Бүгін, яғни жұма күні Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) І Саммиті басталмақ. Ал кеше Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болып өтті.
Түркі Кеңесін құру туралы шешім 2009 жылғы 3 қазанда Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Нахчыван саммитінің қорытындысы бойынша қабылданғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда Түркі Кеңесіне төрт мемлекет – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше болып табылады.
Кеше осы төрт мемлекеттің сыртқы істер министрлері бір жерде тоқайласып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен бүгін өткізілетін Түркі Кеңесінің І Саммитіне соңғы дайындық жұмыстарын талқылады.
Отырысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашып, алдымен Түрік Республикасының оңтүстік-шығысындағы лаңкестік әрекет құрбандарына байланысты Түркия Үкіметі мен түрік халқына, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен туған-туысқандарына Қазақстан жұртының атынан көңіл айтты.
– Орны толмас қасіретті бауырлас түрік халқымен бөлісе отырып, терроризмге қарсы түркі халықтарының бірлескен әрі табанды күресін одан әрі жандандыру қажет деп санаймыз, – деді қазақстандық министр. Осыдан кейін ол маңызды шараның Әзербайжан, Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздіктерінің 20 жылдығында өтуінің нышандық белгісі бар екендігін айтты.
Еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы Алматы Саммиті тарихымыздың, тіліміздің және мәдениетіміздің ортақтығына негізделген мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтуға бағытталған жаңа асулы кезең де ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек ете келе: – Түркі Кеңесі қандай да болсын үшінші елдерге қарсы бағытталмаған. Өз қызметінде біздің елдеріміз өкілдік ететін Біріккен Ұлттар Ұйымы мақсаттары мен қағидаттарын, халықаралық құқық нормаларын, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде қабылданған міндеттемелерін толық қолдайтындығын атап өту маңызды, – деді. Министрдің мәлімдеуінше, келешекте Түркі Кеңесі шеңберінде Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымы – ТҮРКСОЙ, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА), Түркі Кеңесінің Ақсақалдар кеңесі және басқа да сол сияқты дербес қызмет ететін институттар жұмысын үйлестіру шараларын іске асыру қажет.
Оған қоса Түркі Кеңесі қамқорлығымен Астана қаласында құрылып жатқан «Түркі академиясының» қызметін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүзеге асуы тиіс. Осы халықаралық ұйымды құруды тездету мақсатында Хатшылық мүдделі тараптармен аталған жалпытүркілік институт келісімінің бейімделген жобасын келістіру жұмысын үдету керектігі көрініп отыр.
– Бас хатшы, елші Халил Акынджидің басшылығымен Түркі Кеңесі Хатшылығының үдемелі дамуына маңызды мән беріледі. Хатшылық жоғары деңгейдегі кездесуді, сарапшы топтың отырыстарын және жалпытүркі басымдықтарын анықтайтын құжаттарды сапалы әзірлеуін қамтамасыз ететініне кәміл сенеміз, – деді Е.Қазыханов. Қазақстандық министр Түркі Кеңесінің Ақсақалдар кеңесі институтының жұмысын және оның аясында екі отырыс өткенін ризашылықпен атап өтіп:
– Осы жылғы 30 қыркүйекте өткен Ақсақалдар кеңесі екінші отырысының барысында Түркі Кеңесінің туы мен эмблемасының жобалары, әлемдік мұраның бейматериалды құндылықтар тізімі үшін туындыларға ұсыныстар, ЮНЕСКО шеңберінде «түркі тобын» құру бастамасы, түркі тарихын тану туралы фильмдерді дайындау мүмкіндігі және басқа да мәселелер қарастырылды, – деді. Баршаға мәлім болып отырғандай, І Саммиттің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірқатар өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша түркітілдес мемлекеттердің келісілген ұстанымы мен экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізделген бағыттарын анықтайтын Алматы декларациясына қол қоймақ.
Мемлекет басшыларының шешімімен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданған Түркі Кеңесінің рәсімдер ережесі бекітілетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.
Суретті түсірген Борис БУЗИН.