• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2017

Отбасы – ең үлкен құндылық

1221 рет
көрсетілді

Өмірде сүйіп-күйіп жастайынан қосылып, бар сырыңмен, бар шыныңмен бөлісіп, ұзақ жылдар «екі жарты бір бүтін» болып бірге тұрып, бір­неше баланы өмірге келтіріп, ен­ді жасы ұлғая бастаған шақта ажы­­ра­суға тура келген адамдардың от­­ба­сындағы трагедиядан артық а­зап бар ма екен? 

Қанша жерден бас­қаны сүйіп, махаббатың жалындап тұрса да көздері жаутаңдап, бө­тен­­сіреп, жалғызсырап қалатын ба­ла­лардың бейнесі жүректен өшер ме? Әлеуметтанушылар осы фактордың өзі-ақ ажы­расқан тұлғаның деграда­цияға ұшырап, күйзеліске түсуіне көбіне-көп негіз болатынын айтады. 

Ресми статистикаға қарағанда жыл басынан тамыз айына дейін Қазақстанда 76 мыңдай неке тіркелсе, ажырасқандар саны 31 мыңнан асыпты. Демек бір жылда құрылған отбасының жартысына жуығы жоғалып отыр. Бір отбасында екі бала бар десек, бір жылда 120 мыңдай адамның тағдыры тәлкекке ұшырап, болашағына жарақат түсті деген сөз. Он сегіз миллион ғана халқы бар ел үшін бұл үлкен көрсеткіш, әрине. 

Социологтардың зерттеулеріне қа­ра­­ғанда, ажырасатындар көбінесе 25-30 жас аралығындағылар көрінеді. Бұл уақыт адамдардың өз қолдары өз ауыздарына жетіп, ата-аналардың қамқорлығын қажет етпейтін кезеңі. Сондықтан, бас­қаша өмірді, басқа жарды қалап, көңілге көбінесе желік кіретін жас осы екен. Сонымен бірге, 40 жастың маңайы да некені сақтауға қатер тудыратын кезең деп есептеледі. Өйткені, бұл жаста балалар ержетеді. Ерлі-зайыптылар балалар үшін ғана некені сақтап келсе, енді ондай кедергіден ада болып, адамдар өз жолын табуға тырысатын көрінеді. 

Зерттеушілер ажырасудың сылтауларын негізінен үш түрге бөледі. Біріншісі, тұрмыстық себептер, соның ішінде үй-жайдың ыңғайсыздығы, ас-су әзірлеу мен үй жинаудың қиындықтарынан қашу, материалдық тұрғыдан жетіс­пеушіліктер және т.б. Екінші себеп, ерлі-зайыптылардың бір-біріне суынуы, үй-ішілік жанжалдар, қызғаныш, өмірге деген көзқарастарының әртүрлі болуы. Ал үшінші себептерге ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне шөп салуы, басқа біреуді ұнату, ата-аналардың ортаға түсуі сияқты сыртқы факторлар жатады. 

Қазақстандағы психологтар ассоциа­ция­сының президенті Владимир Стеб­лян­коның айтуына қарағанда біздің елдегі ажырасудың тағы бір негізгі се­бебі отбасылық құндылықтардың аяққа басылуы көрінеді. Өзінің республикалық басылымдардың біріне  берген сұхбатын­да ол ажырасу процесі бойынша сот­қа сарапшы-психолог ретінде жиі қа­ты­сатынын айта келіп: «Бұрын отба­сы қоғамның алғашқы құрылымы болатын. Қалғандарының бәрі соның негізінде құралатын. Ал қазір ол екінші орындағы құндылыққа шығып қалды. Ажырасулардың негізгі себебі сонда» дей келіп, қазіргі адамдарды алдымен мансап баспалдақтары мен материалдық құндылықтар алаң­дататынын айтады. «Біз қазір көп ақшаға қол жеткіздік, ол бұрынғы махаббат, сүйіспеншілік сезімін кейінге ысырып, байлық пен карьераны, билікке ұмты­луды алға шығарды», дейді ол. Осы жерде ұлы Абайдың «Бар жақсы байлықтан да, биліктен де, Бар істі ақша бұзар киліккенде» деген сөзі еске түседі. Қалтаға ақша молырақ түскен сайын халықтың пейілі де бұзылып, жақсыдан гөрі жақсырақ іздей бастайтын болса керек. Сондықтан, «қазақ байыса қатын алардың» керімен адамдар ұзақ жылдар жанына серік болған жарын, көзінің нұры болған бала-шағасын, отбасылық міндет пен парызын ұмытып, желікке ере бастайтын сияқты. 

Осындайды азайту үшін не істеу керек дегенге психологтар отбасы құн­ды­лығын мемлекеттік деңгейде арттыру сая­сатын жүргізу керек дейді. Бұл сөздің жаны бар, ондайды біздің билік те қол­дап отыр. Отбасы құндылығын насихаттау үшін бірнеше жыл бойы Елбасының бастамасымен «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп, барлық насихат құралдары жастарды ұйымшыл отбасыларынан үлгі алуға шақырды. Осы шарадағы сөздерінде Президенттің өзі ажырасулардың жиі орын алып жатқанына қынжылыс білдіріп, жас ша­ңырақтарды асығыс шешім қабыл­дамауға шақырды. «Жас келген са­йын бұл өмірді түсіне бастайсың. Сенің жетістігің, миллиард ақшаң, қызметің басты орында емес. Ең бастысы, адамға керегі отбасы, балалары...»,  деген еді Президент ең алғашқы «Мерейлі отбасы» мерекесінің марапаттау салтанатында. Отбасының адам үшін ең ма­ңызды, ең жауапты құндылық екендігін дін Ислам да айтқан. Хадисте «Үш нәрсемен қалжыңдап ой­науға болмайды, олар: неке, талақ және ант» деген. Қандай жағдай болса да отба­сын сақтауға ерлі-зайыпты күш са­луы тиіс. «Мұсылман әйеліне кек сақ­тамасын. Оның бір мінезін ұнат­паса, бас­қа бір мінезін ұнатады» деген екен пайғамбарымыз. Сондықтан, бала-ша­ғасын мұңайтып, жүрегіне ауыр қайғы салып, «лапылдақ, көрсеқызар нәпсіге еріп» (Абай) қасиетті отбасының ойранын шығаратындарға түбінде Алладан сұрау болатынын ұмытпайық. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»