Парламент Сенатының биылғы жылға арналған Негізгі шаралар жоспарына сәйкес, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Алматы қаласы мен Алматы облысында мемлекеттік шекараны қорғау мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Көшпелі отырыс аясында депутаттар «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында болып, Қазақстан және Қытай бөлігінің жұмысымен танысты. Сенаторларға орталықтың жекелеген жобалары жөнінде айтылып, сондай-ақ орталық аумағында іске асырылған инвестициялық жобалар туралы хабардар етілді.
Сондай-ақ, комитет мүшелері сапар барысында «Шығыс» аймақтық басқармасының «Қорғас» шекара заставасында және Жаркент шекара отрядында да болды. Депутаттар техникалық жабдықталу және жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру барысымен, сондай-ақ жеке құрамның тұрмыс жағдайымен жақыннан танысты.
Бөлімше басшысы Р.Рамазанов депутаттарға отрядтың күнделікті жауынгерлік қызметі мен жауапты бөліктің қазіргі жағдайы туралы кеңінен баяндады.