Орал қаласында «Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау кіші кластерін дамыту» тақырыбында форум болып өтті. Форум аясында облыстың әлеуетін көрсететін отандық өндірушілер көрмесі ұйымдастырылып, оған мұнай-газ саласы үшін машина жасау кіші кластеріне қатысушылар, облыстың мұнай-газ, машина жасау салаларында қызмет ететін ірі және орта кәсіпорындар, өңірдегі университеттер мен колледждер өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізді.
Орал қаласында «Машзавод» машина жасау зауыттарының консорциумы 2013 жылы құрылған болатын. Мақсаты Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (КПО б.в.), ТеңізШевройл (ТШО), Норд Каспий Оперейтинг, АтырауХимМаш компаниялары мен олардың мердігер ұйымдары – Сенімді Құрылыс, Шлюмбердже, Сайпем және Қазақстан мен Ресейдің басқа да мұнай-газ компанияларымен тендер рәсіміне қатысу бойынша жұмыстарды шоғырландыруға бағытталған. Консорциум құрамына «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «Гидроприбор ҒЗИ» АҚ, «Орал механикалық зауыты» ЖШС, «Қазармапром» ЖШС, «Орал Вент» ЖШС, «Промэкспертиза-KZ» ЖШС, «АксайСпецМонтаж» ЖШС, «Ақсай Индустриялық паркі», «Зениттехсервис» ЖШС, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Эко-Жерұйық» ЖШС, «УральскСтройИнвест» ЖШС секілді белгілі кәсіпорындар кіреді. Сондай-ақ, ынтымақтастық келісімшарт бойынша консорциум құрамында Ресей Федерациясының «Волгограднефтемаш» ААҚ, ИТ-Сервис ЖШҰ Орынбор қаласындағы «РТО-Завод» кәсіпорындары бар. Олар жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырыстары бойынша күрделі бұйымдар дайындайдауға белсенді ат салысып жүр.
Көрме алаңында нақты келісімшарттар да болып жатты. Батыс Қазақстан индустриялық колледжі студенттерінің қолынан шыққан кейбір бөлшектерді көріп, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Рамазан Нұрлиев колледж шеберханасының мүмкіндігін, ондағы станоктар мен мамандардың қабілет деңгейіне қызығушылық білдірді. Сол арада телефон алмасып, болашақ әріптестіктің бір кірпіші қаланғандай болды. Форум мен көрме жұмысының мақсаты да осы болса керек.
– Бізге трансформаторларды бекіту үшін әртүрлі өлшемдегі мынадай бұрандалы «өкшелер», детальдар жиі керек болады. Егер өнім сапасы ойдағыдай болса, тапсырыс беруге әзірміз, − дейді Р.Нұрлиев.
Колледждің оқу-өндіріс шебері Ағайша Хамзинаның айтуынша, шәкірттердің шеберлігі де, шеберхана мүмкіндігі де жоғары көрінеді. Жыл сайын Батыс Қазақстан индустриялық колледжінен 40 шақты студент токарь мамандығын алып шықса, олардың бірде − бірі жұмыссыз қалмайды екен. Форумға Батыс Қазақстан өңірі ғана емес, елімізге аты белгілі ірі зауыттар мен кәсіпорындар да қатысып, көрмеге өз өнімдерін орналастырған.
«Казармапром» ЖШС – Батыс Қазақстан облысында ғана емес, еліміздегі ежелгі кәсіорынның бірі. Зауыттың 94 жыл тарихы бар. Кәсіпорын – Қазақстанда сұр шойыннан жасалатын ілмекті арматуралардың жетекші өндірушісі. Негізгі қызмет түрі – 50-200 мм диаметрмен сыналы ысырмалар өндірісі. Кәсіпорынның тағы бір танымал өнімі – қоспалы шойыннан жасалған ұнтақ шарлар. Бұл ұнтақ шарлар сынақтан сәтті өтіп, қазіргі таңда «Михайловский ГОК» АҚ-қа ірі көлемде жеткізілуде. Зауыттың негізі шойын құю, механика жинау, болат құю цехтарынан тұрады.
«Орал құю-механикалық зауыты» ӨК кәсіпорны 1942 жылы Усмань қаласындағы құю зауытының негізінде құрылған. Зауыттың өндірістік қызметі коммуникациялар және көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай газ саласына жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығаруға бағытталған. Зауыттың құю, пісіру-жинақтау, жөндеу-механикалық, термиялық, жөндеу-құрылыстық, қара және түсті металдардың қалдықтарын және сынықтарды сақтау, қайта өңдеу цехтары бар. Шойыннан, болаттан және түсті металдардан құйылатын түрлі бұйымдар өндіре алады.
«Орал механикалық зауыты» ЖШС тракторлар мен автомобиль техникасына иінді білік өндірумен аты шыққан кәсіпорын. Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс жасайтын МТЗ-80…82, МТЗ-90…92, МТЗ-100…102 «Беларусь» тракторларының түрлі модификацияларына, ЗИЛ-130, ЗИЛ-5301, ГАЗ-3308, ГАЗ-3309, ГАЗ-33104 автомобильдеріне және ПАЗ-3205, ЛАЗ-695, ПАЗ-4230, ПАЗ-4234 автобустарына иінді білік өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Механикалық зауытта шығарылатын иінді біліктің 80%-дан астамы Ресей, Беларусь және басқа шетелдерге экспортқа тасымалданады.
Форумның негізгі бөлігі машина жасаушылар мен мұнай-газ өндіруші компаниялардың өзара пікір алмасқан жүйелі әңгімесіне арналды. Сөйлеушілер өз саласында кездесетін түрлі түйінді мәселелер мен оларды шешу жолына тоқталды. Негізгі мақсат – әріптестікті нығайту, Қазақстанда мұнай-газ өндіруші алпауыт компаниялар жұмысында қазақстандық мазмұнды байыту, жергілікті компаниялар мен зауыт өнімдерін барынша пайдалану болды. Өз кезегінде мұнай-газ компаниялары өкілдері отандық зауыттардың инновация мен заманауи жаңалықтарды еркін игеріп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға шақырды.
Форум жұмысына республикалық, халықаралық ұйымдар мен Атырау облысындағы мұнай-газ компаниялары өкілдері де арнайы келіп қатысты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың Мұнай сервисін дамыту бойынша департаментінің директоры Абат Нұрсейітов Елбасы тапсырмасына сәйкес индустриялық-инновациялық дамуды қолдап, форум жұмысын барынша пайдалы етуге шақырды. Ал «Advantage Kazakhstan» ЖШС бас директоры Дмитрий Родин әлемдік транс-ұлттық компанияларды Қазақстанға әкелу, әріптестікке тарту жолдарын баяндады. Ресей Федерациясы Самара облысының Кластерлік-инжиниринг орталығының жетекшісі Сергей Корнилов әріптестік байланыстарды дамытуды ұсынса, «Топан» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайса Жұмалиев кәсіпорынның соңғы жетістіктері, Атырау, Ақтау, Астана, Алматы қалаларында және Абу-Дабиде филиалы ашылғаны туралы айтып берді.
Форум барысында «Теңізшевройл» ЖШС және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» компаниясының өкілдері де мінбеге шығып, жергілікті кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің шарттары туралы түсінік берді. Бұл жерде ең басты талап – ұсынылатын өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екендігі айтылды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Орал Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ