Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.
Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық дей отырып: – 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», деген болатын.
Осы орайда, Мемлекет басшысының бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жуырда Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мемлекет тарихы институты «Латын әліпбиіне көшу тәжірибесі: кейбір мәселелері мен келешегі» атты дөңгелек үстел өткізді. Келелі кеңеске ғалымдар, қазақ тіл білімінің мамандары, жоғары және орта білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген тарихшылар мен ғылыми қызметкерлер қатысты.
Басқосудан түйгеніміз – Елбасы тарапынан ұсынылып отырған қазіргі әліпби ауыстыру мәселесі, әуелі өз қалауымызбен, қазақ халқының санғасырлық тарихындағы өз еркімен жасаған тұңғыш таңдауы екен. Бұған дейін біздің не істеп, не қоятынымызды басқалар шешіп келіпті. Яғни, соңғы төрт ғасырда ұлтымыздың руханияты отарлаушылар бұйырған ішірткіні ғана пайдаланған екен.
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін араб графикасын қолданып келді. Осы әліпби арқылы кем дегенде 10 ғасырдан астам ұлттың тарихы, фольклоры, генеологиялық шежіресі, мемлекеттік хат-хабар құжаттары жүргізілді. Қолымызда бар дереккөзге жүгінсек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы араб графикасымен сақтаулы тұрса, қазан төңкерісіне дейін 1200 кітап қазақ тілінде араб әрпімен жарық көріпті.
Ресейлік отарлау саясаты ең алдымен қазақты осы жазуынан ажырату арқылы тарихи жады мен дәстүрінен мақрұм етуді көздеді.
«Бұлай етудің мәні – отарланған халықтарды ұзақ уақыт қолдан шығармай шідерлеп ұстаудың кілті қара күште емес екенін түсінген патшалық өкімет – халықтың тарихи жадын үзудің, оны қайта оралмастай келмеске кетірудің шешуші буыны, адастырмас кілті – сол халықтың ғасырлар бойы пайдаланып келген ұлттық жазу таңбаларын жойып жіберуден басталады», дейді филолог ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Нәтижесінде Сталин түркі халықтарына 1930 жылы латын жазуын қабылдатты. Сталиннің тапсырмасын орындау жолында аянбай еңбек сіңірген Голощекиннің орталыққа жазған хатында: «...қазақ әліппесін ауыстырып, олардың ұрпақтарын өзінің тарих-тамырын тума көзінен оқып-білетін қабілетінен айырдық» десе, «Еңбекші қазақ» газетінің 1931 жылы 25 мамыр күнгі санында: «Жаңа әліпбиді білмеймін» деп айтқан қызметкер халық жауы ретінде сотқа тартылатыны жайлы үкім жарияланған.
Бірақ латын әліпбиінің де ғұмыры ұзаққа бармады. Қазақтарды қайтадан кирилл әліпбиіне көшіру бастамасы 1937 жылы көтеріліп, 1940 жылы қабылданды. Бар-жоғы оншақты жылдың ішінде отарлаушылар дүркін-дүркін емле өзгерту арқылы, түркі халықтарын бір-бірімен жазбаша түсінісе алмайтын жағдайға жеткізді.
Осы орайда, дөңгелек үстел басында арнайы баяндама жасаған А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің пайымына жүгінсек, қазақ қоғамы үшін қазіргі әліпби ауыстырудың мәні басқаша, бұл – бұған дейінгі, яғни тәуелсіздіктен кейінгі жүргізіліп келген Елбасы саясатының жарқын жемісі. Әліпби ауыстыру дегеніміз – әріптің таңбасын өзгерту емес, оның саяси мәні терең. Бұл тілдік реформа. Сондықтан да оның аса нәзік тұстары көп. Ешқашан науқаншылдыққа салынуға болмайды, деді Ерден Задаұлы.
Екінші баяндамашы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов Елбасының 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек деген тапсырмасын басшылыққа ала отырып жұмыс жасаудың тиімділігін ескертіп өтті. Сонымен қатар Зиябек Ермұқанұлы «латын әліпбиіне көшу барысында бұл істі бізден бұрын бастан кешірген Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Молдова сияқты елдердің тәжірибесінен көп үйренуіміз керек», дегенді алға тартты. Өйткені олар латынға көшу барысында кеткен кемшіліктерді жыл сайын түзеп, жетілдіріп отырған екен.
Осы орайда «латын әліпбиіне көшсек не ұтамыз?» деген заңды сұрақ туары анық. Айталық, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Сейітқали Дүйсеновтің келтірген дерегі бойынша, қазір әлемде барлығы 220-ға тарта жеке мемлекет болса, оның 112-і, яғни 50 пайызы латын графикасын қолданады екен. Тіпті соңғы жылдары Қытай, Жапония сияқты дара елдердің өзі барлық жарнама агенттерінің ақпараттық стилін латынға ауыстырған. Оның сыртында дәл қазір ғаламдық саясат пен экономиканың тіліне айналған ағылшын тілі латын әліпбиі негізінде қызмет жүргізуде. Ғаламның шалқар көші қазақ қалып қойды екен деп күтіп тұрмайды. Сондықтан қазақ ғалам көшінен қалмауы керек. Бізді әлемдік бәсекелестікке бастап апаратын тетік – латын әліпбиі. Оның сыртында латын жазуы ұлт руханиятына ұзақ жыл үстемдік етіп келген орыс тіл әлемінен бізді алшақтатып, Елбасы айтып жүрген нағыз рухани жаңғырудың тетігіне айналдырар қуаттың өзегі болмақ.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»