Қарағандыда өндірілетін осындай сүт өнімдері өтімді. Қазір өндірісті аймақтағы сүт өнімдерін өндірушілер арасында бәсекелестік айрықша деуге болады. Өйткені бұл іспен шұғылданушылар жеткілікті және бір-бірінен асып түсу үшін бәсеке жолында. Нарықтың осындай талабына төтеп берумен қатар оқ бойы озушылар да аз емес. Солардың алдынғы сапында «Қарағанды сүт комбинаты» ЖШС көрініп жүр. Оның «Нәтиже» атауымен шығарылатын сүті, қаймағы, кілегейі, қатығы, айраны басқа өңірлер тұтынушыларында аян. Соның ішінде астаналықтардың үлкен сұранымына ие. Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуін құру бағдарламасы аясындағы жобаны іске асырушы кәсіпорын аталған тағамдар көлемін күннен-күнге арттырып келеді. Бүгінде бас қала тұрғындарына тәулігіне 3-4 тоннасы жөнелтіліп отырса, алдағы уақытта ұлғайтыла беруі көзделген. Бұл нысан Қазақстан тәуелсіздігінің мерейлі мерекеcі қарсаңында пайдалануға тапсырылып отыр.
Кеншілер шаһарының Теміртауға шыға берістегі бөлігінде орын тепкен комбинат іші-сырты өндіріс мәдениеттілігі жоғары деңгейлігімен көз тартқызады. Қазіргі заманғы технологиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылғаны бірден назар аударатын көрініс. Бүкіл үдерісі соған бағындырылған жұмысты атқарушылар қимылы ширақ.
Комбинаттың атқарушы директоры Сәуле Жанкина іс жай-жапсарымен жан-жақты таныстырғандай, өндірістік қуатты арттыруға баса көңіл бөлінеді екен. Осы мақсатта «ҚазАгроҚаржы» АҚ несие бөлу комитетінің қолдауымен «Сүт өнімдерін өндіруді дамыту» инвестициялық жобасы қаржыландырылып, оны іске асыру былтырғы жылдан бастап қолға алыныпты. Содан беріде біраз шаруа тындырылған. Жаңа әрі, сиымдылығы ауқымды тоңазытқыштар орнату, сүт өнімдерін дайындау желісін жетілдіру аяқталған. Жақында, дәлірек осы ай басында қышқыл дәмді сүт тағамдарының барлық түрлерін шығару өндірісі іске қосылды. Ол кәсіпорын өміріндегі елеулі оқиға болды. Швейцария фирмаларының бұл салаға арнап жасаған озық технологиясы өнімдердің жоғары талап-талғам деңгейіне сай болуына мүмкіндік береді.
– Кәсіпорнымыздың келешегі кең. Бәрі сол үшін жасалып жатыр.
Қазір Қарағанды өңірін күніне 25 тонна сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырсақ, одан сайын ұлғайтыла түседі. Сапасы мен дәмділігі жағынан өте өтімді дей аламыз. Арнаулы зертханада алдын ала сарапталып, қатаң бақылаудан өткізіледі. Сырты әсем безендірілген қағаз құтылар мен қораптарға құйылған түр-түрі көз тартқызбай қоймайды. Келесі жылы қосымша өндірістік желілерді іске қосу ойластырылуда, – дейді Сәуле Амангелдіқызы.
Айта кету керек, аталған комбинаттың ілкімді жұмысы бір жағынан ауылдық жерлерде сиыр сауумен шұғылданатын шаруа қожалықтарына аса пайдалы болып отыр. Жақын маңайдағы Шет, Абай, Бұқар жырау, Осакаровка, Нұра аудандарының фермерлерімен келісім бойынша молынан сатып алынады. Бұған дейін өткізілуі қиын болып келген мәселеге енді еш кедергі жоқ. Сүттерін тасымалдап әуреге түсіп жатпайды. Комбинат белгіленген кестеге сәйкес өз күшімен жеткізеді. Екі жаққа да тиімді.
Кәсіпорын басшылары атап айтқандай «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан көмек-қолдауға разылық бөлек. Еліміз агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 2010-2011 жылдарға салынған 211,8 млрд. теңге инвестицияның 1 млрд. 600 миллион теңгесі сүт өңдеу саласына арналған. Былтыр Қарағандыда ашылған облыстық өкілдігі комбинаттың инвестициялық жобасын қолдап, іске асуына жеткілікті қаржылық көмек көрсеткен. Несиелік жолмен берілген оны сүт өндірушілердің мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндігі баршылық.
Біз әңгімелеген Қарағанды сүт қомбинаты сондай-ақ, «Нәтиже» атауымен белгілідей ісі нәтижелі. Өндірісті өркендетудің өрелі жолын ұстану соған негіз қалап жүргендігі байқалады. Алдағы кезеңге жобаланған іс-жоспар айқын. Оның басты арқауы астаналықтар мен қарағандылықтарды сүт тағамдарымен жеткілікті қамтамасыз етуге арналған. Осы мақсат жолында көш бастаушы ретінде көрінуге талпыныс таудай. Несі бар, күш-қабілетіне сенімді кәсіпорынға жарасады. Инновациялық үрдістің игілігін игеруге ұмтылыс әлі талай жарқын істерге қозғау саларына еш күмән жоқ.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.