Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Ел боламын десең...» тақырыбында этнограф, жазушы Зейнеп Ахметовамен сырласу сағаты өтті.
Облыстың зиялы қауымы, жастар, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысқан жиында Алаш үшін ардақты Бәукеңнің, Бауыржан Момышұлының келіні тағылымды ойларымен бөлісті. Сырласу кешін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев жүргізіп отырды.
– Бақытжан дүниеден өткеннен кейін күйреп қалғандай күй кештім, – деді батырдың келіні. – Қазақта көңіл шәй деген болады. Осындай күйзеліп жүргенімде Оңтүстік Қазақстан облысының халқы көңіл шәйға шақырып, қайғымды жеңілдетті, өз-өзіме келуіме жәрдемдесті. Сондықтан, халқымыздың салт-дәстүрлерін барынша ұстайтын, ұлттың ұйытқысына айналған Оңтүстіктің орны мен үшін қашанда ерек. Әдемі әзіл, жарасымды сырласумен өткен кеште талай әңгіменің тығыны ағытылды.
«Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап». Қазақтың тағылымды қанатты сөздерінен тұздық жасаған Зейнеп Ахметова ұлттық қасиетті ардақтау жайын айтты. Салт-дәстүр дегенде көпшіліктің бесікке салу, тұсау кесу, беташар сияқты ғұрыптарды бер жағынан ғана білетіндігін мысалға келтірді.
Ұлттың тәрбиесі – анадан. Сондықтан да, «ана бір қолымен – бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Жазушы Зейнеп Ахметова қазақ қыздарының кейбір бейәдеп қылықтарын сынап, жақсы келін болуға талпынудың жайын айтты. «Әр қазақ келіні – ене мектебінен өту керек» деген жазушы енелердің осы қасиетті атауға лайықты болуын жақсы мысалдармен ұғынықты жеткізді. Әсерлі кеш жүрекке жақын сырласуға ұласты.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы