• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2010

АЛДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАҒДАРЫ АЙҚЫН

1382 рет
көрсетілді

Есеп беру жиыны бұрынғы Кеген, Нарынқол өңірлерінің аумағын қамтыған Райымбек ауданында өтіп, аудан әкімі Аян Айтжанов алғашқы есебін мемлекеттік шекара шетіндегі Сүмбе мен Текес ауылдарынан бастады. Өткен жыл таулы аймақ жұртшылығы үшін табысты болғаны ортаға салынды. Сол есеп кезінде жұршылықтан түскен талап-тілек, өтініш­тер­дің тиянағы келтіріліп, елді мекендердің бет-бейнесі де біршама жаңарған. Мәсе­лен, көпшіліктің сұранысы­мен Қарасаздағы өнер мек­тебі қайтадан ашылса, Текес ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөңдеуден өткен. Кеген мен Нарынқолдағы ауруханалар қосымша 45 тө­секке ұлғайтылып, Қайнар ауы­лындағы білім шаңыра­ғы­ның күрделі жөндеуден өт­кі­зілуі, жолаушыларды әбігерге салған күре жолдардың тегіс­те­луі, жөнделуі, басқа да тия­нағы келтірілген мәселелер рет-ретімен ортаға салынды. Жұртшылық назарына ұсынылған есеп барысында аудан әкімі атқарылған ша­руа­ларды нақтылап әрі ше­шімін күткен, толғандырған мәселе­лер­ге жұрт назарын аударуға ұмтылды. Өйткені, жетістік жетегінде кету бүгінгі күнге жат, керісінше, олқы­лық­тарды орнына келтірудегі жұмыла еңбектенудің берері көп екендігіне басымдық берілді. Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы десек, бүгінде мемлекет тарапынан өнім өндірушілерге қаржылай көмек көрсетілуде. Мәселен, жері құнарлы аймақта мемле­кет тарапынан картоп өсіру­мен айналысатын үш шаруа­шы­лыққа 36 миллион теңге субсидия берілсе, асыл тұ­қым­ды мал санын көбейтуге 12 миллион теңге бөлінген, осының негізінде шаруа қо­жа­лықтарының қолға алған нәтижелі істері жалғасын тап­қан. Көктем мен күзгі егіс, жиын-терін науқандары мен дала жұмыстарына да мемлекет тарапынан қажетті кө­лемде қаржы берілген. Де­сек те, әлі де суармалы жерді игеру мәселесі көңіл көншіт­пейді. Берері мол сортты тұқым мен асыл тұқымды мал өсіруді қолға алудағы ын­та-ықылас жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығын сапалы өнімсіз, асыл тұқымды өз төлін­сіз дамыту мен қолда бар­ды ұқсатудың қиындығын аудан әкімі өз сөзінде нақты деректермен дәйектеді. Ауданда төрт түлік төлімен өссе, осы бағытта аудан об­лыс­та алдыңғы қатарда келеді. Өзін­дік тәжірибесі қалыптас­қан, мал өнімдерін өндіруде өз­­гелерге үлгі болатын ша­руақор жандар да бар. Әрине, жоға­ры­дағы мәселе жайлы әлі де ой­­ла­натын, қолға алатын жұ­мыс­тар жеткілікті екендігін жи­нал­ғандар тағы бір бағамдады. Аудан бюджеті өткен жылы 3,117 миллион теңгені құраған. Мұның өзі алдағы жылдармен салыстырғанда едәуір өскен­ді­гінің дәлелі. Осыдан-ақ халық­тың әлеуметтік жай-күйі айқын аңғарылады. Елбасының Жолдауында ай­тылғандай, ауданға өткен жылы 4,916 миллион теңге ин­вестиция тартылған. Нәтиже­сін­де қосымша жұмыс орын­да­ры ашылған. Жастарға бәсекеге қабілетті білім беру мәселесінің жан-жақты қарастырылып, жа­ңаға деген бетбұрыс нәтиже­сін­де білім шаңырақтарының ма­те­риалдық жағдайлары жақ­сар­ған. Түйінді мәселелер шешімін тауып, қажетті құрал-жаб­дық­тармен рет-ретімен қамтамасыз етіліп, мектептердегі компью­тер саны мыңға таяп, оқушы­лардың жаңалықтардан ха­бар­дар болып отыруы қамтамасыз етілген. Мектепке дейінгі ба­лалар тәрбиеленетін 26 шағын орталық құрылған. Денсаулық сақтау саласына бөлінген 832 миллион теңге то­лы­ғымен игеріліп, емханаларға 22,410 мың теңгенің қажетті құ­рал-жабдықтары, Жалаңаш, Шыр­ғанақ, Қарасаз ауылда­рын­дағы мектептерге стомато­ло­гия­лық қондырғылар орнатылған. Аудан аумағында өткен жылы 700-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Аудандағы орта және шағын кәсіпкерлік­пен айналысушылар өткен жы­лы 1,697 миллион теңгенің өні­мін өндіріп, бюджетке 51,4 мил­лион теңге салық төлемдері түскен. Жыл ішінде үлкенді-кішілі 40 кәсіпорын ашылып, көптеген адам еңбекпен қам­тыл­ған. Сондай-ақ, тұрғын үй бағ­дарламасымен 7 коммунал­дық тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­се, Текес, Қақпақ, Қайнар ауылдары арасындағы және Жалаңаш пен Тоғызбұлақ ауыл­­дары арасындағы жол­дар жөнделген, сондай-ақ Сары­жаз ауылы мен Көмірші ауы­лы­ның арасындағы жол қаты­насын жақсарту қолға алына­тыны да жиналған­дар­дың көңі­лін сергітті. “Жол картасы” ая­сында Текес ауы­лындағы су құ­быры күрделі жөндеуден өткізілген. Халықтың рухани қажетін өтейтін 23 мәдениет үйі мен клуб, 10 кітапхана, 2 мұра­жай бүгінгі уақыт талабына орай қызмет көрсетуде. Текес ауылындағы “Ақ толқын” фольклорлық ансамблі ха­лық­тық атаққа ие болып, шы­ғармашылықтарын шың­дауда. Ауылдық округтерде жастар ұйымдары жұмыс жүргізіп, Сарыбастау, На­рын­қол, Жалаңаш ауыл­дарын­да жастар форумдары өткізілгені де өскелең ұрпақ­ты елжанды­лыққа тәрбиелеу­дің көрінісі деп бағаланды. Әкімнің есебінен кейін Сүмбе ауылындағы ақсақал­дар алқасының төрағасы К.Рыс­беков салынғанына жарты ғасыр болған “Бел­то­ған” су каналын қайта қал­пы­на кел­тіруге назар ауда­ру­ды сұраса, оның жаңа мә­де­ниет үйімен жол салынса де­ген ұтымды ұсыныстарын да көпшілік қол­дады. “Диплом­мен – ауылға” атты жақсы бас­тамамен туған ауылына оралған ұстаз Е.Құмар­бе­ков­тің пікірі де көңілге қонымды шықты. Ал, “Ақбұлақ” шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы Е.Бестібаев ауыл шаруашылығын өркен­детуге бөлінген мемлекет қаржысын тиімді пайдалану қажеттігін назарға салды. Жалпы, сүмбеліктердің қойған сұрақтарына аудан­дық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Тілемісов жау­ап беріп, ауылдағы ауруха­на­ның жабылмайтынын жет­кіз­ді. Округке қарасты Қызыл­шекара ауылындағы К.Бай­шы­ғанұлы атындағы орта мек­тептің ұжымы білім ша­ңырағына заман талабына сай мультимедиялық каби­нет­тің қажеттігін айтса, аудандық білім бөлімінің бастығы С.Боранғазиева мәселенің биыл шешілетінін жеткізді. Сонымен бірге, Нарынқол ауылынан нота­риус қызметін ашу жөніндегі елдің орынды ұсынысы орын­далатын болды. Аудан әкімі Сүмбе мен Қызыл­ше­кара ауылдарына келетін жолдарды жөндеуді келесі жыл­дың жоспарына кіргізу мүмкіндігінше қарасты­ры­латынына сендірді. Сонымен қатар, Сүмбе ауылындағы ауыз су мәселесі де келесі жылдың жоспарына енбек. Ал, Текес ауылындағы аудан әкімінің есебінде Ә.Қа­зыбеков ауылдағы балалар бақшасының ғимараты мен ескірген өнер мектебі күрделі жөндеуден өткізілсе десе, ауыл тұрғыны Д.Сәрсенбаев ауылдағы су құбырының жұмысын бақылайтын бір адамға штат қарастырылса, деген ұсынысын жария етті. Ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Ж. Байсеркеев Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында ерен ерлігі Кеңес Одағының батырларымен пара-пар болған “Даңқ” орденінің толық иегері Б.Дембаевқа оның атындағы көшеге ескерткіш тұрғызылса деген ойын ортаға салды. Екі ауылдағы жиналысқа қатысқандар аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұ­мыстарына қанағаттанарлық деген баға берді. Сонымен, Аян Айтжанов алдағы жұмы­сына бағыт-бағдар алды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ҚОСАР ҮЛЕСІМІЗ ҚОМАҚТЫ БОЛСЫН Шиелі ауданының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауылдық округтерге арнайы ат басын бұрып, ауыл тұрғындарына 2009 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен ағымдағы жылы атқарылар міндеттерді егжей-тегжейлі баян етіп, есепті кездесулерін өткізуде. Айта кету керек, аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесу жиындарында сөйлеушілердің сауалдарына қарағанда, бата-тілектері мен ризашылық лебіздері көбірек байқалуда. Бұл аудан тұрғындары әл-ауқаттарының жақсарып келе жатқанын аңғартады. Сөзіміз дәлелді, ойымыз орнықты болу үшін Н.Нәлібаевтың Алмалы ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен есепті кездесуінде айтқан дерек­те­ріне жүгінелік. Соңғы жылдары Шиелі ауданы дамуға бет алды. Өт­кен жылы аудан бюджеті 3 млрд. 314 млн. теңге болып бе­кітілсе, есепті мерзімде ол 4 млрд. 577 млн. теңгені құ­рапты. Жыл бойын­да аудан­дық бюджетке 7 рет өз­геріс­тер мен толықтырулар енгі­зі­ліп, нақты кіріс мөлшері 1 млрд. 277 млн. теңгеге жет­кен. “Жол картасы” бойын­ша аудандағы 26 жобаға 842 млн. 558 мың теңге бөлініп, 1081 адам жұмыспен қамтылыпты. Аудан әкімінің атап айт­қанындай, аудандағы өнеркә­сіп орындары 16 млрд. тең­геге жуық өнім өндірсе, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 27,6 пайызға артық. Оның негізін тау-кен өндірісі құрап отыр. Олар 8 млрд. теңгеге жуық өнім шығарған. Аудан­да шағын кәсіпкерліктің 2010 нысаны тіркелген. Жыл кө­лемінде 4471 адам жұмысқа тартылып, соның негізінде 1,5 млрд. теңгенің өнімі өн­діріліпті. Ал жаңа жылдан бергі уақыт ішінде 313 жұмыс орны ашылған. Ірі өндіріс орындары санатында құры­лы­сы басталған, жобалық құны 450 млн. теңгені құрай­тын, айына 62 мың шаршы метр ДСП шығаратын зауыт бар. Аудан экономикасына сүбелі үлес қосып келе жат­қан “Қазатомөнеркәсіп” ұлт­тық компаниясының демеу­ші­­лігімен 2009 жылы бірқатар игі істер атқарылыпты. №127 орта мек­тепке 561 млн. теңге жұмса­лып, ол 400-ден 825 орынға ке­ңейтілген. Сонымен бірге жоба құны 494 млн. теңге болатын  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 50 орындық мектеп-интер­нат құрылысының 90 пайызы аяқталып, таяу уақытта пайдалануға берілмек екен. Жалпы, аудан бойынша өткен жылы 8 мектеп пен 7 балабақша күрделі жөндеуден өткізіліпті. Жол­дардың 78 шақырымы­на күрделі және орташа жөндеу жүрді. Мұндай жетістік аудан тарихында болып көрген емес. Бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігін арттыру жөніндегі рес­публикалық форумның Шиелі жерінде өткізілуі жайдан жай болмаса керек. Қазірдің өзінде лайықты бағасын алған оң нәтижелі жұмыстар жетерлік. Кент пен ауылдардағы аллея­лар, иман­дылық үйлері, тағы басқа да нысандар осы бюд­жет­тен тыс қаржы көздері ар­қылы салы­нуда. Орталықтағы көшелерге сән беріп тұрған Елбасы Жолдауын насихат­тауға арналған тақталар мен бил­борд­­тарды демеу­ші азаматтар еңбегінің жемісі деуге болады. Аудан әкімі тұрғындар алдын­дағы сөзінде осы жұмыс­тарды жүзеге асыруға атса­лысқан ме­кемелер мен жерлес аза­мат­тар­дың атын атап, ризашылығын білдірді. Ауыл шаруашылығы сала­сын­да 5 млрд. 119 млн. теңге­нің өнімі өндіріліп, 736 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы егіс көлемі 21440 гектарды құраса, оның 6500 гектарына Сыр салысы орна­ластырылды. Күріштің әр гектарынан 42,7 центнерден өнім келді. Аудандағы мал ба­сы­ның да соңғы жылдары кө­бей­гендігі байқалады. Өткен жылдың соңғы айындағы есеп бойынша ірі қара 37726, қой-ешкі 11066, түйе 896, жылқы 6728 басты құраған. Әкім баяндамасында атап өт­кеніндей, аудандағы құры­лыс саласы да қарқын алған. Өткен жыл ішінде 10 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылғы көрсеткіштен 2,3 есеге көп. “Таза су” бағдар­ламасына аудан әкімі ерекше тоқталып өтті. Бүгінде аудандағы 35 мың халық қо­ныстанған 14 елді мекеннің ішкі су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарына қар­жының бөлінбеуі салдарынан оларға ауыз су тасымалданып берілуде. Әкім 14 елді ме­кеннің ішкі су құбырларын қайта жаңғырту бағытындағы құ­рылыс жұмыстарына жоба­лық құны 1 млрд. 601 млн. теңгені құрайтын жоба-сме­талық құжаттары әзірленіп, мем­лекеттік сараптаманың оң қоры­тындысы алы­нып, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінің Су ресурстары ко­митетіне тапсырыл­ғанын айтып, тұр­ғындарды бір қуан­тып тастады. Биылғы жылы осы жұмыстарға рес­публикалық бюд­жеттен 577 млн. теңге бөлініп, үлкен жұмыс басталмақшы. Ауданда әлеуметтік қол­дау мен жұмыссыздықты азай­ту бағытында да бірқатар шаруа­лар іске асуда. Есепті кезеңде 3473 адам жұмыс із­деуші ре­тін­де  тіркелсе,  олар­дың  3408-і тұрақты кәсібін тауып­ты. Сондай-ақ биыл Ұлы Же­ңістің 65 жылдығына орай соғыс арда­герлеріне бір жолғы материалдық көмек ретінде 11 млн. теңге бөлініп отыр. Есепті кездесу барысында аудан әкімі өзге де жеткен же­тістіктер мен алда атқа­ры­лар істерді кеңінен саралап өтті. Ауыл тұрғындары Қайыр­бек Абдуллаев, Әби­бул­ла Айтбаев жарықтың нашарлығы мен байланыс мәселелерін шешуді алға тартса, өзге тұрғындар ондай ұсақ түйткілдердің ауыл әкімі пәрменімен шешілетінін айтып жатты. Дегенмен, әкім сала басшылары мен ауыл әкімі Исабек Сәрсенбаевқа осы мәселелерді анықтауды тап­сырды. Сөз алған ауыл тұр­­ғыны Дәулетбек Байдрах­ма­нов аудан әкімінің еңбегін саралап, жыл бойында атқа­рыл­ған жұмысына қанағат­та­на­тынын жеткізді. Шиелі кен­тінің күн санап келбеті еніп келе жатқанына қуана­ты­нын және тілектестігін айтты. Жиында ұсыныс-тілек­тер­ден гөрі ризашылық ле­біздер көбірек естілді. Бұл тұр­ғындар әл-ауқатының жо­ға­рылағанын ғана емес, аудандағы оң істер қатары кө­бейгендігін бай­қатса, шие­ліліктердің ел байлығын есе­леуге ағымдағы жылы қосар үлесі мұнан да зор болатынына сенім мол. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.