• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Қыркүйек, 2017

«Мен әлі үлкен спортқа ораламын»

343 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавл қаласына ере­же­сіз жекпе-жек түрлері бойынша республикалық федерацияның през­ид­енті Анатолий Ким мен бірқатар жат­тық­тырушылар келді. Ажал аузынан аман қалса да, өмірлік ғаріп болып қал­ған Ербол Хамитовтың жағдайын ес­ті­геннен кейін, олардың моральдық қолдаумен қатар материалдық жағынан да көмек қолдарын созуы айналамыз жү­рек жылуын жоғалтпаған жан­да­р­ға толы екенін байқатса керек. 

Адам­гер­ші­­лік қасиеттерді ардақтайтын із­гі қа­дам биыл колледж бітіріп, одан әрі Отан ал­дындағы азаматтық боры­шын өтеу­ді, жо­ғары білім алуды, жат­тық­ты­ру­шы бо­­луды мақсат еткен 19 жас­та­ғы боз­ба­ланы қанаттандырып, өмірге деген құштарлығын арттырған еді. 

Ербол жастайынан спортпен айналысып, шымырланып, шынығып өсті. Осыдан үш жыл бұрын жекпе-жек және джиу-джитсумен жүйелі түрде шұ­ғыл­дана бастаған. Күрестің әдіс-тәсіл­де­рін жетік меңгерудің арқасында қа­ла­лық, об­лыстық жарыстарға қа­ты­сып, бір­неше рет топ жарды. Рес­пуб­ли­­калық тур­нирлерде жүлдегер атанды. Оның ең­­бекқорлығын, жанкештілігін фе­де­ра­ция басшылығы жоғары бағалап, құ­ра­маға қабылдаған болатын. Өмірдің бұ­ралаң жолдарында қиын жағдайға ұшы­раған кезде қамқорлығына алды. 

Осы жылдың 29 шілдесі оның тағ­дырын мүлдем басқа арнаға бұрып жі­бер­ді. Жастық кезеңнің нағыз шешек ат­қан кезінде тағдырдың тәлкегіне ке­зі­гемін деп еш ойламаған шығар. Қа­ладағы «Парк-Сити» түнгі клубында екі жігітпен болған жанжал ба­рысында бұған суық қару кезеніп, күш көрсетілді. Намысты жас одан ыға қоймаған. Осы ойын-сауық орталығы жанында «Барыс» баскетбол командасының ойыншысы Игорь Нанаевты бір топ әу­месер жабыла ұрып, оның соңы өлім­ге соқтырғанын айта кет­кен жөн. Ер­теңіне қос тарап кездесу орнын бел­гілеген. Спортшы жігітке күш­те­рі жет­песін білген әлгі екеу шолақ мыл­тық­­тан бірнеше рет оқ атқан. Нәт­и­же­сінде, Ербол ауыр жараланып, ауру­ха­­наға жеткізілген. Оның сол аяғын ті­зеден жоғары жерден кесуге тура кел­ді. Осы қылмыстық іске қатысты де­ген күдікпен үш адам тұтқындалып, тер­­геу амалдары жүргізілуде. Олар үш қыл­­мыстық оқиға бойынша айыпта­лып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бос­­­тандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Ербол ауруханадан шыққанымен, әлі құлан-таза айыға қойған жоқ. Әзірге про­тез киюге болмайды. Оның бағасы 10 миллион теңге тұратын көрінеді. Ер басына түскен осындай қысылшаң шақ­та достары, туыстары, әріптестері демеу көр­сетті. Еліміздің әр түкпірінен қолдау білдіріп жатқандар да аз емес.

– Мен жай ғана өмір сүруді қала­май­мын. Алдағы мақсатым – үлкен спортқа қай­та оралу. Паралимпиялық ойындарға қа­тысу арқылы бәсекелестігімді, қол-ая­ғы балғадай спортшылардан кем емес­тігімді дәлелдеу. Оған ерік-жігерім де, күш-қайратым да, тәжірибем де то­лық жетеді. Жара жазылып, бабыма кел­ген соң бірден спорт залға тартамын. Жү­зу­мен, джиу-джитсумен, грэпплингпен айналысамын, – дейді Ербол жасқа тән жігерлі үнмен. 

Оның үлкен асуларды бағындыра ала­тынына жаттықтырушысы Ғабит Өте­нов те бек сенімді. Өз тағдыры өз қол­ында екенін қапысыз ұққан Ербол спорт залға барғанша асық. 

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы