Н.Я.Болотниковты өзіне шақыртып алып, мұрағатты жедел түрде Көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшіруді міндеттейді. Н.Я.Болотников 28 наурыз күні Алматы қалалық кеңесінің Орталық мұрағат орналасқан ғимаратты 29 наурызға дейін босату туралы шешімін алады. Н.Я.Болотников сәуір айында осы жағдайды Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесіне және РСФСР Орталық мұрағат басқармасына (көшірмесі) жазған баяндама хатында хабарлайды. Мұрағат орналасқан ғимаратқа Алматы қалалық кеңесі көпшілікке арналған асхана ұйымдастыруды көздейді. Оның төрағасы Скородумов пен Өлкелік партия комитетінің іс басқарушысы Буянов Орталық мұрағаттың екі күн ішінде Көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшуі туралы ескерту жасайды.
Бұл талапқа Н.Я.Болотников қорлардағы 20000 пұт құжаттарды көрсетілген мерзімде көшіріп болу мүмкін еместігін, оған 3 ай мерзім керек екендігі туралы пікірін алға тартады. Голюдов аталған мерзімге қарсы болып, “бұл мұрағат ісінің қарқыны болса, сен өмірден артта қалған мұрағаттың егеуқұйрығысың” деп меңгерушінің ар-намысына тиеді.
Н.Я.Болотников 28 сәуірде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне Орталық мұрағаттың кітапхана жертөлесіне көшірілуіне қарсы наразылық білдіреді. Алайда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин 29 сәуірде партияның айтқанымен жүрмейтін “қыңыр” мұрағатшыны шақыртып алып, Қазақ ОАК мен ХКК-нің қаулысын орындамадың деп айыптайды. ХКК-нің төрағасы О.Исаев Болотниковтың ұстанымын “топас бюрократизм” деп бағаласа, Голюдов өз тарапынан “мұрағатты көшіру түкке тұрмайтын мәселе, егерде біз партия мүшесімен істес болсақ, онда мәселе басқаша шешілген болар еді, ал біз партия мүшесімен емес, мұрағат егеуқұйрығымен істес болып тұрмыз” деп астамшылық жасайды (ГАРФ. Ф. 5325. Оп. 9.Д.2674.Л.13).
7 мамыр күні Н.Я.Болотниковке секретариат арқылы жеке іс қағазына жазылған сөгіс жарияланып, меңгерушілік қызметінен босатылады. Тоталитарлық жүйенің мұрағатқа көзқарасы осылай көрініс табады.
31 мамыр күні Н.Я.Болотников қылмыстық іздестіру бөлімі тарапынан тұтқынға алынады.
26 маусымда ол жергілікті партия бюрократтарының заңсыз іс-әрекеттері туралы ВКП(б) Орталық Бақылау Комитетіне арызданады. Осылайша үлкен қиындықтардан кейін ғана Н.Я.Болотников жұмысында қалдырылады, бірақ бұл заңдылықтан гөрі, кездейсоқтыққа көбірек ұқсайды. Көп ұзамай мұрағат қызметкерлері де “тазалауға” ұшырайды.
1938 жылы Қазақстанда мұрағат кітапханашысы З.И.Ускова және аға ғылыми қызметкер Мирер “саяси сенімсіздер” қатарына жатқызылып, жұмыстан босатылады. Ғылыми қызметкер В.Д.Пятницкий және Батыс Қазақстан облыстық мұрағатының инспекторы М.Г.Герасимчук ІІХК органдары тарапынан “халық жаулары” ретінде тұтқындалады. Қазақ КСР Орталық Бас мұрағат басқармасының бастығы Е.Г.Федоров партия қатарынан шығарылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыптау құжаттарында оның бұрын эсер партиясында болғандығы, шығу тегінің ақсүйектен екендігі есепке алынады.
Бас мұрағат басқармасы меңгерушісінің орынбасары В.А.Введенский 1938 жылы “Архивное строительство в Казахстане к 20-летию подписания декрета Лениным о реорганизации и централизации архивного дела” деген очеркінде: “Өлкелік мұрағаттың меңгерушісі – меньшевик, жоғары білімді мұрағатшы, бірақ ақ офицері, ал 2 ғылыми қызметкер – жер аударылғандар, іс жүргізуші – дін қызметкері (протоиерей). Халық жаулары мекемелер мен ұйымдардың басшылық қызметінде отырып алып мұрағат ісіне елеулі зиянкестік жасады, мұрағат құжаттарын жойды, Қаржы Халық Комиссариаты, Халық Ағарту Комиссариаты, Жер Халық Комиссариаты мұрағаттарының құжаттары халық жауларының зиянкестік әрекетінен талапқа сай сақталмай, шашылып, жойылып жатыр”, деген пікірі сол кезеңде мұрағатшыларды айыптаудың негізгі түріне айналды. Алайда В.А.Введенскийдің өзі де кейін “әлеуметтік шығу тегінің жат элементтен (әкесі священник болған) екендігі” анықталып, мұрағат жұмысынан аластатылады.
Мұрағат мекемелерінде “кадрлық тазалаудың” қарқынды жүргізілгені соншалық, орталық аппаратта, облыс, аудан мұрағаттарындағы кадрлардың 80 пайызы ауыстырылады. Көптеген мұрағат кадрлары шығу тегіне қарап немесе “халық жауларының” туған-туысқандары ретінде жұмыстан шеттетілді, қуғын-сүргінге түсті. Мұрағаттардағы мұндай жазалаудың нәтижесі кадрлардың сапасына елеулі әсерін тигізіп, онда істелуге тиіс жұмыстар өте баяу жүргізілді. Бұл салаға көбіне бұрынғы жұмысында көріне алмаған немесе кәсіби дайындығы, іскерлік қабілеті жағынан талапқа толық сай емес адамдар жіберілді.
Тоталитарлық жүйе тұсында мұрағат құжаттарының елеулі бөлігі негізсіз құпияландырылды. Тіпті, мысал үшін айта кетейік, ҚР ОММ-ның құпия қорында Б.Майлиннің жарнаманы қазақ тілінде беру қажеттігі туралы “жоғарыға” жазған хаты да ұшырасады.
СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпанындағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ведомстволарда мұрағат материалдарын сақтау режимінің тәртіптелмегені, оларды пайдаланудың “нашарлығы” атап көрсетілді. Осыған орай 1956 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қаулысында Қазақ КСР ІІМ-нің мұрағат басқармасына және мұрағаттары бар барлық министрліктер мен ведомстволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің мұрағат құжаттары мен материалдарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттеледі. Алайда рұқсатқа сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес мемлекетінің мүддесіне “зиян келтіруі мүмкін” құжаттар кірмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке шешілуі керек деп көрсетіледі. Бұның бәрі, сайып келгенде, тарихтың “ақтаңдақ беттерінің” қалыңдай түсуіне әкеледі.
Кейбір мұрағаттық істердің “жоғалып” кетуі олардың кезінде айыптау материалдары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне алдырылуына байланысты болса керек. Бұл “құдіретті” құрылымдардан материалдардың бәрі бірдей қайта алынбаған. 1945 жылдың 19 мамырында жасалған алыс-беріс актісінен аңғарғанымыз – І.Жансүгіровтің қолжазбалары, кітаптары мен газет қиындылары жинақталған папкалары Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің 2-бөлімінің бастығы Рафиковтың қолында болған, кейін мұрағатқа тексерілмей қабылдана салынған (ҚРОММ. 544-қ. 1-т. 526-іс. 27-п.).
“Ұлтшылдарға” қатысты мұрағаттық құжаттардың түгел сақталуына бақылаудың әлсіздігі осы сала мекемелері басшыларының басым көпшілігінің қазақ тілі мен араб графикасын білмеуінен болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кімнің сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған.
Тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі кезеңде Қазақстанның қоғамдық өмірін демократияландыру мұрағат саласын да қамтыды. 1998 жылы 22 желтоқсанда “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заң қабылданып, осы сала жұмысын тікелей өзіне тән міндеттерді орындауға жұмылдырылуына құқықтық негіз қаланды. Құпия қорларда халықтан жасырын сақталып келген біраз құжаттар ашық қорларға ауыстырылды. Алғашқы кезде Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің мұрагері Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің де есігі ашылды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргін науқаны, қазақтарды тәркілеу, реквизиялау, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық секілді Кеңес өкіметінің озбырлықтарына байланысты материалдар ғылыми айналымға қосылды. Бірақ көп ұзамай бұл мекеменің мұрағатында жұмыс істеуге тыйым салынды, осы себепті қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты қыруар құжаттар мен материалдар сол баяғы жабық күйінде қалды. Ондай қазыналар ҚР Бас Прокуратурасы, Ішкі Істер министрлігінің мұрағаттары қорларында да сақтаулы. Олардағы, жоғарыда көрсетілгендей, “таптық жат элементтерге”, саяси оппозиция мүшелері мен “ұлтшылдарға” жасалған анықтама-тізімдер, “бандылар” деп ат қойып, атау таққан материалдарсыз отандық тарих ғылымындағы “ақтаңдақ беттерді” жою мүмкін емес. Бұл құрылымдардағы құжаттарды ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында шоғырландыру – заман талабы. Ол халық жадын аңыздардан арылтып, тарихи шындық негізінде қалыптастыру қажеттілігінен туындайды.
Алматы.
КҮТЕДІ ӘЛІ БІР ХАБАР
Ұлы Отан соғысынан кейін Каспий теңізімен Иранға ығып кеткен кемедегі балықшы тағдыры не болды?
Жуырда редакциямызға Ақтөбе қаласының тұрғыны Социал Қамеденов деген ақсақал келді. Бізге соғатын адамдар көбіне-көп жергілікті атқару, құқық қорғау органдарының немесе әділетке қол жеткізе алмағаны себепті сот шешімдерінің дұрыс еместігіне шағым айтып келетін еді. Мына ақсақалдың мәселесі мүлде бөлек екен.
Социал ақсақал 1946 жылы жоғалып кеткен өзінің әкесі Құбайдоллаев Қамеден туралы бір хабар ала алмай құса болып жүрген көрінеді. Қамеден марқұм бұрынғы Гурьев облысы Теңіз ауданының “Комсомол жолы” колхозындағы Өлеңті ауылында балықшы болып еңбек еткен. 1946 жылдың наурыз айында, 42-43 жастар шамасындағы ол Каспийде балық аулап жүргенде 5-6 күнге созылған қатты дауылдан кемелері ығып кетеді. Балық аулайтын әлсіз шхунада барлығы 6-7 адам болған, соның ішінде Қамеденнің көршісі Күнетов Ғинаят та бар дейді ақсақал. Уақыт өте келе еш хабар болмай кеткен соң мұндағы жұрт оларды өлдіге санайды да қояды.
Бірақ... 1949 жылы Кобяков деген елді мекенде тұратын бір әйел адам бұлардың үйіне қуанышты хабар әкеледі. Ол бір адамның кездейсоқ жолығып, жол сұрағанын және сонау Ираннан келе жатқанын айтып жеткізеді. Өкінішке қарай ол кезде жас бала болғандықтан Социал ақсақал әлгі әйелдің де, Ираннан келген адамның да есімдерін ұмытып қалыпты. Тек қана Ираннан аман-есен қайтып келе жатқан адам Гурьев облысының Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының тұрғыны екенін ғана есіне түйіп қалады. Ол кісінің айтуына қарағанда олардың да балықшы кемесі 1946 жылы ығып, Иран жағалауынан бір-ақ шығады. Сол жерде өздері сияқты ығып келген Қамеден мен Ғинаятты кездестіреді. Оларды да Иран балықшылары құтқарған екен. Қазақтар жат жерде бірге жүріп, 3 жыл 2 ай бірге еңбек етеді. Қандай себеп болғанын кім білсін, әйтеуір әлгі адам ирандықтарға келісімшартпен еңбек еттік, менің мерзімім 3 жыл еді, кесімді мерзімім толған соң олар мені Армениядағы КСРО шекарасына дейін жеткізіп тастады. Ал Қамеден мен Ғинаят 5 жыл мерзімдік еңбек шартына отырған, олар аман болса енді екі жылдан соң келеді депті.
Содан Қамеденнің отбасы ғана емес барша ауыл болып қатты дүрлігіп, қуанады. “Өлген тірілді, өшкен жанды”,–деген осы емес пе? Бірақ өздігінен ізденіп, әлгі адамды табуға сол кездегі қол қысқалығы кедергі келтіреді. Өйткені, Қамеденнің балалары жас, ал әкесі қарт адам екен. Әне-міне өзі келіп
қалар деген үмітпен уақыт өте береді, ал одан хабар болмайды...
Артынан әлгі адам НКВД тырнағына ілігіп, жоқ болып кеткен шығар деген болжам туады. Шынында да ол кезде шетелден келген адамның бәрін НКВД ақ-қарасын айырмай жау қылып жатты ғой. Екі жылдан кейін менің әкем де келген шығар, бірақ ауылға жете алмай ол да НКВД тырнағына ілігіп кетпеді ме екен деген дүдәмал ой Социал ақсақалға күні бүгінге дейін маза бермейді.
Зейнет демалысына шығып, қолы босағаннан бері 2 жыл 7 ай бойы ол әкесінен бір хабар шығып қалмас па екен деген ойменен Сыртқы істер министрлігін қайта-қайта мазалап, еш нәтиже шығара алмай жүр екен. Иран Республикасының архивінде әкем Қамеден мен оның жолдасы Ғинаят туралы бір мәлімет болса керек еді ғой, Сыртқы істер министрлігі сондағы елшілік пе, әлде басқа жолмен бе, әйтеуір бір хабар алып беруіне болар еді ғой, ал ҰҚК 1949-1950 жылдардағы Гурьев облысындағы өз бөлімшесінің архивінен Иранға ығып кеткен балықшыларды тергегені жөнінде бір мәлімет беруіне болады ғой. Бір дерек болмауы мүмкін емес дейді ол ашына. (Бұл мәселеге ҰҚК Атырау облыстық департаментінен бір жауап болып қалар ма екен?)
Бәрі де шығарыпсалма жауаптармен құтылды, енді, амал жоқ, Президентке ашық хат жазғым келіп отыр дейді ақсақал.
Әрине, оның ашық хат жазу құқы бар, бірақ ақсақалдың жанайқайы ел газеті “Егеменге” шыққан соң, бәлкім бір нәтиже болар деп біз де үміттеніп отырмыз.
СЕРГЕЛДЕҢНІҢ СЫРЫ НЕДЕ?
Бұл оқиға 2007 жылдың қараша айында болған еді. Көршімнің ұлы Ерлан Нұрғалыұлы өзім жоқта менің жеке меншік тіркемемді алып кетіп, қиратып тастады. Қиратқанда да оны үшке бөліп тастаған. Онан соң ол бала Балқаш қаласына кетіп қалды да, әкесінен тіркемемді жөндеуді талап еттім. Алайда, бұл талабым орындалмаған соң дәлелді құжаттарды жинап, Ақтоғай аудандық сотына жүгінейін десем, ондағылар “адвокат Қашқыновқа барыңыз, сол құжаттарды қабылдайды” деп отырып алды. Адвокатқа барсам, ол “құжаттарыңды полицияға өткіз” дейді. Ал полиция қызметкерлері болса, “істе анықтайтын ештеңе жоқ, бәрі тексерілген, дайын, тек сотқа өткізсеңіз болғаны” дейді.
Жазған құлда жазық жоқ дегендей, қақпақылға түскен құжаттарымды арқалап қайта сотқа келсем, адвокатқа бар деп азар да безер болады. Содан мен, амал жоқ, сотта отырғандардан: “Адвокаттың менің арызымды қарауға қандай қатысы бар?” деп сұрасам, “адвокат бәрін шешеді” деп қайтарып жіберді. Мен қайтадан адвокат Қашқыновқа келдім. Ол енді амалы таусылғандай, Балқаш қалалық сотына жұмсады. Бірақ, ондағылар айыпкер Ерлан Нұрғалыұлы Ақтоғай ауданында тіркелген, сондықтан өз ауданыңызға барыңыз деп қайтарып жіберді. Содан бұрынғы үйреншікті сергелдең қайта басталды. Қайтадан адвокаттың алдынан шықтым. Ол енді үш куәгерден апат болған түні тіркеменің сынғанын көрдік деген жазбаша қолхат әкел деді. Оны маған кім береді? Күдікті Ерлан менің тіркемемді алып кетіп, басқа жақта сындырды. Ол жерде кім болғанын мен білмеймін және бірде-біреуін танымаймын. Сонда маған “көрдік, рас” деп кім қолхат береді?
Бұдан кейін аудандағы арыз-шағым салынатын арнайы жәшікке “арызым қаралмайды” деп хат салдым. Бір ай өтті. Тым-тырыс. Сонан қайта құқық қорғаушыларға бардым. Баяғы үрдіс қайталанып, адвокаттың алдынан тағы шықтым. Ол біраз ойланып отырып, маған аудандық техникалық бақылау басқармасынан тіркемемнің құнын белгілетіп, анықтама әкеліңіз деді. Бұған да көндім. Барсам технадзор “сіздің жеке меншік көлігіңізде біздің шатағымыз жоқ” деп тақ еткізді. Осымен мен үшін халыққа қызмет етеді деген биліктің барлық есігі тарс жабылғандай көрінді. Енді қайда барам, кімге айтам, кім менің арызымды тыңдайды? Белгісіз. Шынымен мына жергілікті жердегі шенеуніктердің Астанада отырған басшылары осындай жағдайдан бейхабар ма, әлде біз түсінбейтін бір гәп бар ма? Төрт жыл бойына мендей жасы келген, мүгедек қартты әуре-сарсаңға түсірген Ақтоғай аудандық құқық қорғаушылар әрекетін жасырмай айттым. Енді бұл үшін жоғары тұрған құқық қорғаушылар қайда жұмсар екен? Әлде олар да ақтоғайлық құқық қорғаушылар секілді сен салар да, мен салармен әрекетсіз қалуды жөн санай ма?
Қабдыләшім ТІЛЕУБЕКОВ. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Кешен ауылы.