Бейбіт, тыныш жатқан Сирияны соғыс өрті қаумалап, уысынан шығармағалы біраз жылдың жүзі болды. Соғыс салдарынан мұнда ең алдымен бейбіт халық зардап шегіп жатыр. Оның ішінде, әсіресе балалар мен әйелдерге, қарт адамдарға аса ауыр тиюде. Сан мыңдаған адам бас сауғалап, босқынға айналды.
Бүгінде елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың ауыр екені өз алдына, «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) деген қарулы құрылым содырлары Шам еліндегі ежелгі ескерткіштерді жарып, қиратып, бүлдіріп, әлемдік деңгейде баға жетпес тарихи құндылықтардың тас-талқанын шығарып жатыр.
Мәселен, ДАИШ содырлары тек Пальмира қаласының ғана емес, бүкіл Сирияның «бізде мынадай бар» деп көрсететін аса құнды көне ескерткіші – Триумфальды аркасын жарып жіберді. Әлемге кеңінен танымал биіктігі 20 метрлік бұл ескерткіш империя әскерінің бір ірі жеңісінің құрметіне біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда тұрғызылған көрінеді.Әуелде ДАИШ содырлары тек діни тұрғыдан құнды саналатын ескерткіштерге көз алартып келсе, соңғы кездері олар мәдени мұра атаулыны бөліп-жармайтын болған.
Күні бүгінге дейін «Ислам мемлекеті» дейтіннің содырлары бас-аяғы 14 көне ескерткішті жойып жіберген деген ақпарат бар. Олардың бәрі де аса құнды жәдігерлер саналады. Араларында көне дәуірлік айтулы нысандардың бірі – Баалшамин және Бэла храмдары, «Аллат арыстаны» статуясы, көне Хомстағы шіркеулердің архитектуралық ансамбльдері мен Ибн әл-Уалид мешіті, әскерилердің Дамаскінің түбіндегі Маалюл қалашығындағы Мария қыздың статуясы, әулие Саркис пен Бахустың көне шіркеуі, 574 жылы салынған Сейднай монастырі, т.б. бар.
Сондай-ақ ДАИШ террористері Мосул қаласындағы әлемге әйгілі археологиялық музейге, Алеппо қаласында шоғырланған ортағасырлық базарларға, мешіттер мен медреселерге соққы берген болатын. Үкімет әскерлері мен ДАИШ содырлары арасындағы ұрыс салдарынан археологтар тапқан көне Ассирия қалалары – Нимруд пен Дур-Шарукин жермен жексен етілді. Сирияның оңтүстігіндегі Бусра қаласында орын тепкен антикалық аса ірі амфитеатр айтарлықтай зардап шекті. Онда бейбіт кезеңде фольклорлық музыкалық фестивальдар өткізіліп келіпті.
Тағылықта шек болмайды деген рас екен. ДАИШ баскесерлері Пальмираның сақшысы, белгілі сириялық археолог әрі Пальмира музейінің директоры 82 жастағы Халед әл-Асаадты қинап өлтірген. Ең соңында басы алынған әл-Асаад өмірінің 50 жылдан астамын 2000 жылдық тарихы бар ежелгі мәдени ескерткіштерді көзінің қарашығындай сақтап, күзетуге арнаған екен.
Бүгінде халықаралық қоғамдастық ДАИШ содырларының тағылық әрекеттерін айыптап отыр. Өйткені обал мен сауаптың аражігін ажыратқысы келмейтін, көздеріне қан толған қараулар барша адамзаттың, оның ішінде мұсылмандардың да шын мәнінде аса құнды мұрасы болып келген ежелгі мәдени және тарихи ескерткіштерді қиратып, барша әлемге өздерінің жиіркеніш тудыратын шын бет-бейнелерін айқын көрсетіп беруде. Кие, қасиет деген түсініктерден жұрдай тобырдың Шам еліндегі шатақ та жабайы әрекеттері жаға ұстатпай қоймайды.
Террористердің уәждері де езуге еріксіз күлкі үйіреді. Олардың ұстанымынша, көне ескерткіштер шынайы ислам мәдениетінің идеологиясымен еш үйлеспейді. Сондықтан кез келген ескерткіштер мен бейнелерге тыйым салынуы тиіс. Өйткені адам баласы Құдайдан басқаның бәрін тәрк етуі керек, яғни қолдан идолдар жасауға мүлдем болмайды. Міне, содырлар осылайша ежелгі мәдени және тарихи ескерткіштерді қиратып, жою арқылы айналасына үрей таратып отыр. «Уахабизмнің» ішкі мәні мен мазмұны да осында жатса керек.
Сонымен Сирияда адам қолымен жасалған көне де қайталанбас мәдени-тарихи ескерткіштер жойып жіберіліп жатыр. Бұған қоса, елді мекендер қирандыға айналды. Соғыс аяқталып, елде бейбіт өмір орнаған күннің өзінде талас-тартыстан титықтаған ел ес жиып, оларды қалпына келтіргенше, сөйтіп, халыққа қалыпты жағдай жасалғанша да қанша уақыт, қаржы, күш-жігер қажет болады десеңші.
Сонда мұның сұрауы кімнен деген заңды сұрақ туындайды. Елдерді іштен ірітуге мүдделі сыртқы күштер идеологиялық, қаржылай және қарумен жан-жақты қолдау көрсетіп отырған тұста ДАИШ лаңкестерінің тамырына балта шабудың да оңайға түспейтіні анық.
Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»