• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2010

САЯСИ ҮНҚАТЫСУ САЛИҚАЛЫЛЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ

1190 рет
көрсетілді

Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың Брюссельдегі жұмысы таңертеңнен қауырт басталды. Соның ішіндегі ең басты отырыс ЕҚЫҰ мен Еуроодақ арасындағы министрлер деңгейіндегі саяси үнқатысу болды. Қанат Бекмырзаұлы алдымен Еуропалық кеңестің президенті Х.Ван Ромпьемен кездесті. Кез­десу барысында ЕҚЫҰ мен Еуропалық кеңес арасындағы ын­тымақтастық мәселелерінің кейбір қырлары талқыланып, оны дамы­тудың жаңа жолдары қарас­ты­рыл­ды. Өзінің сөзінде Х.Ван Рампье Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтеріл­ген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының самми­тін өткізу идеясын қолдайтынын жеткізді. Оның күн тәртібін мазмұнды ету жолында күрделі жұмыстар жүргізу керек, деді ол. Сө­зінің соңында Еуропалық кеңес­тің президенті Елбасы Н.Назарбаевты Брюссельге сапар­мен келуге шақырды. Бұл сапар­дың осы жылдың аяғына дейін жүзеге асырылатыны белгілі. Одан кейін Қ.Саудабаев Еуро­одақтың сыртқы істер және қауіп­сіздік саясат жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен кездесті. Кез­десу кезінде ЕҚЫҰ мен Еуро­одақ арасындағы ынтымақтас­тық­тың болашағы және перспек­ти­ва­лары туралы сөз болды. Сонымен бірге, Қазақстан мен Еуроодақ ара­сындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. К.Эштон ханым Қазақстанның Еуропадағы және әлемдегі энер­ге­тикалық қауіпсіздікті сақтаудағы маңызды орнын атап өтті. Қа­зақстан біздің Орталық Азиядағы маңызды әріптесіміз, дей келіп, ол биылғы жылдың жақын күн­д­е­рін­де өзінің Қазақстанға сапар жа­сай­тынын да жеткізді. Кездесу бары­сында Еуроодақ тарапынан Қазақ­станға нарықты экономикалық ел мәртебесін беру бағытындағы жұ­мыстардың белсендірек жүргізілуі қажеттігі аталып өтті. Мұндай мәр­тебе АҚШ тарапынан 2002 жылы берілсе де Еуроодақ әлі асық­пай келген. Сонымен бірге, кездесу барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тақырыбы да қозғалып, Еуроодақ тарапынан жаңа төрағаның бастамаларына қолдау көрсетілетіні айтылды. Осы күнгі ең басты шара – ЕҚЫҰ мен Еуроодақ арасындағы министрлер деңгейіндегі саяси үн­қатысу болды. Айта кететін жәйт, Еуроодақ пен Қазақстан арасын­дағы саяси байланыстар сонау 1992 жылы еліміз өз тәуелсіздігін енді алған кезеңнен басталған. Сол жылғы наурыз айында Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станға келген Еуропалық ко­мис­сияның вице-президенті Ф.Ан­дрияссен бастаған делегацияны қабылдаған болатын. Одан кейін болған кездесулерде екіжақты қа­рым-қатынастың жаңа қырлары ашылып, ынтымақтастық тереңдей түскен еді. Соның ішінде Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы Брюссельге ресми са­па­ры аясында Еурокомиссияның сол кездегі президенті Ж.Делор­мен келіссөз жүргізіліп, ЕО мен Қазақстанда екі жақтың өкілдік­терін ашу туралы келісімге қол қойылған-тын. Ал 1999 жылдан бері ынтымақтастықтың екі жақты құрылымдарының кездесулері және бірлескен отырыстары тұрақ­ты арнаға көшірілген. Осы құры­лым­дарды атай кететін болсақ, олар: 1. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың орталық атқарушы органдарының бірінші басшыларының деңгейінде бола­тын ынтымақтастық кеңесі. Бұл кеңес құрылғалы бері 9 рет бірлескен отырыстар өткізді. 2. “Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ” атты пар­ла­ментаралық ынтымақтастық ко­митеті. Осы мезгіл аралығында оның 8 отырысы болған. 3. Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы бірінші басшылардың орынбасарлары деңгейіндегі ын­ты­мақтастық комитеті. Оның да осы уақытқа дейін 8 отырысы болды. Еуроодақ Қазақстан мен Ор­та­лық Азияның басқа елдерімен ын­тымақтастықты дамытуға мүдделі­лі­гін білдіріп, 2005 жылы осы аймаққа өзінің арнаулы өкілін де белгілеген болатын. 2006 жылдан бері бұл қызметті Францияның өкілі Пьер Морель атқарып келеді. Еуроодақ пен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынастың негіз­гі өзегі саяси саладағы ынтымақ­тас­тық деп айтуға болады. Соның ішінде аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән беріледі. ЕО Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық байланыстарды дамыту үшін саяси ынтымақтастықтарды күшейту қажеттігін мойындап отыр. Пьер Морель өзінің бір сөзінде: “Ай­мақ­та ортақ бизнестен гөрі ма­ңыздырақ компонент бар. Ол – аймақтағы тұрақтылық. Қазір мұнда тұрақсыздық ошақтары бар екенін мойындауымыз керек. Со­ның ішіндегі терроризм, экстре­мизм есірткі трафигі және ядро­лық қарудың жайылуы сияқты мәселелер жалғыз Орталық Азия­ның ғана емес, жалпымызға ортақ проблемалар. Сондықтан біз ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнат­қы­мыз келсе, тұрақтылық пен қауіп­сіздікті сақтаудың жолдарын бір­ле­се іздеуіміз керек”, деген еді. Демек, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға ежелден бел­сене араласып жүрген және осы қатарда Орталық Азия мем­ле­кеттерінің интеграциялануы қа­жет­тігін үнемі айтатын Қазақстан жағы Еуроодақтың ойынан шы­ғатыны сөзсіз. Сонымен қатар, Қа­зақстан Еуроодақпен ынтымақ­тас­тықты “Еуропаға жол” бағ­дар­ламасы арқылы арттыра түсері анық. Тіпті бұл бастама жалғыз Қа­зақстанды ғана емес, жалпы Ор­талық Азия елдерін Еуропамен ынтымақтасуға итермелейтіні сөзсіз. Осының бәрін көріп отырған Еуроодақ Қазақстанмен ынтымақ­тас­тыққа барынша мүдделі. Кез­де­судің мейлінше жарқын көңілмен, жылы қабақта басталғаны соның айғағы десе боларлық. Айта кететін жәйт, ЕҚЫҰ мен Еуроодақ арасындағы мұндай кез­десулер тұрақты дәстүрге айнал­ған. Еуроодақ атынан кездесуге оның қазіргі төрағасы, Испания­ның Сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратинос келді. Ал ЕҚЫҰ атынан Іс басындағы төраға, Қа­зақстанның Мемле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтан басқа ЕҚЫҰ-ның бұрынғы және келесі төрағалары Грекия мен Литва сырт­қы істер министрлері мен Ұйым­ның Бас хатшысы П.Бришамбо қатысты. Алдын ала айтар болсақ, та­рап­тар арасындағы саяси үнқатысу деп аталатын бұл кездесуде қаты­сушылар “Корфу процесі” секілді кеңесу шарасының маңызды­лы­ғын атап өтіп, осы мәселеге бай­ланысты биылғы жылы сарап­шы­лардың сегіз отырысы болатынына қанағат білдірді. Кездесуде көте­ріл­ген екінші күрделі мәселе Ауған­стан проблемасы болды. Ондағы жағдайды реттеудің ай­мақ­тық қана емес, еуропалық, тіп­ті әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығы аталып өтіл­ді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе созылып кеткен кикілжіңдерді реттеу мәселелерін талқылауға ар­налды. Олардың қатарында Днестр жағалауы проблемасы, Таулы Қарабақ кикілжіңі, Грузин-осетин проблемасы барын еске саламыз. Тараптар оларды реттеуге ықпал етудің қажеттігін, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек­тігін атап көрсетті. Саяси үнқатысудың жақсы кө­ңіл-күймен басталғанын жоғарыда айттық. Онда М.А.Моратинос Қа­зақ­станның мұндай кездесуге қа­тысқанының өзі оны жаңа тұр­пат­тағы форматқа көшіріп, ерекше реңк беретінін атап өтті. Бұрын бұл кездесу Еуропа елдерінің қа­тар­дағы жиыны болатын, енді олай емес, оның ауқымы ұлғайып, ЕҚЫҰ мен ЕО кездесуі деп атала­тын болды, деді ол сөзіне үлкен мән беріп. Бұл жерде ол кезде­су­дің әлемдік мәртебесі арта түс­ке­ніне ишара жасаған еді. Одан әрі сөзінде Моратинос Қазақстанның Президент Н.Назарбаев жария­лан­ған бастамаларын қолдайтынын жет­кізді. Өйткені, деді ол, бұл бас­тамалар еуропалық қана емес, еур­азиялық, еуратлантикалық қауіп­сіз­дікті сақтауға жаңа серпін бере­ді. Сонымен бірге, Қазақстанның бастамалары ЕҚЫҰ себеттерінің тепе-теңдігін қалпына келтіруді мақсат тұтады. Ал бастамада көте­ріл­ген энергетикалық қауіпсіз­дік­тің әлем үшін маңыздылығы өте зор екені айтпаса де белгілі, деді ол. Осы бағыттағы сөзінің соңын­да Еуроодақ төрағасы Қазақстан­ның төзімділік тақырыбын көте­руі­нің де маңыздылығын атап өтті. Осы мәселеге байланысты үсті­міз­дегі жылы Астана қаласында өте­тін бүкіләлемдік конференцияның маңыздылығы өзінен өзі айқын болып тұр. Ал Қазақстан Прези­ден­тінің ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы мәселесіне байла­нысты оны қолдайтынын жеткізе келіп, ЕО өз тарапынан оны өткізу жұмыстарына белсене қатысу ниетінде екендігін айтты. Саяси үнқатысу аяқталған соң Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев тағы да бірнеше екіжақты кезде­су­лер өткізді. Оның ішінде Испа­ния сыртқы істер министрі М.А.Моратинос, Бельгия сыртқы істер министрі С.Ванакере және Еуропалық Парламенттің төрағасы Е.Бузек бар. Бұл кездесулер туралы біз келесі мақаламызда толығырақ жазатын боламыз. Жақсыбай САМРАТ – Брюссельден.