Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі өкімімен Талғат Жүнісов облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Талғат Тұрлыбекұлы 1963 жылдың 3 шілдесінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Көкшетау ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, «Фемида» заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының докторы, академик.
Еңбек жолын туған ауылында жұмысшы болып бастаған. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ассистент, доцент, ауыл шаруашылығы институты директорының орынбасары, сырттай оқытатын бөлімшенің деканы, проректор лауазымына дейінгі қызмет жолынан өткен. ҚР Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарған.
2002-2008 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, 2008-2012 жылдары Рудный индустриалдық институтының ректоры, 2012-2014 жылдары ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, 2014-2016 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры болып қызмет атқарды.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығы» ҰАО Басқарма төрағасының орынбасары болды. «Құрмет» орденімен, мерекелік медаль және төсбелгілермен марапатталған.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/akmola-oblysynyn-bilim-baskarmasyna-zhana-basshy-tagayyndaldy_a3063668