• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2010

ҚҰПИЯ САНАҚ

10708 рет
көрсетілді

болып есептелген 1939 жылғы Қазақстан халқы туралы мәліметтер не дейді? Халық санақтары мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, әсіресе демографиялық жағдайын анықтау, осы салалардағы жетістіктер мен кемшіліктерді білу, соның нәтижесінде болашақта жүргізілетін саясат пен нақты іс-шараларды жоспарлау үшін жүргізіледі. Қазақстан халқы өз тарихында осындай көптеген шараларға қатысып, соның куәгері болды. Солардың ең күрделілері 1897 жылғы Ресей империясы халқының жан-жақты санағы мен Кеңес өкіметі өткізген 1926, 1937 және 1939 жылдар­дағы Бүкілодақтық халық санақтары дер едік. Өкінішке қарай, 1937 және 1939 жылғы санақ мәліметтері жарияланбақ түгілі, көпке дейін құпия сақталып келді. Ал 1937 жылғы халық санағын жүргіз­гендердің көбі қуғынға ұшырап, басшы­лары “халық жауы” деген атқа ұшырап, сотталды, атылды. Себебі, бұл шара Кеңес өкіметі мен оның басшыларының күткен үмітін ақтамады. И.В.Сталин ХVІІ партия съезінде жасаған баяндамасында Кеңес Одағының халқы 1933 жылдың соңында 168 млн-ға жетті деп мәлімдесе, Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының болжамы бойынша Одақ халқы 1937 жылдың басында 180,7 млн. болуы керек еді. 1937 жылғы халық санағы Кеңес Одағында тек 162 млн адам бар екенін көрсетіп, бұл цифр билік басындағыларды әрі-сәрі күйге қалдырды. Ақыры олар санақ мәліметтері шикі, мұны “халық жаулары” әдейі бұрмалаған, дұрыс жүргізілмеген деп тапты да, бүкіл деректі құпия сақтауға нұсқау берілді. 1939 жылғы Бүкілодақтық халық сана­ғы 1937 жылғы осындай шараның қате­лерін түзетіп, “социализмнің ұлы табыс­тарын бүкіл әлемге жариялау үшін” жүргізілді. Дегенмен ол да Одақ халқы­ның жоспарлағандағыдан көп өспегенін көрсеткен соң, әсіресе ауыл шаруашы­лығын күштеп ұжымдастыру саясатының кесірінен болған 1932-1933 жылғы ашар­шы­лықтың салдарынан халықтың көп қырыл­ғаны анықталғаннан кейін, бұл істің де нәтижесі жариялан­бады. Мәлімет­тері күні кешеге дейін құпия қорларда сақталып келді. Аталмыш екі санақтың басты қоры­тын­дылары тек Одақ тарап, Кеңес өкіметі құлаған соң ғана, онда да оның қысқар­ған түрлері жарық көрді. Айта кету керек, бұл мәліметтерді жариялауға Ресей Ғы­лым академиясындағы Ресей тарихы институтында жұмыс істейтін академик Ю.А. Поляков пен тарих ғылымдарының докторы В.Б. Жиромская жетекшілік еткен бір топ ғалымдар көп еңбек сіңірді. КСРО кезіндегі жағдай жоғарыдағы­дай болғандықтан, Қазақстанда 1939 жыл­ғы халық санағы туралы мәлімет жоқтың қасы дерлік-тін. Тек республиканың Орта­лық мемлекеттік мұрағатында бірнеше іс қана бар екен. Бірақ олардан еліміз халқының сол кездегі демографиялық және әлеуметтік дамуы жөнінде толық ақпарат алу мүмкін емес-тін. Бір білгеніміз, 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық санақтардың Қазақстан жөніндегі мәліметтері Мәскеудегі Ресей Мемлекеттік экономика мұрағатында (Кеңес Одағы жоспарлау комиссиясы Орталық халықшаруашылық есеп басқармасының 1562-қорындағы, 329 және 336-тізімдерінде) көп жылдар бойы құпия сақталып келіпті. 2008 жылы Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қыз­мет­керлері біздер Ресей астанасына сапар шегіп барып, 1937 және 1939 жылдар­дағы Бү­кіл­одақтық халық санақтарының Қазақ­станға қатысты мәліметтерінің 2,5 мың беттен асатын көшірмесін алып келдік. Қазір осындағы басты-басты қорытын­ды­ларды Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей қолдауымен “Арыс” баспасы­нан бес том етіп жариялауға кірісіп жатырмыз. Төменде біз сол көп жылдар бойы құпия болған 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағының Қазақстан бойынша қорытындыларының аса қажеттілерін оқырмандар назарына жеткізгенді жөн көрдік. Қазақстан халқының саны. 1926-1932 жылдар арасында Қазақстан халқы бар болғаны 77,1 мың адамға, 1,3% ғана өсті (6 151 102 адам), яғни 12 жыл ішінде жыл сайын 0,1%-ға өсіп отырған. Тіпті мына 6 облыстың халқы төмендегідей азайып кеткен: Павлодар – 32,1%-ға, Қостанай – 23,1%, Ақмола – 14,4%, Батыс Қазақстан – 10,2%, Ақтөбе – 7,7%, Семей – 9,8%. Кейбір облыстар халқының аздап өскені де бар. Олар: Қарағанды – 11,8%, Оңтүстік Қазақстан – 22,2%, Шығыс Қазақстан – 18,8%, Солтүстік Қазақстан – 12,2% және т.б. Бұл Кеңес өкіметінің ауыл шаруашы­лығын күштеп ұжымдастыру мен қазақтарды отырықшылыққа орналастыру­дағы солақай саясатының салдарынан 1931-1933 жылдары болған жаппай ашаршылықтағы демографиялық апаттың қасіретті көрінісі еді. Қазақ АССР халықшаруашылық есеп басқармасы мәліметі бойынша, тек 1930-1933 жылдары республика халқы 3 479,5 мың адамға (5 873 мыңнан 2 493,5 мыңға), яғни 59,2%-ға азайып кеткен. Жоғарыда көрсетілгендей, ашаршылықтың ең көп құрбаны болған Батыс, Солтүстік және Шығыс аймақтардың қазақтары еді. 1926-1939 жылдар аралығында Кеңес Одағында тұрғындар саны 16%-ға артыпты. Сол тұста Армения халқы 45,5%-ға, Тәжікстан халқы 43,8%-ға, Әзірбайжан халқы 38,5%-ға, Өзбекстан халқы 37,4%-ға, Түркіменстан халқы 25,4%-ға, РКФСР халқы 17,1%-ға өскен. Қазақстаннан кейінгі халық санының өсімі төмен көрсеткішке Украина ие болыпты. Ол небәрі 6,6%-ға жеткен, яғни Одақ халқы жыл сайын 1,3%-ға өссе, Украина 0,55%-ға тең болған. Қазақстан халқының жасы мен жыныс құрамында да күрделі өзгерістер болды. Ерлердің әйелдер үлесінен басымдығы күшеюі, балалар мен 19-ға дейінгі жастар­дың және 50-ден асқандардың Одақ деңгейінен де, 1926 жылғы санақ көрсет­кішінен де төмендеуі, сонымен бірге, еңбекке ең қабілетті топтардың көрсеткіші жоғары болуы сияқты ерекшеліктер көрініс берді. Ерлердің үлесі 51,2%-дан 52,07%-ға дейін көтерілді, ал әйелдердің үлесі 48,8%-дан 47,9%-ға дейін төмендеді. Осы жылдар арасында ерлердің саны 93 мыңға жуық өссе, әйелдердің саны 16 мыңнан астамға азайды. Бұл 1931-1933 жылдарғы жаппай ашаршылықтың зардабы ғана емес-тін, сырттан келген көші-қонның, әсіресе оның ішінде орыс, украин және беларусь ұлттары өкілдерінің арасында ауыр еңбекке жарамды ерлердің басым болғаны да күшті әсер етті, яғни Қазақстанға келген мигрант­тардың арасында ерлер басым болды. Олар­дың үлесі орыстарда 52,4%, украиндарда – 52,3%, беларусьтарда тіпті 78,2%-ға жетті. Қазақ­тарда да бұл көрсеткіш 52,1%, басқа түркі ұлттары өкілдерінде де осы деңгейде еді: өзбек­терде – 52,2%, татарларда – 51,7%, ұйғырларда – 51,1%, әзірбай­жан­дарда – 68,2%, кәрістерде де (51,8%) ерлер басым еді. Тек немістерде – 49,0%, поляктарда – 47,9% болды. Қазақстан халқының жас ерекшеліктері де белгілі бола бастады. Республикада балалар мен 19 жасқа дейінгілердің үлесі 42,2%-ға теңелсе, бұл 1926 жылы 6,2%, ал 1939 жылы Одақ деңгейінен 2,7% төмен болды. Мұны да сол 1931-1933 жылдарғы жаппай ашаршылықтың салдары деп қарау керек. Себебі демографиялық апатқа ең алдымен әлеуметтік жағынан қорғансыз: балалар мен жастардың ұшырайтыны айтпасақ та белгілі ғой. Ел ішінде еңбекке жарамды жастағылар үлесі 1926 жылғы деңгейінен де, Одақ бойынша көрсеткіштен де жоғары екені байқалды. Мысалы, Қазақстанда 20-29 жастағы тұрғындар 20,7%, 30-39 жастағылар – 16,3%, 40-49 жастағылар 9,5%, бәрі – 46,5% болса, 1926 жылмен салыстырғанда 7,2% жоғары, ал Одақ деңгейінен 4,4% көп екен. Бұл жағдайды сырттан келген көші-қон тол­қынында ауыр еңбекке жарамды адам­дардың басым болғандығымен түсіндірген дұрыс. Бұған керісінше, 50-ден асқан ересек жастағы топтардағы тұрғындар үлесі (50-59 жастағылар – 6,0%, 60 және одан ересектер – 5,1%) 1926 жыл мен 1939 жылғы Одақ деңгейінен 1,4% төмен болғаны байқалады. Себебі, бұл жастағы топтардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар, негізінен қазақтар, яғни 1918 және 1921 жылдардағы ашаршылықтан, әсіресе 1931-1933 жылдардағы апаттан аман қалғандар еді. 1939 жылғы санақта Қазақстан халқы­ның территориялық орналасуында, яғни қалалық және селолық мекендерге шоғыр­лануында күрделі өзгерістер мен ерекшелік­тер болғаны байқалды. Ең алдымен республикада жеделдетілген индустрия бағытындағы іс-шаралар нәтижесінде және кеңшарлар мен мәшине-трактор станция­лары­ның құрылу екпініне байланысты қала мен ауыл тұрғындары арасындағы үлес салмағы елеулі өзгеріске түсті. 1926 жылдан 1939 жылға дейінгі аралықта қала тұрғын­­дарының саны 3 еседен артық өсіп, олардың үлес салмағы Қазақстан халқының 27,8%-ын құрады. Соған орай, ауыл тұрғындары­ның саны 20%-ға азайып, 72,2%-ға төмендеді. Қала тұрғындарының үлес салмағы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде әрқалай болды. Бұлар өңірдің темір жол желісімен қамтамасыз етілуі мен өнеркәсіп орындары­ның даму деңгейіне байланыстытұғын. Республиканың 14 облысының ішінде тек орталық өңірде – Қарағанды облысындағы тұрғындардың басым бөлігін, яғни 56,2%-ын қалалықтар құрады. Сол кезеңде Семей облысының 40,6%, Алматы облысының 37,1%, Гурьев облысының 34,8%, Жамбыл облысының 29,3%, Қызылорда облысының 28,8%, Ақтөбе облысының 26,2%, Оңтүстік Қазақстан облысының 25,2%, Шығыс Қазақстан облысының 25% тұрғындары қалалық жерде тұрды. 1926 жылы 50 мыңнан астам тұрғыны бар қала Семей ғана еді. Ал 1939 жылы мұндай тұрғыны бар қалалар қатарына Алматы, Қарағанды, Шымкент, Орал және Жамбыл қалалары қосылды. Бұлар сол кезде ірі өнеркәсіп орындары болуымен қатар, транспорт желілері өтетін әкімшілік орталықтары ретінде де танымал бола бастаған-ды. Қазақ КСР-нің 1929 жылдан бастап астанасына айналған Алматының тұрғындар саны 1926 жылмен салыстырғанда 1939 жылы 5 есе өсіп, 230,5 мың адамға жетті. Алматыдан кейінгі ірі қала, Кеңес Одағының Донбасс пен Кузбастан кейінгі ірі көмір базасы деңгейіндегі 165,8 мың тұрғыны бар Қарағанды қаласы болды. Түсті металл кәсіпорындарының дамуы арқасында 1937 жылы Солтүстік Қазақстанда 21,2 мың тұрғыны бар Степняк, 1939 жылы 15,3 мың адам тұратын Жітіқара, Орталық Қазақстандағы 32,5 мың адам қоныстанған Балқаш қалалары бой көтерді. Атақты Түркісібтің салынуына байланысты 1939 жылы Аягөз қала болды, онда 21,2 мың тұрғын бар еді. Өнер­кәсіптің өркендеуі мен темір жол құры­лысының қарқын алуына орай осындай қала тұрғындары саны арта түсіп, Семейде 109,6 мың, Петропавлда 91,6 мың, Шымкентте 74,4 мың, Оралда 67,5 мың, Жамбылда 63,7 мың, Қызылордада 46,7 мың, Гурьевте 41,8 мың адам тұратын болды. Дегенмен, қалалық­тардың саны арта түскенімен, халықтың көп бөлігін ауылды жерде тұрушылар құрады. Олардың үлесі республика бойынша басым болуымен қатар біраз облыстарда одан да жоғары еді. Мәселен, ауыл тұрғындарының үлес салмағы Солтүстік Қазақстан облысында 80%, Ақмола облысында 84,7%, Қостанай облысында 86,7% болды. Осы жағдай Қазақстанды индустриялан­дыру нәтижесінде халықтың қалаға бет­бұрысы күрт дамығанын көрсетеді, қала халқының бізде 1897 жылы 6%, 1926 жылы – 8,5%, ал 1939 жылы – 27,8% болғанын ескерсек, осы 1926-1939 жылдар аралығы Қазақстанда қала халқының күрт өсуінің бастамасы болғанын, екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі кезеңдерде бұл үдеріс өз жалғасын тауып, кең дамығанын байқаймыз. Қала халқы бізде 1959 жылы 44%-ға жетіп, ал 1970 жылы 50% болып, осы кезден бастап республика тұрғындары­ның жартысынан көбі қалалық мекендерде тұратын болды. Қазақстан халқының сауаттылығы мен білім деңгейінде түбірлі өзгерістер болғанын 1939 жылғы санақ анықтай түсті. 1926 жылы біздің ел Кеңес Одағындағы сауаттылық деңгейі бойынша 22,8%-ға ие болып, 11 республиканың ішінде жетінші орында еді. Нақтылап айтсақ, республикамыз Қырғыз­­стан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжік­станнан ғана алға озған-ды. Ал 1939 жылғы сауаттылық деңгейіміз 76,3%-ға жетіпті. Сөйтіп Одақ бойынша бесінші орынға көтеріліппіз. Жоғарыда көрсетілген Орта Азия республикаларынан басқа, Армения мен Әзірбайжанды да басып озыппыз. Тек Украина, Ресей, Грузия және Белоруссия­дан ғана кейін болыппыз. Осы 1926-1939 жылдар арасында қазақтардың сауаттылық деңгейі 9 еседен аса өсіп, 6,9%-дан 63,9-ға жетті, қазақ әйелдерінің сауаттылығы 55 еседен асып түсіп, 0,97%-дан 54,6%-ға көтерілді. Қазақстан халқының ұлттық құрамында 1926-1939 жылдары болған өзгерістер қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің ара салмағы арасында мүлде басқа бағыт қалыптасқанын көрсетеді. Мұның айқын көрінісі – қандастарымыздың өз Отанында, атамекенінде аз ұлтқа айналғаны. Осы кезеңде қазақтардың үлесі 20,7%-ға кеміп, 58,5%-дан 37,8%-ға дейін төмендеді. Бұл бағыт елімізді патшалық Ресей отарлаған кезден басталып, Кеңес өкіметінің кезінде өрлей түскен-ді, оның ең басты себебі – Қазақстанға сырттан, ең алдымен Ресей, Украина, Белоруссия және басқа аймақтар­дан келген көптеген көші-қонның әсері болатын. Бұған қосымша – қазақтардың табиғи өсімі ашаршылық пен репрессиядан өте төмен болды. Осы жағдайда басқа жақтан жіберіліп жатқан басқа ұлт өкілдерінің саны үнемі, үздіксіз өсіп отырды да 1939 жылғы халық санағы көрсеткендей, орыс пен украиндар Қазақстан халқының басым көпшілігіне айналып, ұлттық құрамда жаңа ара салмақ пайда болды. Енді қазақтар мен саны 30 мыңнан асқан басқа ұлт өкілдерінің аймақтық – облыстық жерлерге орналасуын қарас­тырайық. Қазақтар. 1897 жылғы санақ бойынша қандастарымыздың Ресейдегі саны 4 млн. 84 мыңға жетсе, оның 83%, яғни 3 392,7 мыңы Қазақстанның қазіргі территория­сында тұрған еді. Әлихан Бөкей­ханов­тың облыстық шолу­лар­ға сүйеніп алған мәліметтеріне қарағанда, Ресейдегі қазақтар­дың саны 1908 жылы 4 млн. 499 мың 664 адам, ал 1913 жылы (Жетісудағы қырғыз­дарды қоса есептегенде) 5 млн. 64 мың адам екен. 1939 жылғы Кеңес Одағындағы қазақтар­дың саны 3 млн. 1 жүз мың 949 адам ғана болып, 1926 жылмен салыстыр­ғанда 85,8% адамға, яғни 21,7%-ға азайып кетіпті. Оның ішінде Ресейде 356 646 адам (Алтай өлкесінде – 31 395, Новосібір облысында – 19 993, Омбы облысында – 51 891, Саратов облысында – 23 436, Сталинград облысында – 72 471, Челябі облысында – 28 731, Чкалов (Орынбор) облысында – 71 444, Еділ бойы немістері АССР-ында – 8 988), Түркіменстанда – 61 397, Өзбек­станда – 305 416, Тәжік­станда – 12 712, Қырғызстанда 23 925 адам тұрған. Осы жылы Қазақстанның өз территориясында Кеңес Одағындағы қазақтардың 75,0%-ы ғана тұрған екен. 1939 жылғы халық санағы қазақ халқы 1 миллион 300 мың адамға, яғни 35,8%-ға күрт азайғанын, бұрын 3 627,6 мың адамды құраған республикадағы қандастарымыздың саны төмендеп, 2 327,6 мың адамға дейін төмендегенін байқатады. Мұндай демо­графия­лық апат қазақтардың 1931-1933 жыл­­дардағы ашаршылықтың құрбанына айналуының, олардың шет жерлерге көшіп кетуінің және саяси қуғын-сүргіннің салдары тұғын. Байларды тап ретінде жою науқаны кезінде, толық емес мәліметтердің көр­се­туінше, 6765 адам республикадан тыс жер­лерге айдалып, қоныс аударылған. Бұған керісінше республикамызға өзге елдердегі кулактарды қуғындау науқаны барысында 180 мың адамды құрайтын 46091 отбасы көшірілген. Ауыл шаруашылығын күштеп ұжым­жас­тыру науқаны кезінде Қазақстанның бүкіл аумағында қарулы көтеріліске ұласқан халық толқулары бой көрсетті. 1929-1931 жылдар аралығындағы елімізде 80 мыңнан астам адам қатысқан 372 көтеріліс орын алды. Шаруалар баскөтеруіне ниеттес 5551 адам ОГПУ-дың шешімімен тұтқындалып, олардың 883-і ату жазасына кесілген. Көтерілістердің соңы қазақтардың шет елдерге көшіп кетуіне ұласты. 1930 жылдың бас кезінен 1931 жылдың ортасына дейінгі кезде Қытай, Иран және Ауғанстан ау­ма­ғына Қазақстаннан 281 230 шаруа қожа­лық­тары көшіп кетті. Ашаршылық жылдары шет елдерге көшушілердің саны 1 миллион 130 мыңға жуық болды. Олардың 454 мыңы кейіннен елге қайта оралса да, қалғаны жат жұртта қалған. Ал сол кезеңдегі опат болғандар ше? Бұл жөнінде әртүрлі дерек айтылуда. Біз солардың ішінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және 1920 жыл мен 1930 жылдардың басындағы халықтың жаппай қырылуын арнайы зерттеген комиссиясының тұжырымындағы цифрды алғанды жөн көрдік. Ол бойынша, ашаршылық пен соған байланысты індет ауруларынан, табиғи өлім деңгейінің жо­ғары­лығынан қазақтардан 2 млн. 200 шығын болып, өз құрамының 49% жоғалтқан. Енді қазақтардың аймақтық орналасу ерекшеліктеріне келейік. Ол көп жағдайда Ресейдің орталық аудандары мен Украинадан туындаған екпінді сыртқы көші-қонға байланысты өзгеріске ұшырады. Индустрияландыру барысындағы экономи­ка­лық дамудың екпіні сырттан жұмысшы күшінің ағылып келуіне қолайлы жағдай тудырды. Соның нәтижесінде Қазақстан тұрғындарының этностық құрамы да күрделі өзгеріске түсіп, жергілікті халықтың үлес салмағы азая бастады. Мұнымен қоса республикадағы тұрғындардың әлеу­мет­­тік, кәсіби құры­лымы, білім деңгейі секілді сапалық белгі­лері де өзгеріске түсті. Сол кездері орыс­­тар 2 458,6 мың адам (39,9%), ал украиндар 658,3 мың адам (10,7%) болып, рес­­публикадағы тұр­ғын­дар­дың жартысынан көбін құрады. Олар шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде едәуір басымдық танытты. Мәселен, Шығыс Қа­зақ­стан облы­сындағы тұрғын­дардың 73,8%-ын (68,7%-ы орыстар, 5,1% украин­дар), Ақмола облысындағы­лардың 63,2%-ын (45,4 %-ы орыстар, 17,8% украиндар), Солтүстік Қазақстан облысындағы­лардың 64,8%-ын (51,2%-ы орыстар, 28,3%-ы украиндар), Қарағанды облысын­дағылардың 55%-ы (45,4%-ы орыстар, 9,6%-ы украиндар) солар еді. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде бұдан едәуір төмен болды. Тек Алматы облысын­­дағы тұрғын­дардың 57,4%-ын, яғни 50,4%-ын орыстар, 7%-ын украиндар құрады. Олар Жамбыл облысын­дағы тұрғын­дардың 40%-ын (30,3%-ы орыстар, 9,7%-ы украиндар), Қызылорда облысын­дағы­лардың 28,7%-ын (20,6%-ы орыстар, 3,1%-ы украиндар), Оңтүстік Қазақстан облысындағы­лардың 42%-ын (35%-ы орыстар, 7%-ы украиндар), Батыс Қазақстан облысындағылардың 42%-ын (35%-ы орыстар, 7%-ы украиндар), Ақтөбе облысындағылардың 44,3%-ын (24,2%-ы орыстар, 20,1%-ы украиндар), Гурьев облысындағылар­дың 26,2%-ын (24,4%-ы орыстар, 2,2%-ы украиндар) құрады. Өзбектер 120,6 мың адам болып, республика тұрғындарының 9,9%-ы дәрежесінде оңтүстік өңірде тұрды. Олардың 100,7 мыңы (83,5%) Оңтүстік Қазақстан облысында, 3 мыңы Алматы облысында, 1,4 мыңы Қызылорда облысында, 1 мыңнан астамы Ақмола облысында қоныстанды. Татарлардың жалпы саны 108,1 мың адам болып, республика халқының 1,7%-ын құрады. Олар республика облыстарының бәрінде орналасқан еді. Солардың ішінде, 13,4 мыңы (12,4%-ы) Алматы, 13,5 мыңы (12,4%-ы) Оңтүстік Қазақстан, 13,9 мыңы (12,5%-ы) Солтүстік Қазақстан, 11,7 мыңы (10,8%-ы) Семей, 9,9 мыңы (9,2%-ы) Батыс Қазақстан облыс­тарын­да қоныстанды. Атал­ған облыстарда респуб­ликадағы таатр­лардың 57,3%-ы тұр­ды. Қал­ған­дары 3-5 мың шамасында елі­міздің барлық жерінде болды. Республикадағы кәрістер 96,4 мың адамды құрап, ел тұрғындары арасын­дағы үлес салмағы 1,5% болды. Олардың жартысынан көбі үш облыста: Қызылордада 35,3 мыңы (36,6%-ы), Қарағандыда 7,5 мыңы (7,8%-ы), Оңтүстік Қазақстанда 6 мыңы (6,3%-ы), Солтүстік Қазақстанда 4,7 мыңы (4,9%-ы), Қостанайда 4,4 мыңы (4,6%-ы), Гурьевте 4,3 мыңы (4,4%-ы), Жамбылда 4 мыңы (4,2%-ы), Ақмолада 3,7 мыңы (3,9%-ы), Батыс Қазақстанда 2,5 мыңы (2,6%-ы) қоныстанды. Еліміздің өзге облыстарында кәрістер 200-ден 400-ге дейінгі адамды құрады. Немістердің саны 96,4 мың адамға жетті. Олардың республика тұрғындары арасын­дағы үлес салмағы 1,5% болды. Бұл ұлт өкілдерінің 68,8%-ы солтүстік және орталық өңірлерде қоныстанды. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысында 22,9 мың (24,8%), Ақмола облысында 10,1 мың (10,9%), Қостанай облысында 9,7 (10,6%), Павлодар облысында 6,5 мың (7%), Қарағанды облысында 14,9 мың (16%) неміс тұрды. Оңтүстік пен шығыста олар көп емес еді. Алматы облысында 7 мың (7,6%), Оңтүс­тік Қазақстан облысында 6 мың (6,6%), Жамбыл облысында 6,1 мың (6,1%), Семей облысында 4 мың (4,4%), Шығыс Қазақстан облысында 4 мың (4,4%) болды. Поляктар 54,8 мың адам санын құрап, ел тұрғындары арасындағы үлес салмағы 0,9 % болды. Олар негізінде солтүстік аймақта орналасқан еді. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысында 29,1 мың (53,2%), Ақмола облысында 12 мың (21,9%) адам-тын. Оңтүстікте аз болды: Алматы облысында 3,6 мың (6,7%), Оңтүстік Қазақстан облысында 1,6 мың (3%) поляк тұрғындары қоныстанды. Орталық өңірде олардың саны 1 мыңға жуық болса, өзге өңірлердегі саны 100-ден 400-ге дейін жететін. Ұйғырлардың саны 31,6 мың адам болды. Ел тұрғындар арасындағы үлес салмағы 0,6%-ды құрады. Олар негізінен Алматы облысында қоныстанды. Мұнда 33,7 мың ( республикадағы 95,2%) ұйғыр халқының өкілдері тұрды. Өзге облыстарда олардың саны 50-ден 380-ге дейінгі шамада еді. Белорустар 31,6 мың адамды құрап, ел тұрғындар арасындағы үлес салмағы 0,5% болды. Олар Қазақстанның барлық облыстарында болғанымен, жартысынан көбі бес облысты: Алматыда (4,4 мыңы), Қарағандыда (4,2 мыңы), Солтүстік Қазақстанда (3,1 мыңы) және Оңтүстік Қазақстанда (3,1 мыңы) қоныстанды. 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы Қазақстан халқының ұлттық құрамы күрделене түскенін аңғартады. Сол кезде еліміздегі 50-ден астам ұлттар­дың өкілдері есепке алынды. Жоғарыда аталғандардан бөлек саны 10 мыңнан асатын ұлт өкілдері қатарында мордовалар (25,3 мың), еврейлер (19,2 мың), әзірбайжандар (12,9 мың), тәжіктер (11,2 мың) болды. Саны 5 мыңнан асатындар­дың қатарында армяндар (7777 адам), дүнгендер (7416 адам), чуваштар (6590 адам), грузиндер (5186 адам), қытайлар (5116 адам), қырғыздар (5053 адам) бар еді. Қазақстан халқының көп ұлтты құрамы бұдан кейінгі кезеңдерде де, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс тұсын­да және одан кейін көбейіп, күрделене түсті. Бүкілодақтық 1939 жылғы халық санағы бойынша республикадағы тұрғындар табыс табу көзі бойынша былайша жіктелді: жұмыспен қамта­масыз етілгендер – 39,5%, қосалқы шаруашы­лы­ғымен айналысатын отбасы мүшелері – 6,5% және жекелеген адамдар қамқор­лығындағылар – 45,8%. Жұмысы барлар ауылды жерлерге қарағанда (38,8%), қалаларда (42,8%) басымырақ болды. Қамқорлыққа алынған тұрғындар саны да ауылды жерлерге қарағанда қалаларда (44,5%) көбірек еді. Қосалқы шараушы­лықпен шұғылдану­шылар қаладан (3,5%) гөрі ауылдарда (7,4%) басымдау болды. Жұмыспен қамтамасыз етілгендердің 11,3%-ы өнеркәсіп орындарында, 54,8%-ы ауыл шаруашылығында, 5,5%-ы көлік пен байланыс саласында, 3,7%-ы құрылыста, 0,7%-ы орман шаруашылы­ғында, 14%-ы сауда мен қоғамық тамақтандыру орындарында, 4,4%-ы халық ағарту, ғылым, өнер және баспа саласында, 3,8%-ы мемлекеттік, партия­лық және қоғамдық мекемелерде, 1,9%-ы денсаулық сақтау саласында, 0,8%-ы тұрғын үй коммунал­дық шаруашылы­ғында еңбек етті. Жұмыс істеушілер қатарында ер- азаматтар 66,2%, әйелдер 33,8% болды. Денсаулық сақтау саласындағылардың 70,7%-ы әйел азаматтардан тұрды. Халық ағарту саласындағылардың 44,2%-ын, ауыл шаруашылығындағылардың 42,8%-ын әйелдер құрады. Материалдық өндіріс саласындағы әйелдердің үлес салмағы төмен деңгейде (орман шаруашылығында – 11%, өнеркәсіпте 20,3%) болды. Әйелдер транспорт саласындағылардың 17%-ын, құрылыс саласындағылардың 13,4%-ын, сауда мен қоғамдық тамақтандыру орындағылардың 29,9%-ын, мемлекеттік, партиялық мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда еңбек етушілердің 23,7%-ын құрады. Қазақстанның әлеуметтік құрылы­мындағы осындай өзгерістер қоғамдағы атышулы “біркелкілікке” бастады. Оның негізінде жұмысшылар мен колхозшылар таптары және интеллигенция тобы болды, олардың саны көбейіп, үлесі өсіп, өзіндік ерекшеліктері дами түсті. Бүкілодақтық екі: 1926 және 1939 жылғы халық санақтары аралығындағы уақыт Қазақстан үшін қайшылыққа толы ауыр кезең болғандығын, кейіннен оның алдағы уақыттағы әлеуметтік-демо­графиялық ахуалға өзіндік әсерін тигіз­генін байқатады. ­Екі санақ аралығында индустрия­ландыру нәтижесінде жаңа қалалар бой көтеріп, ескі қалалар онан ары дами түсті. 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалар қатарына Алматы, Қарағанды және Семей қосылды. Ауыл шаруашылығын ұжымдас­тыруға байланысты қазақ халқы отырық­шылыққа көшіп, урбанизациялық үрдіске тартылып, ұлттық жұмысшы кадрлары мен интеллигенция қалыптасты. Сауат­сыз­дық жойылып, халықтың білім деңгейі өсті. Қазақтар арасында орта және жоғары білім алушылар саны едәуір көбейді. Сонымен бірге 1939 жылғы санақ Қазақстан халқы, әсіресе қазақтар үшін көп­те­ген этнодемографиялық және әлеу­мет­тік келеңсіз жағдайлардың қалыптас­қанын анықтап берді. Қазақтар өз Отанын­да азшылыққа айналды, саны да, үлесі де төмендеп кетті. Келімсектер, оның ішінде орыс және украин ұлттары өкілдері көпшілікке айналды. Қандас­тары­мыздың сауаттылығы мен білім деңгейі республи­ка­дағы көп ұлт өкілдерінен әлі де төмен еді. Қалалық мекендерде, өнер­кәсіп, құры­лыс пен транспортта қазақ кадрларының саны аз, үлесі төмен болды. Жергілікті ұлт негізінен аграрлық этнос болып қала берді. Қала мен селоның айырмашылығы күшті кезінде қазақтар әлеуметтік және тұрмыс­тық мәселелерде шет қалып отырды. Бұл келеңсіз жағдай­лар­дың көбі, әсіресе қандастарымыздың өз елінде азшылыққа айналуы, көпке дейін, тіпті Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке жеткенге дейін сақталды. Ал олардың кейбіреулері, мыса­лы, қазақ­тардың табиғи өсімінің ойдағы­дай көтерілмеуі, білім деңгейінің көптеген ұлт өкілдеріне қарағанда әлі де төмендігі, қала тұрғындары арасында басым еместігі осы уақытта да байқалуда. Бұл мәселелер егемен еліміздің әлеу­меттік және демо­графиялық саясатын ғылыми саралап, оны заман талабына сай іске асыру үшін аса зор көңіл бөлуді талап етеді. Мәлікайдар АСЫЛБЕК, академик, Жәмила АСЫЛБЕКОВА, тарих ғылымдарының докторы. Алматы.