Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары А.Хамедов: «Латын әліпбиіне қазақ тілінің көшуі кезегін күттірмейтін, өз уақытында қолға алынған игілікті шара. Елбасы «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында оның мәні-жайын егжей-тегжейлі айтып, ұлт ертеңі үшін жасағалы отырған бағалы қадам деп түсіндірді. Бұл іске мемлекетімізде өмір сүріп отырған барлық этнос өкілдері бір кісідей атсалысуы керек», деді.
Жиынның модераторы болған Алматы қаласы халық Ассамблеясы филиалы төрағасының орынбасары К.Мамсуров жиынды өте жинақы жүргізіп, жуырда ғана Парламентте талқыланған латын әліпбиінің ұсынылған нұсқасына қатысты әртүрлі пікірлердің айтылып жатқанын сөз етті. «Барбанг» күрд қауымдастығы төрағасы К.Мирзоев: «Біз латынға көшпейміз. Оған ораламыз. Өйткені қазақ елі өткен ғасырдың басында осы графикамен оқыған. Қазақ тілінің тарихында неше әліпби болды, сол өткелдердің бәрінен аман өтіп келе жатыр. Енді бұл әліпбиге де көшіп, рухани құндылықтарды болашаққа аман жеткізеді», деп тілдің тарихы туралы, латын әліпбиінің қазақ тіліне икемділігі туралы айтты. Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі М.Ахетов: «Елбасы бастамасындағы латын әліпбиіне көшу жұмысы қоғамда қызу талқыға салынып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі мен орыс тілінің ендігі жағдайын анық айтты. Орыс тіліндегі басылымдар кирилл әрпімен шыға береді. Қазақ тілі дербес дамиды», деді.
Тіл – кез келген мемлекеттің, ұлттың біріктірушісі. Мемлекеттік тілдің еліміздегі мәртебесі латын әліпбиімен беки түсіп, жетекші тілдік күшке айналады деп қорытынды жасады жиынға қатысушылар.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ