Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Шелек ауылында бес жүз орындық жаңа мешіт бой көтерді. Өте қысқа мерзімде тұрғызылған бұл мешіт тек құлшылық орны ғана емес, ауыл халқының басын біріктіретін татулық ұясына да айналғандай.
Отыз мыңнан аса тұрғыны бар Шелек ауылының бұрынғы мешіті ертеректе салынғандықтан, онда көп адамның намаз оқуына мүмкіншілік болмай келген еді. Ауыл халқы көптен бері жаңа мешіт салуды ниет етіп, қаржы мәселесін шешу үшін талай бастама көтерген. Үш жылдан бері шешімі табылмай келген мәселе, Алла қолдап, биыл жүзеге асып отыр.
Жергілікті әкімдік пен ауыл тұрғындары кәсіпкер Д.Кузиевтен мешіт соғуға жәрдем беруді көптен бері сұрап жүрген. Көктем айларының бірінде Шелек ауылының ақсақалдарымен болған басқосуда белгілі кәсіпкер Ділмұрат Кузиев ауыл мешітінің құрылысын қаржыландыруды мойнына алып, мешіттің жобасы мен орынын халықтың өзі таңдаса деген өтініш білдірген. Көп ұзамай, осы Шелек ауылының тұрғыны Белал Ушуров дейтін жас кәсіпкер ауылға кіре берістегі өзіне тиесілі жер телімін мешіт соғатын орын ретінде тегін беріп, сонымен қатар құрылыс жұмысын жартылай қаржыландыруға ниет білдірді. Ауданның белгілі азаматы, қайырымдылық шаралардың үнемі бел ортасында жүретін Болат Нұрғазиев болса бұл игі істі қаржыландырып қана қоймай, мешіттің жобасын жасау, сәулеттендіру және басқа да маңызды шаруаларын өз мойнына алды. Ұйымдастырушылар мешіт құрылысын жүргізумен қатар, ауыл тұрғындарын осы шараға жұмылдыруды, елдің ішкі татулығы мен келісімін нығайтуды көздеп, Шелек қоғамдық бірлестігін құрды. Бірлестіктің төрайымы етіп Т.Кенжеева атындағы орта мектептің директоры Ардақ Қырықбай тағайындалды.
Мешіт құрылысына ауыл тұрғындары жаз бойы жұмыла кірісті. Түрлі ұлт өкілдері ғана емес, өзге дін өкілдері де Алланың үйін салуға атсалысты. Құрылыс жұмысынан өзге, жұмыскерлерге тамақ әзірлеу, гүл отырғызу, ауланы абаттандыру секілді шаруаны жергілікті халықтың өзі атқарды. Оның сыртында Шелек бірлестігінің есеп-шотына қаржылай көмегін аударған тұрғындар да жетерлік.
– Мешіт руханияттың, мәдениеттің, сондай-ақ бейбітшіліктің ордасы. Барша ұлт өкілдерін ғана емес, күллі адамзаттың басын Жаратушының алдында біріктіретін қасиетті орын. Мешітті тек ғибадат үшін соқпайды, ұрпақ болашағы һәм адамзат тыныштығы үшін, бүгінгі буын мен келешектің татулығы мен ынтымағын нығайту үшін тұрғызады. Бұл қасиетті үйді де біз құрылысын бастаған кезде сондай ниетпен қолға алдық, – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген кәсіпкер Д.Кузиев.
Шелек ауылындағы еңселі жаңа мешіттің ашылу салтанатына КМДБ төрағасының бірінші орынбасары Мұхаммед Хусейн Алсабеков бастаған дін және зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарына деген жылы лебіздерін білдірді.
Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.