Амандық болса, алдағы 15-16 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әлемдік танымал балет артистерінің қатысуымен «Гала Этуалей» балет кештері өтеді.
«Гала Этуалей» – бұл балет өнерін бағалайтындар үшін таптырмайтын тарту. Әлемнің ең таңдаулы да күрделі қойылымдары, даңқы алысқа тараған бишілер, сүйікті партиялар – мұндай мүмкіндікті талғампаз көрермен жібере қоймас.
Қысқасы, Алматыда аты аңызға айналған Мария театрының прима-балеринасы Диана Вишнева мен Штутгарт балетінің премьері Фридеман Фогель, Үлкен театр прима-балеринасы Евгения Образцова, Мария театрының жетекші солисі Александр Сергеев, Мюнхен мемлекеттік балетінің көшбасшылары Осиэль Гунео мен Ксения Рыжкова, аты әлемге әйгілі қазақстандық балерина Әлия Танықпаева, Эссен-Балет саңлағы Айдос Зақан, Венгрия ұлттық балетінің жұлдызы Гергели Лэблан сынды саңлақтар өнер көрсетеді.
Осы арада А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлектері Мария Эйхвальд, Әлия Танықпаева мен Айдос Зақан ұзақ уақыттан бері алғаш рет туған жерлерінде өнерлерін паш еткелі отырғанын айта кету ләзім.
«Алматы әрқашан мен үшін ыстық. Мен бұл қалада өстім, білім алдым... Туған қаламның тұрғындары үшін бар ықыласымды салып өнер көрсетемін», дейді Әлия Танықпаева.
Ал Айдос Зақан өнердегі жолын Абай атындағы қара шаңырақтың қабырғасында бастағаны аян. Оның дарынын достары мен ұстаздары жоғары бағалайды. «Сондықтан әлемдік жұлдыздармен бірге туған сахнамда өнер көрсету мен үшін тек зор қуаныш емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік», дейді Айдос.
Орайы келгенде «Гала Этуалей» кештерін ұйымдастырушы ArtClassic компаниясының директоры Ерлан Андағұлов өз жерлестеріміздің өнері отандық мәдениет үшін үлкен мақтаныш сезімін тудыратынына сенімді екенін айтып отыр.
Сол сияқты Мария театрының примасы Диана Вишнева қазақстандық балет мектебінің деңгейін жоғары бағалай келе: «Мен балет әртістері арасында қазақтан шыққан хас таланттарды білемін. Петербургтегі түрлі гала-концерттер мен конкурстарда жыл сайын қазақ балет мектебінің дарынды оқушылары өнер көрсетіп, нәтижесінде ең үздік би топтарының бөлшегіне айналады. Ваганова академиясында Қазақстаннан келген балалар да аз емес. Өзімнің туған Мария театрыма «Астана Балет» әртістері бірнеше мәрте ірі гастрольдерімен келді. Сондықтан мен Алматы жұртымен танысуды тағатсыз күтіп жүрмін», дейді.
Сонымен «Гала Этуалей» балет кештерінің бағдарламасына классикалық және заманауи хореографияның ең жарқын бейнелері кіреді. Бұлар – Диана Вишнева мен Фридеман Фогелдің орындауындағы «Онегин» балетінен па-де-де (Джон Крэнконың хореографиясы) және «Бас айналу» (Мауро Бигонзеттидің хореографиясы); Евгения Образцова мен Александр Сергеевтің орындауындағы «Сатанилла» балетінен «Венеция карнавалы» па-де-десі (Мариус Петиптің хореографиясы); Әлия Танықпаева мен Гергели Лэбланның орындауындағы «Элегия» дуэті (Елена Богдановичтің хореографиясы); Мария Эйхвальд пен Айдос Зақанның орындауындағы «Шағу» дуэті (Катарина Козильскаяның хореографиясы); Ксения Рыжкова мен Осиель Гунеоның орындауындағы «Эсмеральда» балетінен «Диана мен Актеон» па-де-десі (Агриппина Ваганова хореографиясы); Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солистері Әсел Асқарова мен Азамат Асқаровтың орындауындағы «Ромео мен Джульетта» балетінен адажио (Юрий Григоревич хореографиясы) және балетті бағалай білетін қауымның өзге де сүйікті партиялары.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ