Ханс Кисман және Мартин Пост, Голландиядан келген саяхатшылар:
– Бірінші кезекте «Нұр Әлем» павильонына жол тарттық. Таңертең 9.00-де кіргеннен, түске таман бір-ақ шықтық. «Жасыл» энергияның инновацияларына толы сегіз қабат бізді таң қалдырды. Әсіресе, су энергиясын қолданудың жаңа тәсілдері туралы білдік. Голландияда көлдер мен өзендер көп болғандықтан, бұл жаңалық біз үшін аса маңызды. Біздер әзірге Монако, Германия және Испания елдерінің павильондарын аралап үлгердік. Бірнеше күн уақытымыз бар, барлығын түгесіп үлгереміз деген ойдамыз.
Қазақ елордасына келсек, шаһар жаңашылдығымен ұнады. Зәулім ғимараттардың барлығы-дерлік заман талабына сай жасақталған. Яғни, сәулеттік келбеті, сәндік ажары бірден баурап алады. Бұрын-соңды мұнда табанымыз тимеген еді. Енді көргенімізге қуанып жүрміз.
Павел Станко, Чехиядан келген саяхатшы:
– Астанаға бүгін ғана іссапармен келдім. Достарым – ЭКСПО көрмесіндегі Чехия павильонының ұйымдастырушылары. Керемет мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық шараны өз көзіммен тамашалайын деп шештім. Алғашқылардың қатарында Қазақстан павильонын көргім келеді. Себебі, таныстарым павильонды танымдық жағынан ұсынары көп деп айтты.
Шынымды айтсам, көрме құрылысының салыну қарқынына таң қалдым. Тым аз уақыт аралығында үлкен территория ішінде зәулім ғимараттар тұрғызу – оңай іс емес. Мұны қазақстандықтардың ұйымшылдығы, бірлігі, достығы арқасында деп білемін. Астана өте ұнап жатыр.
Дана Мейірбекова, Алматы қаласынан келген саяхатшы:
– Алматыдан ұлым екеуміз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға әдейі келдік. Бүкіл павильондар табиғат күшін қалай қолдану керек екенін толықтай көрсетеді. Энергияны тиімді қолдану мәселесі бүкіл әлем үшін өзекті. ЭКСПО арқылы Қазақстан елі танылып жатыр.
Көрме барысында керемет концерттер мен шаралардың өтіп жатқанына қуаныштымын. «Дю Солей циркі» мен Ла Скала театрының өнер көрсетуі көрме қонақтары үшін үлкен сыйлық деп ойлаймын. Осы шаралардың біз де қонағы болғымыз келеді. Бақытымызға орай, билеттерін алып үлгердік.
Осындай шараның бітіп жатқаны көңілге аз-кем мұң ұялатады. Бітпесе екен тілейміз. Амал нешік, әр нәрсенің аяғы бар. Болашақта Қазақстанда тағы да ЭКСПО өтсе екен деген тілекшілердің қатарынанбыз.
Мария Розали, Малайзиядан келген саяхатшы:
– Мен Астанаға Малайзия елінің форумына қатысуға келдім. Халықаралық көрменің өтіп жатқанын естіп, бір күнімді арнайы бөліп, қалашықты аралап жүрмін. Ең бірінші байқағаным – еріктілер өте мейірімді және ағылшын тілін жетік меңгерген. Менің бүкіл сұрақтарыма жауап беріп, барынша көмек көрсетуге тырысты.
Көрмеден жасыл энергия туралы білімімді жетілдірдім. Болашақта бұл қуат көздері әлемді сақтап қалады деп ойлаймын. Ғаламдық жылыну кезінде осындай баламалы энергия көздерін жетілдіру адамзаттың басты мақсаты болу керек. Сол себепті, Қазақстанның үлкен іске қосып жатқан үлесі елеулі. Менің бір арманым бар, ол – қазақ ұлттық тағамынан дәм тату. Мұның реті келмей жатыр әзір. Бұйыртса, қонақжай халықтың қазы-қарта, жал-жаясының тіл үйіргенін сезінгім келеді.
Иман Аль-Марзуки, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген ерікті:
– Көрмеде бір ай көлемінде қызмет етудемін. Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Қаланың ғимараттары әдемі, ал адамдары мейірімді. Жақында Бурабайға барып келдім. Табиғаты керемет жер екен. Жалпы, Араб Әмірліктері мен Қазақстанның табиғатында ұқсастықтар бар екенін білемін. Мұнда да шөлді аймақтар бар. Сондықтан осындай өңірлерде энергияны тиімді қолдану мәселесі екі елге бірдей маңызды. Сол жөнінде тәжірибе алмасцуға келдік.
Сонымен қатар, біз көрме қонақтарына 2020 жылы Дубай қаласында өтетін ЭКСПО көрмесін таныстырудамыз. Оның да маңыздылығы, адамдарға, қоршаған ортаға пайдалылығы көп деген пікірдемін. Қазақстанның көрме өткізу тәжірибесі бізге де сабақ болады деп ойлаймын. Осы деңгейден кем өткізбесек, жетістікке жеткеніміз деп білемін.
Ингрид, Пуклан Ланга, Германиядан келген саяхатшылар:
– Біз – Орталық Азия елдерін саяхаттап жүрген жұппыз (күледі). Қырғызстан мен Моңғолияда болдық. Енді, міне Қазақстанға келдік. Көрменің тақырыбы өте жақсы таңдалған. Бүкіл әлем елдері осы мәселе төңірегінде ойлану керек. Көрменің зәулім павильондарын көріп, есеңгіреп қалдық. Қазақтар өте мықты халық екен.
Астана қаласын аралағанда да айрықша әсерге бөлендік. Бұл мемлекеттің қарқынды даму жолына түскендігін аңғардық. Көп ұзамай алпауыт елдердің қатарынан көретінімізге сенімдіміз. Өйткені, Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық аренада белсенді.
Куатемуано Гильем, Конгодан келген саяхатшы:
– Астанаға Конго елін ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстыру үшін келдім. Үш ай ішінде білгенім, көргенім, түйгенім мол. Астана – жаңадан салынған көркем қала. Бұндай деңгейде үлкен шара өткізу арқылы жас қала өзін әлемге танытуда. Жаңғырмалы энергия тақырыбы көрме көлемінде толықтай қамтылды деп ойлаймын.
Тағы бір ұнағаны, қазақ халқы толерантты екен. Мұнда ешкім бір-бірін дініне қарап бөліп жатпайды. Барлығы тату өмір сүруде. Мен осында жыл сайын өтетін дінаралық және конфессияаралық жиындардан хабардармын. Бұл – мемлекет басшысының керемет көрегендігінің арқасында ұйымдастырылатын шара. Осы іспетті жиындар елдің беделін асырып, танымалдығын кеңейте түседі.
Айгүл ШЕРНИЯЗ,
Асхат РАҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»