• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қыркүйек, 2017

Мұсылман әлемінің бірлігі – уақыт талабы

332 рет
көрсетілді

Астанада басталған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті барысында ғылым, технология және инновация бойынша маңызды бағыттар анықталмақ. 

Осы орайда, аталған ауқымды шара жөнінде әлем елдерінің ақпарат құралдары шұғыл хабарлар тарата бастады. Солардың бірқатарына шолу жасап көрген едік.

«РИА Новости» агенттігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың G20 баламасы ретінде ислам мемле­кет­терінің ұйымын құру жөнінде ұсыныс білдіргенін мәлімдеді. 

«Президент ғылым мен технологияны дамыту маңызды бағыттардың бірі саналатынын айтты. Оның пікірінше, Батыс елдері мен ислам әле­мін жақын­дастыратын форумдар мен кез­десулерді жиі өткізіп тұру керек», – деп ақпарат таратты «РИА Новости». 

Иран елінің ИРНА ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенсек, Астанада өткен жиында Иран Президенті Хасан Рухани мен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталып, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарларымен бөліскен. 

«Иран мен Түркия экономикасы бір-біріне тығыз байланысты. Иранға қойылған санкциялар алынып тасталған соң, өзара ынтымақтастық одан әрі дами түседі», – деді Ердоған. Сонымен қатар, ол екі елдің орталық банктері қарым-қатынасқа кедергі келтіретін мәселелерді жедел шешуге шақырды», – деп хабарлайды ИРНА. 

Ирандық агенттік Т.Ердоғанның Сириядағы жанжал әскери қимылмен емес, дипломатиялық жолмен шеші­летіні жөнінде мәлімдегенін жеткізді. Ал Azernews сайтының ақпа­ра­тына сүйенсек, Иран Президенті Х.Рухани Түркиямен арадағы өзара сау­да айналымын 30 миллион долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтқан. 

«Екі ел басшылары одан әрі рохин­джа мұсылмандары жағдайына тоқталып, Рухани ондағы қатыгездікті тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ, Иран президенті шиеленіс жағдайындағы аймаққа гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.  Өз кезегінде Түркия президенті де Мьянма өкіметінің әрекетін сынады» – деп жаңалық таратады Azernews. 

Мьянмадағы мәселеге байланысты басқа елдердің басшылары да өз пікірлерін білдірді. Бангладештің тұңғыш интернет газеті bdnews24.com сайты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде талқыланып жатқан мәселелерге тоқталған. Әуелі Мьянмадағы жанжалдан бірінші болып Бангладештің жапа шегіп отырғанын сөз еткен Абдул Хамид ислам әлемінде білім мен ғылымды дамытуға үндеу тас­та­ды.

«Президент Хамидтің айтуынша, ИЫҰ саммитінің басты мақсаттарының бірі – ғылым, технология және инновацияны пайдалана отырып өмір сүру са­пасын жақсартып, қоғамды трансфор­ма­циялау.

Бангладештің фармацевтика, балама медицина және ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін тарқата келе, Президент дербес жерсерігін ұшыруға әзір екенін жеткізді», – дейді bdnews24.com сайты.

Сайттың ақпараты бойынша, Бангладеш басшысы ислам әлемі техно­логия мен ғылымның жетістіктерін пай­далана отырып, даму бағытынан жа­ңылмау керек екенін мәлімдеген. Сондай-ақ, ислам елдері түрлі салада алда жүргенін және бірлесе әрекет еткенде биіктерді бағындыратынын жеткізіпті. 

Пәкістан радиосы ел басшысы Мамнун Хусейннің жаңа дәуірде ғылым мен технологияны дамытуға бірлесе күш салуға үндеу тастағанын хабарлады. 

«Астанада өткен ИЫҰ саммитінде ғылым мен технология саласында жедел өзгерістер болып жатқанын сөз етті. Ол ислам әлемін ауылшаруашылық өнімдерін жақсартуға және аталған салада қолданылатын технологияларды дамытуға шақырды. Оның пікірінше, іргетасы берік білім мен денсаулығы мықты әрі тәжірибелі адами ресурс арқылы аталған салаларды бағындыру мүмкін екенін сөз етті» – дейді Пәкістан радиосы.  Сонымен қатар, Мамнун Хусейн ислам елдерінің бірлігі ұрпақ үшін көкжиегі кең болашақ әзірлейтінін жеткізді. Осы орайда, Пәкістан радиосы Қазақстан Президентінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыс­тар­ға ризашылығын білдірді. Ал үндістандық maeeshat.in журналы Астанадағы саммиттің деңгейін жо­ғары бағалап, «Ислам түсіністік пен шешім діні екенін көрсетеді» деп есептейді. 

Абай Асанкелдіұлы, «Егемен Қазақстан»