• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қыркүйек, 2017

Қарағанды облысының әкімі жұмыс сапармен Ақтоғай ауданын аралады

430 рет
көрсетілді

 

Таяуда Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапармен Ақтоғай ауданында болып қайтты. Ол ауданның дамуымен және келешекке жоспарларымен танысты. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында «Тәттібек» шаруа қожалығына барды. Осыдан екі жыл бұрын оның басшысы Берікбол Исабаев қаладан Жалаңаш ауылына көшіп келіп бордақылау алаңын ашқан. Жобаның құны – 8 млн теңге. Кәсіпкер 10 сиырдан бастап, қазіргі уақытта мал басын 136 ірі қара, 19 жылқыға дейін өсірген. Берікбол Исабаев алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін өзі жуырда хабардар болған мемлекеттік қолдауға сүйенбек.   

– Бұл дегеніміз ауданда түсіндіру жұмыстары бәсең жүріп жатқанын көрсетеді, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Адамдарға мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатынын, қандай механизмдер бар екенін дұрыстап түсіндіру қажет. Ауданды дамыту керек. Мен бүгін жергілікті халықтың жағдайы жақсы екеніне көзім жетті. Алайда онымен тоқтап қалу дұрыс емес, әрі қарай даму қажет. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз де, жерлеріңіз де мол. Сондықтан жұмыс істеңіздер. Біз болсақ өз тарапымыздан көмек көрсетуге дайынбыз.

Аймақ басшысы өзінің орынбасарларына Ақтоғай ауданының даму бағдарламасының жүзеге асырылуын жіті назарға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, Е.Қошанов жұмыс сапары барысында Ақтоғай ауданындағы экотуризмнің дамуымен танысты. Аймақ басшысы биылғы жылы 50-ге жуық шетел азаматтарын қарсы алған «Сұлу тас» қонақүйінде болды.

Шабанбай би ауылының тұрғыны Асқар Мұратов осыдан үш жыл бұрын 10 адамға шақтал­ған ұлттық нақыштағы қонақүй ашқан. Туристік жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолдау алған.

– Қазір шетелдік туристер керемет қонақүйлерде тоқтағылары келмейді. Олар біздің тұрмысымызға қызығушылық танытады, біздің табиғатымызға таң қалады. Шетелдіктерге қазақтың тағамдары өте ұнайды. Біз оларды халқымыздың болмысымен, мәдениетімен және дәстүрлерімен таныстыруға тырысамыз, – дейді қонақүй қожайыны.

Ниет білдіргендер киіз үйге де жата алады. Қонақ­тарға арналған ас мәзірі толықтай экология­лық таза ұлттық тағамдардан құралған. Ауыл кәсіпкері биылғы жылы «Nomadic Travel Kazakhstan» туристік компаниясымен келісім­шартқа отырған.

– Бұл «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанының бір мысалы, – деп атап өтті Ерлан Қошанов. – Осындай кәсіпкерлікті дамытып, оған қажетті көмек көрсету керек.

Шабанбай би ауылынан 3 шақырым қашықтықта тау баурайында «Арай» демалыс лагері орналасқан. Қазіргі таңда ол қайта қалыпқа келтіруді қажет етеді. Облыс әкімі өзінің орынбасарлары мен басқар­ма басшыларына бұл мәселені қарастыруды тапсырды.

Жергілікті ақсақалдар болса аймақ басшысынан жолдарды жөндеп, Шабанбай және Қызыларай ауыл­дарына қатынайтын көлікті реттеулерін өтінді. Биылғы жылы Ақтоғай ауданында жалпы ұзындығы 396 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Бұл бағытқа 77,9 млн теңге бөлінген.

Ал Қызыларай ауылына автобус жүргізу мәсе­лесін Ерлан Қошанов жолаушы тасымалдаушы ме­ке­мелердің басшыларымен шешуді тапсырды.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы

Соңғы жаңалықтар