• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 07 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО – жаңғырудың қозғаушы күші

2863 рет
көрсетілді

Ұлы табыстарымызды жалғастырып, дамытып, соны халықтың бойына сіңіру мақсатында Елбасы Қазақ елінің мәңгілік болуына орайластырып, оның қол жеткен табыстарын әрі қарай өркендету үшін алға мынадай міндеттер қойды:

1) Рухани жаңғыру; 2) Туған жер; 3) Сана; 4) Прагматизм; 5) Нұрлы жол.

Сөйтіп, Елбасы болашаққа бағдар ре­тін­де «Рухани жаңғыру» идеясын ортаға сал­­ды. Ұлт рухының арқауы неде? Кейінгі жас­­тар оны жеткілікті түсінбеді, рухани жаң­ғыру жолы жайлы ақпараттық жүйе жет­кілікті деңгейде мәселе көтере алған жоқ еді. 

Рас, туған жердің мерейі, әдет-ғұрып пен дәстүр ақпарат көздерінде жиі кө­те­рі­леді. Бірақ жаңғыру деген не? Ел­ба­сы осы мәселені жалпы теориялық тұр­ғы­дан кө­теріп, оның практикалық іске асуы­на жол нұсқады. 

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Елбасы биылғы Жолдауында елімізде үшін­ші жаңғыру басталғанын жариялады. Сөйтіп, біз қайта түлеудегі айрықша ма­ңызды екі үдерісті – саяси реформа мен эко­номикалық жаңғыруды қолға алдық. Мақ­сатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Әлем­­дегі ең дамыған 30 мемлекеттің қа­та­ры­­на қосылу аталған жаңғыру процесінің нақты мақсаты мен міндеті болатын. Саяси және экономикалық жаңғыруды дамытып қана қоймай, оны қоғамдық өзгерістердің өзегіне айналдыру қажет болды. Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес. Тәуелсіздік кезеңінде бірнеше ба­ғыт­­та тарихи, мәдени нысандарды жаң­ғыр­­ттық, тарихтың жаңа беттерін аштық, көп­­т­еген ұмыт қалған, халықтың жады­нан өшірілген мәдени мұралар, архивтер мен құжаттардан іздеп алынды, зер­деленді. Еліміздің жауапкершілігі жо­ғары біртұтас ұлт болуға ұмтылысы, бо­ла­шаққа қалай қадам басатынымыз, са­наны қалай өзгертетініміз жайында көп ойлар туындады. Соларды зерттеп, ха­лыққа керек сөзді Елбасы айта білді. Бү­кіләлемдік деңгейде Қазақстан көз алдымызда өзгеріп жатқанын түсінсек те, сана-сезімімізге әбден сіңіп қалған қасаң қағидалардан арылмасақ, озық өркениетті елдердің қарқынына ілесе алмасымыз тү­сінікті болды. Қазақ тарихының те­рең­де жатқан тамырын аршып, 300 жыл бойы бодандықта болғанымыздың сыр-си­паты халыққа дәйекті түсіндірілді. Әр халықтың өзіндік ерекшеліктері, артықшылығы мен кемшілігі бола тұра, сонымен бірге сол ерекшеліктерін сақтаған ұлттық рухани коды болуы керектігі айтыл­ды. Осы орайда Қазақстанды жаң­ғыртудың бірнеше бағыттары аталды: Ұлттық бірлікті сақтау, білімді же­тіл­діру, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Осы айтылған стра­тегиялық бағдарламалар көпшіліктің тал­қысына түсіп, оның әрқайсысына тән ерекшеліктерді халық біліп те, талдап та жатыр. Қазақстанның түбегейлі жаңғыруы қоғамдағы жаңа идеялардың бо­лашағын баян­ды етудің теңдессіз тар­ихи мүм­кін­дігі деуге болады. Бұл бағ­дар­ла­малар ар­қылы қазақстандықтар, әсі­ресе жас ұр­пақ жаңғыру жөніндегі ұсы­ныс­тардың маңызын терең түсінетіні дау­сыз.

25 жыл ішінде нарықтық экономикаға кір­дік, халықтың тұрмыс деңгейін көте­рдік, дамыған 50 мемлекеттің қата­рына қо­сылдық. Бұл жеңістердің барлығы – осы уақытқа дейін қабылданған стра­те­гиялардың нәтижесі. Әлемдік деңгейде бұ­рын-соңды көтерілмеген бағдарламалар жа­салды. Азғантай уақыттың ішінде елдің эко­номикасын жақсарту үшін Елбасы бір­неше стратегиялық жобалар жасады. Ол жобалар әлемдік маңыз алып, Батыс елдерімен сауда жүрді, яғни Қазақстан ДСҰ-ға мүше болды, Жібек жолын жаң­ғыр­тып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ба­ғытында жаңа дәліз тартылды. 

Бұрын ұзақ жылдар отар болған, тәуелсіздігіне небәрі ширек ғасыр толған елді бүгін әлем мойындауының құпиясы қазақ сияқты дарынды халықтың ішінен шыққан, тарихын жақсы білетін, сол елдің ішінде қалыптасқан тұлғаның ел басқарудағы артықшылығында екені аян. Жас мемлекетті, жаңа жүйені, жаңа қо­ғамды қалыптастыру, өз ұлтының арма­нын жүзеге асыру, экономиканың ілге­рі­леуі заңды жолмен өтті. Кезек пен кезек, бірі­нен кейін бірін, халқына стратегиялық тұ­жырыммен дәлелдей отырып жүргізді. Соның бір мысалы ретінде 2012 жылғы 22 мамырда шетел инвесторларының пленарлық отырысында «Жаңа Жібек жолы» жобасын ұсынғанын еске алуға болады. Қазақстан өзінің тарихи рөлін қайта көтеріп, Орталық Азия аймағындағы ірі іскерлік және транзиттік жол салуға мұрындық болды. Бұл жол Еуропа-Азия арасындағы көпір болуға тиіс-тін. Біріншісі – географиялық орналасуының ти­імділігі, екінші – жүк ағынының артуы, үшіншісі – кеден одағы елдерінің нарықтарына тікелей жетуі, төртінші – артықшылығы – 5 принциптен тұратын жыл­дамдық, сервис, баға, сақталу және тұ­рақтылықты жүзеге асыруы. Осындай аумақтық және функциялық өзара бай­ла­­ныстың синергетикалық нәтиже бе­ретіндігі айғақталып айтылды. 

Қазақстанға мемлекеттік сапармен кел­ген Қытай Халық Республикасының тө­рағасы Си Цзиньпин Елбасы идеясының құн­дылығын атап өтті. Бұл аймақта 3 млрд-тан артық адам тұра алатындығын, жер­гі­лікті аймақтағы нарық ауқымы мен әлеу­еті жөнінен ғажап өсетінін сарала­ды. Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан арасында Жібек жолы экономикалық дәлізін құрудың қажеттілігін көрсетті. Қазақстан жақын және алыс жерлердегі на­рық­қа қол жеткізу арқылы Еуразия кеңіс­ті­гіндегі геостратегиялық орнын ал­мақ. Бұл көліктік-логистикалық жүйенің да­муы­нан көрінеді. Қазақстанның көне ке­ру­ен жолдарының маршрутын жаңарту ту­ралы шешім Елбасының экономиканы да­мытудағы өте бір оңтайлы қадамы болып табылады. Бұл ретте барлық керу­ен жолдарының маршруттары қарас­ты­рыл­ған. 

«Жаңа Жібек жолы» бойынша негізгі жүк ағыны Шығыстан Батысқа қарай бет түзейді. Бүгінгі таңда жүкті Еуропаға те­ңізбен емес, темір жол арқылы жеткізу ор­та есеппен 2-3 есе жылдам екені есеп­те­ліп, анықталып отыр. 

Еуразиялық алыс-беріс аламанына Қазақстан үш транзиттік бағыт бойынша қатысады: оның біріншісі – Еуропа – Ресей – Қытай; екіншісі – Еуропа – Қытай (Экономикалық Ынтымақтастық ұйымы мем­лекеттері арқылы: Ауғанстан, Әзер­бай­жан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкіс­тан, Тәжікстан, Түркия, Түрік­мен­стан, Өз­бекстан); үшіншісі – Ресей – Орталық Азия. 

Елбасы азғантай уақыттың ішінде қаншама теориялық стратегиялық жобаларды бірінен кейін бірін жалғастырып, дамытуға күш салуда. Осы орайда Қазақстанның экономикасын әрі қарай жаңғырту үшін ЭКСПО-да туған ойлар мен жаңа идеялар дүниеге келді. 

Елбасының елінің болашағын алыстан ойлайтынын, экономикалық дамудың түрлі, қиын жолдарын кешіп өтуге тәуекелі барын, әлемдік деңгейде үлкен басшылармен тең түсетінін, айтқанын орындата алатынын қазір жер-жаһан біліп отыр. ХХІ ғасырды жаңа қала салудан бастауы халқын риза етті және ол барлық жаңалықтарға жол салды. Күні бүгінге дейін көшпенді қазақта болмаған электр қуатын жинақтауға ұмтылуы, әлемде жер қойнауындағы байлықтардың келешекте таусылатынына байланысты туындаған үлкен энергия көзін табу туралы армандары ЭКСПО-ны жеңіп алуға жетеледі.

Экспо көрме ауданы Астана қаласы маңындағы 175 га жерді алып жатыр. Көрменің сәулеттік символы – «Нұр Әлем» ор­талық нысаны. Нысанның диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр. Сфералық ғимарат­тың жоғарғы жағында 2 жел генераторы орналастырылған.

 Көрмеге қатысушылар – әлемнің 115 мемлекеті және 21 халықаралық ұйым. Көрмеге 5 млн турист қатысатыны алдын ала болжанып есептелді. Көрмеге қатысушылардың 85%-ы қазақстандықтар, ал қалған 15%-ы шетел азаматтары болады деп межеленген.

ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар дәуі­рі. Біздің қоғам қысқа мерзім ішін­де әлемдік деңгейде дамыған елдер­дің қа­тарына жетті. Дамыған елдердің ара­сын­да үлкен алшақтықтар пайда болды. Біз­дің мемлекетіміз толып жат­қан қиын­шы­лықтарды жеңе отырып, эко­номиканың барлық салаларын нарық­тық дамудың жолдарынан өткізді. Сөйтіп, нарықты нақты игерген елге айналдық.

Жас мемлекеттің дамуы, қалыптасуы, бүкіл шаруашылықтың қайта құрылуы оп-оңай өткен жол емес. Бұрын тарихи қалыптаспаған экономикасының дамуын ізгілендіру үшін Елбасы азғантай уақыттың ішінде бірнеше стратегиялық жобаларды іске қосып, соның орындалуын қадағалай отырып, біртіндеп дамыған елдердің көшіне ілесті.

Өндіріс пен шаруашылықтың барлық саласында мамандар жетіспей, сырттан әкелуге мәжбүр болған елде ішкі мамандарды даярлау қолға алынды. Экономиканы көтеру арқылы елдің әл-ауқатын көтеруге, оны жетілдіруге Елбасы барлық күш-жігерін жұмсады.

Бұрын біздің экономикамыз басқа елдердің дамуына тәуелді болса, енді өз экономикамызды дербес түрде дамытып, жұмыс жасау міндеті қойылды. Елбасы сыртқы елдерге барғанда сол жақтың экономикалық дамуының әдіс-тәсілдерін үйрене білді. Сырттан инвесторлар тартты. Мемлекетіміздің қысқа мерзімде дамуының негізгі ерекшелігі сыртқы дамыған елдердің ерекшелігін көре отырып, оны өзімізде пайдаланудың негізгі көздерін тап басып таба білуде. Біздегі байлықтардың көбісі шетелік инвесторлардың иелігінде болса, енді соларды кейін қайтару табысты іске асуда.  Аз ғана мерзім ішінде экономиканың негізгі салаларын дамыту бізге оңайға түскен жоқ. Әлемдік деңгейде дамыған мемлекеттер қатарына жеткізу мақсатында барлық салалардың құрылымын қайта құрып, оларды жетілдіру үшін озық технологияларды өзімізде пайдалану ең бірінші нысаналы мақсат етіп қойылды. Соның бір айғағы – қазақ халқына онша танымал емес бүкіл шаруашылықтың көрмесін ашудың қиындығына мойымай, ЭКСПО-ны елімізде өткізу.

ХКБ ЭКСПО халықаралық бюросы бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 103 мүшемемлекет Астананы қолдап дауыс берсе, бәсекелесіміз бель­гия­лық Льеж қаласы 44 дауыс жинаған. Біз­дің жеңісіміз болашақтың қуаты сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шық­ты. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 тақырыбы өзектілігін танытты. Қазақстанның атынан барған ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған «FUTURE ENERGU», яғни «Болашақ қуатты ел» тақырыбы сарапшылардың көкейіне дөп қонып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты брендіне айналды. «Болашақтың энергиясы» жобасының өміршең өзектілігі энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығында болып табылады. Әлем­дік деңгейде дамыған елдер эконо­миканы дамытудың негізгі көзі болып табылатын энергия қорларын пайд­ала­нудың, оны дамытудың жолдарын ғы­лыми тұрғыдағы жаңа технологияларын ер­теден-ақ қолдана бастаған.

ЭКСПО-ны өзімізде өткізу, оны жеңіп алу біздің экономика салаларының дамуына зор ықпал жасайтынын Елбасы ертеден-ақ аңғарып білген.  І. Электр қорын жинау мен оны пайдалануда біздің елдің оншалық тәжірибе-сауаты жоқтығын түсіне отырып, ЭКСПО-ны өткізу барысында бұрыннан дамыған елдердегі ғылыми жетістіктерді пайдалануды ойлаған.

ІІ. Қазақстанға келген ЭКСПО дамыған елдердің теориялық жаңалықтарын біз­дің жастарға үйретіп, соны пайдалану жол­дарының көзін ашқан. ІІІ. ЭКСПО жай көрме емес, бұл бүкіл әлемдегі энергия қорын пайдалана білудің теориялық тәжірибесін көрсету (табиғи қорлардың азаюына байланысты экономикасын дамыту үшін көптеген дамыған елдер қосалқы энергия қорын дамытып, оны пайдаланудың жолдарын анықтаған). ІV. Қазақ халқы көшпелі ел болған­дық­тан, ғылыми тұрғыдан электр энергиясы қуатын пайдаланудың жолдарын білмеген. Оны шаруашылық салаларын дамыту үшін қолдану орайында тәжірибесі болмаған.

V. ЭКСПО-дағы ғылыми жетістіктерді жай ғана көрме деңгейінде қалдырмай, тия­нақты түрде талдап, оны үйрену керек­ті­гін ұқтырып, жаңа технологияларды өн­діріс орындарында пайдалану жолдарын көр­сете білген.

VІ. ЭКСПО-ға 160 елден сол көрмені түсіндіретін, көрсететін ғалымдармен бірге басшылары да келді. Елбасы олардың мей­мандостықпен қабылдануын бар­лық жағынан қамтамасыз етті. Делег­а­ция­лар басшыларымен кездесе оты­рып, әлемдік деңгейдегі «Болашақтың энер­гиясы» мән-мазмұнын кеңінен тү­сін­діріп, олардың ғылыми тәжірибесін пай­даланды.

VІІ. Ғылымның барлық саласынан өкілдер келді. «Жасыл экономика» тақы­ры­бы мемлекеттік бағдарламаға енген, бірақ соның өзінде де біздің зиялы қауымның осыған әлі де болса жете көңіл бөлмеуі өкінішті.

VІІІ. ЭКСПО көрмесі Қазақстанның экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады. Егер де біз ЭКСПО көрмесіне қатысып жатқан мемлекеттердің ғылыми жетістіктерін орнымен дұрыс пайдалана білсек, экономиканың барлық саласында үлкен жетістіктерге жетуіміз анық. Елбасының көрегенділігі осында, Қазақстанды индустрияланған елге айналдыру үшін ғылым тәжірибесінің әлеуетіне жүгінуде жатыр.

ХІХ. Кеңес дәуірінде ірі өндірістерді дамыту үшін жоғары вольтты пайдаланды. Оның өзінде сауатсыздық орын алып, жоспарсыз, тек сол өндіріс орындарының маңында жоғары кернеулі желілер құрды.

Х. Қазба байлық қорлары азайған өркениетті елдердің барлығы да электр энергиясының жаңа, баламалы көздерін қарастырып жатыр. ХІ. Біз әлі де электр қорын жинаудың, пайдаланудың жолдарын жете зерттей алмай келеміз (мамандардың жоқтығынан). Өркендеген елдерде мектепте электр қуа­тын жинауды, пайдалануды үйретеді. Қау­іпсіздік жағдайды олар ерте үйренеді. 

ХІІ. Мемлекет басшысының жоғар­ғы рухани дамуға қатысты сөзі, дү­ние­танымдық саладағы жаңғыру бойынша қол­данылған жаңаша ұғым – «Болашақтың энер­гиясын» дамытудың басқа елдердегі қалыптасқан, ғылыми түрде дәлелденген ғылыми жаңалықтар біздің жастардың санасын жаңғыртудың мазмұнын негіздейді.

«Болашақтың энергиясы» тақыры­бын­дағы ЭКСПО-2017 көрмесінде ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясы қолданыла отырып, Күн, жел, теңіз толқыны, теңіз-мұхит, термалды су, яғни бүгінде бар баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануға арналған жобалар жоспарланған. Бұл бұдан әрі осы саладағы жаңа технологиялық жетіс­тік­терге жол ашады. Астана аталмыш сала­дағы ең үздік әлемдік әзірленімдер мен трендтерді көрсету үшін тиімді де танымал алаңға айналды. Көрме жетістіктерін біз өндірістік қуатты арттыру, ғылыми базаны технологиялық тұрғыдан жаңғырту және экономиканы жүйелі түрде әртараптандыру үшін тиімді пайдалануымыз қажет. Тағы бір анық нәрсе, ЭКСПО-2017 көрмесі – әлемде жерасты қорларына тәуелділіктің аяқталып келе жатқанын айғақтайтын тарихи оқиға.

Яғни бұл қоғамды экономикалық даму тәуелділігінен арылтып, инновациялар үстемдік құратынын, сол үшін алғышарт әбден қалыптасқанын дәлелдейді. Осы тұрғыда қазақ қоғамы не істеу керек деген заңды сұрақ туады. Менің ойымша, мұндай тарихи оқиға кезінде қазақ қоғамы тек тамашалаумен, тамсанумен, концерттік шоуларға қол соғумен шектелмеуі қажет. Егер біздің халқымыздың сауаттылығы, қызығушылығы осымен шектелсе, бұл біздің қоғамның деградациясын, тоғы­шар­лығын білдіреді. Көрмені көрген әрбір азамат өзіне қажетті ой түймегі ләзім. Ол оның ғылыми санасының оянуына, жетілуіне мүмкіндік туғызады. Шындығында, әрбір көрмеге келуші қазақстандық мейлі ол жас болсын, ғалым болсын, өркениет көшіне ілесуге, әлемдік жетістіктер базарында бәсекелестікке түсуге бүгіннен бастап дайын болуы тиіс. Бүгінгі Қазақстанның энергиялық қорды жинауы осы өркениет көшіне ілесуге көмектеседі. Ол үшін не істеу керек? Негізінен, адам капиталын дамыту, жастарымыздың бойындағы энергия қуатын ашу үшін дұрыс бағытқа жол сілтеуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

Бүгінгі жастардың ой-өрісі көрме­дегі алған ақпараттарын болашақ эконо­ми­ка­­ның дамуына пайдалана алатындай дең­гей­де болмағы – қажеттілік әрі уақыт талабы. Ондай жастардың Назарбаев университетте жасап жатқан ғылыми ізденістері үлкен үмітке жетелейді. Елбасының талабы жас- тарды технология тетіктерін үйренуге, ғылыми жаңалықтар ашуға, бұрынғы қалыптасқан сананы өзгертіп, ғылымның өрісін кеңейтуге бағыттайды. Жаңа технологиялық тетіктер елдің әр саладағы экономикасын дамытуға бағдарланған. Біздің Білім және ғылым министрлігі жоғары 9-10-11 сыныптар оқушыларының жаңалыққа бейімделуіне, техникалық ғылымдарды игеруіне көңіл бөле отырып, оның тиімділігін алдын ала арнайы жоспарлауы қажет еді. Осы ретте де бұл көрмеден аларымыз – ұшан-теңіз. Оның тәжірибесі мен тәрбиесі ғылымның, мәдениеттің, тарихымыздың қалыптасуындағы заңдылықтарды аша білуге, түсінуге, оны қоғамның дамуына пайдалана білуге жетелейді. Әр елде өткізілген ЭКСПО өздерінің жетістігін халыққа жариялай отырып, басқа елдердің де жаңалығын пайдалануға жағдай жасауы тиіс. 

Қазақстан ЭКСПО-ға келген қонақ­тар­дың жағдайын алдын ала дайындап, мей­лінше жоғары мәдениетті қонақжайлылық танытып, олардың бізден алатын, көретін, бағалайтын жаңалықтарын көрсете білді. Астананың ЭКСПО алаңындағы басты ғимараты – «Нұр Әлем» орталық нысаны отандық жаңалықтарды жинай білді.

Ең үздік технологиялық, ғылыми, мәде­ни жетістіктерін көрсететін «ЭКСПО-2017:

болашақтың энергиясы» көр­месінде әлем­нің барлық мемлекеттері жаһан­дық да­мудың жаңа күн тәртібін қалып­тас­ты­ратынын айта келіп, Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев бұл алқалы ала­манның Астана төрінде ту көтеруі бе­кер емес екенін жеткізді. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз даму жоқ. 

Астанаға 3 айдың ішінде 3 млн адам келеді деген жоспар қазір артығымен орындалып жатыр. Бұл миллиондардың ішінде инвесторлар да, журналистер де болды. Демек, Қазақстанға туристік қызығушылық зор. Сол сияқты, инвестициялық ауан жағы­нан болсын, бұл көрме Қазақстанға әбден тиімді жағдайда өтуде. Көрме Аста­наның инфрақұрылымына да үлкен сер­піліс әкелетінін көптеген сарапшы мама­ндар айтуда. Жаңа қонақүйлер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Үлкен жаңалық – жеңіл рельсті трамвай жолдары салынып, сауда-саттық дамыды. Шағын және орта бизнес өркендеді. Бұл көрме елдегі инновациялық рухты жандандырудың, ғылымға ұмтылудың таптырмас тетігіне айналды.  Енді бүкіләлемдік ЭКСПО көрмел­е­рі­нің қалыптасуы мен даму тарихы жө­нін­де аз сөз. 

Бүкіләлемдік көрмелер тарихы 1851 жы­лы Лондонда өткізілген «Барлық ха­лық­тардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінен» басталып, бүгінгі күнге дей­ін жалғасуда. 1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу мақсатында халық­ар­алық көрме бюросы құрылды (ХКБ). Бүгінгі күні ол көне халықаралық құ­ры­лымдардың біріне айналды. Оған 166 ел мүше. Халықаралық көрме бюросы халықаралық ынтымақтастық, білім бе­ру, инновациялар саласында жалпы адам­заттық мәселелер бойынша пікір ал­масулар, ғаламдық сұхбат, кездесулер ұйымдастыруды қадағалайды. 

1851 жылы Лондонда алғаш рет Бүкіл­әлемдік көрме қала орталығындағы барлық экспонаттар сиятын бір ғимаратта өткізілді. Ол үшін сол кезде жаңалық болып табылатын Хрусталь сарайы салынды. 

1855 жылдан бастап Бүкіләлемдік көрмені бір ғимаратта өткізу тұжырым­да­масы ескіріп, көрме кеңістігін ұйым­дас­тырудың жаңа нысаны – көрме алаң­дары туын­дады. Сөйтіп, халықаралық көрме қала­шықтары пайда бола бастады. 

1893 жылғы Чикагодағы «Ақ қала» – осындай қалалардың алғашқы қарлығашы. 

1937 жылғы Париж көрмесі заманауи өнердің салтанатына айналды: Рауль Дюфи «Электр Феясы» панносын ұсынды, ал Роббер Делоне авиация павильонын рәсімдеді. Эйфель мұнарасы XIX ғасырдағы Бүкіләлемдік көрмелердің символына айналды. 300 метрлік зәулім биіктікке көтерілген көрермен нақты өмірден қол үзіп, қиялға шырқауға және инженерлік өнерге шынайы баға беруге мүмкіндік алды.

 1939 жылы Нью-Йоркте алғаш рет теледидар саласында RCA жетістіктері мен алғашқы су турбинасы ұсынылды.

1962 жылғы Сиэтлдегі Бүкіләлемдік көрменің тақырыбы – «Ғарыш дәуіріндегі адам». 

1967 жылғы АҚШ-тың Монреаль қа­ласындағы павильонда көрермендерге ғарыш кемелері ұсынылды. Канада конфе­де­рациясының жүз жылдығын тойлау жы­лы Сент-Экзюперидің шығармасы «Адам­дар планетасы» Монреальдағы көр­менің тақырыбы болды. Тұрақты даму, қа­лыпты өсім, қоршаған орта проблемалары, технология шекаралары – онжылдық көрмелерінің өзекті мәселелері. 

2000 жылғы Ганновердегі көрменің тақырыбы «Адамзат, табиғат және технологиялар». XXI ғасыр бүкіл адамзат өміріне жаңа технологиялардың небір түрлерін әкелді: компьютер, интернет, жаһандану үрдісі адамның күнделікті өмірін түбегейлі өзгертті. Бұл – жаңа технологиялар дәуірі. 2005 жыл. Айчи – «Табиғат даналығы»,

2008 жыл. Сарагоса – «Су және тұрақты даму». 

2010 жыл. Шанхай – «Жақсы қала – жақсы өмір». Мұнда болашақтың қала­ла­рын модельдеу арқылы ресурс­тардың азаю­ына, қылмыс деңгейінің төмендеуіне, қор­шаған ортаның ластануына қатысты мәсе­лелерді тұжырымдамалық шешу ұсы­нылды.

2012 жылғы Оңтүстік Кореяның Ёсу қа­ласы «Жанды мұхит және жаға­лау» та­қырыбындағы халықаралық маман­дан­­ды­рылған көрмені қабылдады. Ёсу ЭКСПО-2012 халықаралық қауым­дас­тық­тың әлем­дік мұхиттың және жаға­лаудың қызметі мен құндылықтары туралы танымын ке­ңей­тіп, теңіз саласында ынтымақтасуды жол­ға қою қажеттігін көтерді.

Бүкіләлемдік көрмелер – өзінің ауқымы, жаңашылдығы және келушілер саны бойын­ша бірегей оқиғалар. Бүгінгі күні ХКБ-ге мүше 166 мемлекеттің барлығы өз елінде ЭКСПО-ны қабылдап, осындай елеулі оқиғаны өз жерінде өткізгісі келеді. Болашаққа бағдарланған көрмелер: Бүкіләлемдік әмбебап көрме 2015 жылы Миланда – «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия»; Халықаралық мамандандырылған көрме, 2017 жыл Астана (Қазақстан) – «Болашақтың энергиясы».

Әлемді және оның тұрақтылығын сақ­тау үшін жылма-жыл ЭКСПО көрмесі өткі­зілуі тиіс. ЭКСПО көрмелері – адамзат игі­лігі. Оның Астанада абыроймен өтіп жа­туы – Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін үлк­ен мерей, зор мақтаныш.