Американы үрей жайлады. Қыркүйек айы басталғаннан бері апаттардан көз ашпаған АҚШ тағы бір қатер алдынды тұр. Техас және Луизиана штаттарын зор күйзеліске ұшыратқан «Харви» дауылының ізі басылмай жатып, Флорида штатында «Ирма» дауылы соқты. Қалалардағы қираған үйлер мен су басқан ғимараттарда есеп жоқ. Адам шығыны да бар. АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауын жайлаған «Ирма» дауылы соңғы ондаған жылдар көлеміндегі Атлант мұхитында пайда болған дауылдардың ең жойқыны көрінеді. Оның алғашқы кездегі қуаты сағатына 300 шақырымды құраған. «Ирма» апатынан есеңгіреген АҚШ-қа енді Мексика бұғазында қалыптасқан «Катя»дауылы жақындап келе жатыр...
Асқақ Американы апаттардың астына алған құдіретті Табиғат АҚШ-тың астамшыл билігіне ескерту жасап, планетамыздың болашағына кесел келтіретін кесірлі шешімдер қабылдаудан сақтандырып тұрған сияқты. Күні кеше Америка Құрама Штаттары климат жөніндегі Париж келісімінен шығу шараларын бастаған еді. Еске сала кететін болсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп «америкалықтар үшін тиімсіз мәміле» деген сылтаумен Париж келісімін мойындамайтынын мәлімдеген болатын.
Бүкіл әлем қолдаған бұл келісім АҚШ Президентіне қалай жақпай қалды? Планетамыздағы ауа райының өзгеруіне қарсы күрес шаралары жөніндегі Париж келісімі 2015 жылы желтоқсанда қабылданды. Оған Қытай, АҚШ және Ресей бастаған әлемнің 197 мемлекетінің өкілетті өкілдері қол қойды. Париж келісіміне қол қою арқылы әлем мемлекеттері қоршаған ортаға таралатын зиянды парниктік газдың көлемін қысқартып, ауа райының орташа жылыну деңгейін 2 градустан асырмау жөнінде адамзат ұрпағы алдында тарихи жауапкершілік қабылдаған болатын. Осы келісім бойынша, климаттық проблемаларды шешу үшін дамушы мемлекеттерге 100 миллиард доллар қаржы бөлу қарастырылған. Ең бастысы, бұл келісімде әлемде ауаға таралатын бүкіл зиянды парниктік газдардың 38 пайызы екі-ақ мемлекетке – АҚШ пен Қытайға тиесілі екендігі атап көрсетіліп, АҚШ-тың 2025 жылға дейін ауаны ластайтын улы газдар көлемін 2005 жылғы деңгеймен салыстырғанда 26-28 пайызға азайтуы қажет екендігі міндеттелген еді. Міне, планетамыздың болашағы үшін ауадай қажет бұл келісімге алғашқыда, яғни 2015 жылы қол қойған АҚШ, енді одан шығу шараларын бастап отыр.
1997 жылы БҰҰ-ның Киотодағы халықаралық саммитінде «Атмосфераға таралатын зиянды газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданды. Киото хаттамасын әлемнің 181 мемлекеті ресми түрде бекітті. Киото хаттамасы – халықаралық деңгейде экологиялық проблемамен бірлесіп күресу жөніндегі адамзатқа ортақ алғашқы маңызды құжат. Хаттамада көмір және жанар-жағармайдан ауаға таралатын зиянды газдардың мөлшерін 1990 жылғы деңгейге қайта жеткізіп, 2008-2012 жылдары 5,2 пайызға дейін азайту қарастырылған. Ол үшін Еуроодаққа кіретін елдер оның мөлшерін арнайы көрсетілген межеге дейін қысқартып, қалған елдер оның мөлшерін белгіленген бір жылдық межеден асырмауға келіскен болатын. Егер хаттаманы қабылдаған елдер өз міндеттемелерін нақты орындайтын болса, 2012 жылы ауаға таралатын газ көлемі 1990 жылғы деңгейге дейін қайта төмендеуі мүмкін еді. Алайда хаттамаға келіскен елдердің барлығы бірдей міндеттемелерін орындауда адалдық танытпады. Әсіресе, «өркениет көшбасшысымыз» деп кеуде қағатын АҚШ бүкіл адамзат мүддесін аяққа басты. АҚШ алғашқыда бұл бастаманы қабылдауда белсенділік танытқанымен, кейіннен Киото хаттамасын орындаудан бас тартты.
Адамзат үшін алаңдамайтын АҚШ билігінің сабасына түсуін күтіп, арқаны кеңге салатын мүмкіндік қалған жоқ. Жаһандық тойымсыз сұраныс салдарынан жер планетасы ауыр апат алдында тұр. «Асау табиғатты бағындыруды» көксеген адамзат әрекетінен табиғат ананың тынысы тарылды. Тарылғаны сол емес пе, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы табиғи апаттар мен сілкіністерден ес жиғызбай барады. Мәңгі жасыл құрылықтарды жаз ортасында қар басып, Гренландияның мұз құрсауларының жыл сайын 250 млрд тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатыр. Кәрі құрылықты топан су басып, Еуразия кеңістігін құрғақшылық жайлап, орыс орманы отқа оранды. Шілде мен тамыз айларында Ресейде мыңдаған орман өрті тіркелді. Орталық Ресейдің ормандарын түгелге дерлік отқа ораған өрт апатынан жүздеген үйлер жанып, тұтас елді мекендер күлге айналды. Мұның бәрі табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы, жаһандық жылыну үдерісінің шиеленісуінің залалы екенін енді ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдар да түсіне бастады. Иә, жаһандық жылыну аңыздан ақиқатқа айналды. Қазіргі таңда жаһандық жылыну үрдісінің қоршаған ортаға орасан зор қауіп төндіріп келе жатқанына ешқандай күдік қалмады. Жер шары қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жылынған. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалуда. Сонымен «жаһандық жылыну қатері» дегеніміз не? Климаттың өзгеру қаупі туралы ең алғаш 1975 жылы сөз қозғалды. 1975 жылы 8 тамызда «Scіence» атты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райының күрт өзгере бастағанын алға тартып, алғаш рет «жаһандық жылыну» терминін өмірге әкелді. Ауа райының өзгеру құбылысын екі мың жылға тарта тарихы бар климатология ғылымы зерттеп келеді. Алайда өткен ғасырдың соңына дейін бұл ғылымның ізденістеріне адамзат қауымдастығы тарапынан аса бір қызығушылық таныла қойған жоқ. Тіпті өткен ғасырдың 60-жылдарында ең алғаш климаттың күрт жылынып бара жатқандығы туралы дабыл қағып, жердің жоғары қабатының қызуы артқанын байқаған белгілі кеңестік климатолог А. Будьконың болжамдарын басқалар түгілі, кейбір ғалымдардың өзі жүре тыңдады. Міне, енді төрткүл дүниенің төрт бұрышында да жердің жоғарғы қабатының қызуы жоғарылап кеткендігі талас тудырмайтын шындыққа айналды.
Алдағы уақытта адамзат үшін апатқа пара-пар тағы бір үлкен қауіптің ұшы Арктикадан басталатын түрі бар. Соңғы деректер бойынша, дүние жүзіндегі ендігі қалған мұнай-газ қорының төрттен бірі арктикалық акваторияда шоғырланған көрінеді. Мәселен, тек Баренц теңізінің Ресейге қарасты Штокман кенішінде 4 триллион текше метр газ конденсатының қоры шоғырланған. Штокман кенішінің қазірге дейінгі анықталған байлығының өзі 500 миллиард доллардан асады. Сөйтіп таяу болашақта Арктика әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасындағы энергетикалық тартыс алаңына айналмақ. Полярлық мемлекеттер құрамына кіретін АҚШ, Ресей, Канада, Норвегия және Дания арасында Арктиканың батпан құйрық энергетикалық байлығын игеру жолындағы алғашқы саясат майданы басталып та кетті. Күні ертең Арктика энергетикалық қуат көздері үшін тартыс алаңына айналып, Солтүстік жарты шардың ен байлығы жаппай игеріле бастаса, жаһандық жылыну үдерісінің еселене түсетіні айдан анық. Тіпті бүгінде белгілі болып отырған жаһандық жылыну қаупі ойыншық болып қалмақ.
Арктиканың ен байлығы жолындағы «қырғи қабақ» соғыс басталып та кетті. Қазірдің өзінде Канада өзінің арктикалық жағалауына он мыңдық әскерін шоғырландырып үлгерді. Ресей өзінің Арктикаға «қайта оралуын» аса жеделдікпен жүргізіп жатыр. АҚШ-та Арктикадағы «май шелпектен» оңай айырыла қоймайтынын көрсетуде. Солтүстік жарты шардағы мол байлықты жылдамырақ иеленіп қалуға асыққан державалар жаһандық жылыну қасіретін уақытша ысырып қойды. Сондықтан да державалық үстемдік қандарына сіңген бұл елдердің ғалымдары да адамзатты толғандырған жаһандық жылыну үдерістерінің себебін адам әрекетінен емес, табиғи құбылыстардың әсері деп дәлелдеуге тырысуда.
Қалай болғанда да, ақыр заманға алып келе жатқан бұл жаһандық жылыну қатерінің алдын алу үшін не істеу керек? Ақиқатын айтар болсақ, бұл ретте адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы қол қусырып отырған жоқ. Алғаш рет өркениетті адамзат 1972 жылы қоршаған ортаның проблемаларын көтерген Стокгольм конференциясында БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау туралы бағдарламасы (ЮНЕП) белгіленіп, 26 қағидаттан тұратын іс-жоспар қабылдады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жер саммитіне әлемнің 182 мемлекетінің делегациясы қатысты. Риодағы Жер саммитінде «21 жоспары» немесе «21 іс-қимыл» бағдарламасы қабылданды. 40 бөлімнен тұратын бұл жоспар қоршаған ортаға адам қызметінің әсері бар салаларға қатысты 2500 іс-шара мен ұсыныс белгіледі. 1997 жылы БҰҰ-ның бастамасымен өткен Киотодағы халықаралық саммитте «Атмосфераға таралатын газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданып, әлемнің 181 мемлекеті қол қойды. Ең соңында, БҰҰ-ның Ауа райының өзгеру жөніндегі конвенциясының аясында 2015 жылы желтоқсанда Парижде өткізілген халықаралық конференцияда «Париж келісімі» қабылданды. Әлемнің 197 мемлекеті қол қойған бұл тарихи құжатты БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун «соңғы мүмкіндік» деп атап көрсетті.
Адамзат болашағының тағдыры таразыға салынған соңғы мүмкіндікті АҚШ билігі тағы да тәлкекке салып, Ақ үйдің жаңа қожайыны Дональд Трамп үстіміздегі жылдың маусым айында Париж келісімінен шығатынын мәлімдеді. Онсыз да тынысы тарылған табиғатқа бұл оңалмастай ауыр соққы болғалы тұр. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, ғаламшар климатының күрт өзгеруіне басты себеп болып отырған парниктік улы газдардың 38 пайызын АҚШ пен Қытай, 13,34 пайызын Еуропалық одақ мемлекеттері, 7,5 пайызын Ресей, 4,1 пайызын Үндістан, 3,79 пайызын Жапония шығарса, әлемнің қалған барлық мемлекеті 33,26 пайызын шығарады екен. Атмосфераға таралатын бүкіл улы газдың басым бөлігін шығарып отырған АҚШ «адамзаттың соңғы мүмкіндігі» – Париж келісімінен бас тартса, басқаларына не жорық?!
АҚШ билігінің ақылға сыймайтын қауіпті шешімі әлемнің есті жұртын есеңгіретіп тастады. «Алдаусыратудың реті жоқ. Климат бойынша «Б» жоспары болмайды, себебі «Б» планетамыз да жоқ. Бүгін АҚШ бүкіл әлемге сырт айналды», деп атап көрсетті Франция президенті Эммануэль Макрон. «Трамп Париж келісімінен шығу арқылы болашақтан бас тартты», деді бұрынғы президент Барак Обама өзегін өртеген өкінішін жасырмай. Иә, құдіреті күшті Табиғат саяси ойыннан туған тәлкекке енді төзбейді. Төрткүл дүниенің жер-жерін жиі-жиі күңірентіп жатқан табиғи апаттар соның айғағы. Америка штаттарының бірінен соң бірін күйзеліске ұшыратып, топан суға толтырған «Харви», «Ирма» және «Катя» дауылдары АҚШ билігін ақылға шақырған ақырғы табиғат ескертулерінің бірі болмасына кім кепіл?!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»