• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Футбол 13 Қыркүйек, 2017

Ману Тригерос: «Астана» командасы соңғы үш жылда қатты өзгерді

198 рет
көрсетілді

«Вильярреал» футбол клубының жартылай қорғаушысы Ману Тригерос Еуропа лигасындағы «Астанаға» қарсы ойын жайлы ой бөлісті.

- «Астана» осыған дейін «Вильярреалмен» кездесті. Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар осы уақыт аралығында күшейе түсті ме?

- Үш жыл бұрын дәл осы «Астанаға» қарсы ойнаған болатынмын. Иә, қазақстандықтар осы уақыт аралығында күшейе түсіп, еуропалық деңгейге жетті деп ойлаймын. Себебі, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп үлгерді.

- «Вильярреал» маусымды сәтсіз бастады. Сондықтан жанкүйерлердің ендігі тек жеңістерді күтетіні белгілі. Бұл сіздерге қиындық тудырмай ма?

- Соңғы ойында «Бетисті» жеңген болатынбыз. Олардың мұндай талабы орынды, сондықтан «Астананы» жеңуіміз керек. Себебі, өз жанкүйерлеріміздің алдында өнер көрсетеміз. Тиісті нәтижеге жету үшін аянып қалмайтынымыз анық.

- Соңғы маусымдарда еурокубоктық ойындарда жолдарыңыз болмай жүр. Ал ертеңгі матч...

- Шыны керек, соңғы жылдары Еуропадағы жеңістеріміз оңай болмай жүр. Ертеңгі ойын да бізге жеңіл болмайтыны белгілі. Бірақ жеңіске жеткіміз келеді. Осы мақсатымызға жету үшін барымызды саламыз.

- Ертеңгі ойын сіздер үшін ойдағыдай аяқталар болса...

- Әрине, жеңістен бәріміз үміттіміз. Бірақ бұл нәтиженің кімге де болсын оңай келмесі анық. Бірақ өз алаңымызда ойнау, жанкүйеріміздің қолдауы бізге көмек болмақ. Ертең шабуылға неғұрлым көбірек көңіл бөлуіміз керек.

- «Астана» сапынан кімді ерекше атап өтер едіңіз?

- Шынымды айтсам, «Астананың» ойыншылары жайлы көп білмеймін. Ертең алаңға шыққаннан кейін бәрі белгілі болады. Сол кезде кімге қарсы ойнау қиын болатынын білетін боламын. Ал өзім командама көмектесу үшін барымды саларым анық.

- «Вильярреал» маусымды өте ауыр бастады. Алайда, соңғы ойында «Бетиске» соққан голыңыз команданы артық қиындықтан құтқарды деп ойлайсыз ба?

- Ұжымда бәріміз тек жеңісті ғана мақсат тұттық. Жанкүйер қауымның бізден жеңіс күтуі бір жағынан артық қысым болды деп те айтуға болады. Бірақ екінші жағынан олардың қолдауын да сезіне білдік. Негізі мүмкіндіктеріміз көп болған, тек сәттілік жетіспей жатты. Дегенмен, түптің түбінде үш гол салып, мақсатымызға жеттік.

- Трибунада отырған жандардың қолдауы қаншалықты рөл атқарады деп ойлайсыз?

- Матч кезінде стадионымыздың тыныш болғаны есімде жоқ. Трибунада отырғандар бізді ылғи да қолдайды. Ал олардың ниеті, тілеген тілеулері біздің жеңісімізге үлкен септігін тигізеді.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»