Капитализмді немен ауыстыруға болады?
Өткен сенбі, сірә, тарихта қалатын шығар. Капитализмге әлеуметтік қарсылық күні ретінде, жаңа бір күрестің басы ретінде ақпарат құралдарының хабарлауынша, қарсылық акцияларына әлемнің 82 еліндегі 951 қаланың тұрғындары үн қосқан көрінеді.
Тарих капиталистік жүйеге қарсы социалистік революциялардың болғанын, белгілі бір мерзімде сол социалистік жүйенің өмір сүргенін де біледі. Бірақ өткен сенбідегі қарсылықтың сипаты ХХ ғасырдағы социалистік революциялардың сипатынан мүлде өзгеше. Ең басты өзгешелік – капиталистік жүйедегі билікке және қаржылық алпауыттарға қарсы бой көтергендер сол халықты сүліктей сорған жүйені немен алмастыру керек екеніне жауап таба алмай отыр.
Әбден сіңірі шығып кедейленген қауымның шылқа байығандарға қарсы әлеуметтік күресінің қозғаушы күші интернет болғанын да оның басты сипаты деп тұжырымдаса жөн шығар. Жоғарыда аталған 951 қаланың халқын бір мезгілде қарсылыққа көтерген де сол интернеттің әлеуметтік жүйесінің хабарларды жан-жақты таратуының арқасында мүмкін болды. Бұл қарсыластар қатарын көбейтіп қана қойған жоқ, оған белгілі тұлғаларды да тартты.
Бұл ретте жұрт алдымен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Горды ауызға алады. Ол қарсыластар қозғалысы америкалық экономикалық жүйенің кемшіліктерін көрсетті деп мәлімдеді. Ал атақты миллиардер Уоррен Баффеттің баласы Говардтың қаржы алпауыттарының бұқара халықты алдап келгені туралы айтқандары әжептәуір әсерлі естілді. Сол алпауыттардың өкілі солай десе, жұртшылық оны білген соң айтады деп қабылдайтыны белгілі.
Қазан айының тура ортасында өткен бұл капиталистік жүйе билігіне, қаржылық алпауыттарға қарсы қозғалыс «Ашу-ыза күні» деп аталды. Көтерілгендер ең алдымен биржа орталықтарына «шабуыл» жасады. Бұл «шабуыл» сөз жүзіндегі әрекет қана еді. «Уолл-стритті басып ал!» акциясы Нью-Йорк орталығындағы шерумен шектелді. Ал Лондон биржасына «шабуыл» жасаған бес мыңдай шерушілерді полиция оп-оңай қуып жіберген соң, олар қаланың бір скверінде шайлаларын тікті. Өздерінің мәлімдеуінше, олар үкімет басшысы Дэвид Кэмерон қызметтен кеткенше сонда қала бермек көрінеді.
Дегенде, «капитализмге қарсылар» қатары әлемдік-экономикалық дағдарыстан жапа шеккен Еуропа елдерінде қалың болды. Айталық, Испанияның 71 қаласында тұрғындар билікке қарсы «ашу-ызасын» білдірген. Барселонада 400 мың, Мадридте 500 мың адам көшеге шыққан және шерулерін, митингтерін ұйымшылдықпен өткізген. Ал Италияның астанасында көшеге шыққандар бұлардан аздау болғанмен, әрекеттері белсендірек болыпты. 150 мың римдіктердің арасына кірген 400-дей әсірерадикалдар алдымен қорғаныс министрлігінің ғимаратына от қойып, онан соң дүкендерді қиратып, автокөліктерді өртеген. 70 адам жараланыпты. Қираған, бүлінген дүниенің мөлшері әлі анықталып жатыр.
Израиль капралы мың арабқа баланды
Бес жыл бойы палестиналықтардың түрмесінде жатқан израиль әскериі Гилад Шалит ұзақ келіссөзден кейін еліне қайтарылды. Оған жауап ретінде израиль түрмесінен мыңнан астам палестиналық жасақшылар да отанына оралмақ.
Бұл туралы газетімізде бұрын хабар шықса да, оқиғаның астарына үңілуді жөн көрдік. Ең алдымен, осы оқиғаның жүзеге асқаны екі жақ арасындағы қарым-қатынаста жаңа бір бет-бұрысты аңғартады. Бұған жақындағы БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекеттігін тану мәселесінің талқыланғаны да әсер еткені анық.
Иә, Израиль қорғаныс әскері капралының босатылуы үлкен халықаралық оқиғаға айналып, әлемнің телеарналары соңғы күндері өз хабарларын осы оқиғаны көрсетуден бастап жүрді. Гилад Шалиттің алдынан Израиль үкіметінің басшысы Беньямин Нетаньяху шығып, қарсы алды. Бүкіл ел жалаулатып-кернейлетіп, бейне сол қатардағы жауынгер жауды жапырып келгендей құрмет көрсетілді.
Арабтар Гилад Шалит үшін көп нәрсе сұрады. Түрмеде жатқан барлық жасақшыларды босатыңдар деп талап етті. Басқа бас есебін олар ауызға да алған жоқ. Ал Израиль үкіметі өз адамын қалай да босату жолын іздеді. Тіпті, сол үшін Газа секторына шабуыл да жасады. Бірақ бұл жолдың жақсылыққа апармайтынына, жеме-жемге келгенде, арабтар Шалитті өлтіруі де мүмкін екеніне көздері жеткен соң, келісім жолына тоқтады. Ақыры капралды босату үшін олар 1027 палестина жасақшысын қайтаруға уәде берді.
Мұны екі жақ та өздерінше жеңіске санайды. Израиль өз азаматын босату үшін қандай да құн төлеуден бас тартпайтын биік мақсатты ел екенін дәлелдеді. Ал мыңнан аса отандастарының елге оралатыны палестиналықтар үшін шын мәнінде жеңіс те, шексіз қуаныш та еді. Ешқандай соғыспен мұндай нәтижеге жете алмас еді. Келісім бойынша алғашқы кезекте 477 адам, оның 27-сі әйел, Палестинаға оралса, қалған 550 адам келесі айда еліне қайтады.
Дегенде, Израиль қауымында бұл оқиғаға баға әртүрлі болып отыр. Қуанғандар көп. Бірақ ең алдымен экстремистердің құрбаны болғандардың «Альмагор» ассоциациясы Шалитке көп «құн» төленгенін айыптайды. Оның үстіне 1100 палестиналық белсенді экстремистердің босатылуы жағдайды қиындата түседі дегенді айтады. Сондай-ақ, енді палестиналық экстремистер алда тағы да саудаға салу үшін адам ұрлауды күшейтетін болады деген күдікті алға тосады.
Қалай болғанда да, келісімге қол жетіп, тұтқындардың алмасуы екі жақты қарым-қатынастағы жақсылықтың нышаны екенін айтқан жөн.
Мамадияр ЖАҚЫП.