Қаржылық тұрақтылық пен отбасының болашағын ойлаған адам үшін өмірді сақтандыру маңызды. Мамандар полис таңдауда ең алдымен оның қандай мақсатқа қажет екенін айқындап алуға кеңес береді: жинақтау ма, инвестиция ма, әлде күтпеген жағдайдан қорғау ма? Яғни, нарықта ұсынылатын өнімдер көп, шарттары әртүрлі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өмірді сақтандырудың басты мақсаты – сақтандырылған адамның өзіне немесе оның отбасы үшін қаржылық қорғаныс қалыптастыру. Бұл отбасын асыраушы қайтыс болған жағдайда немесе еңбекке жарамсыздық туындаса, бір реттік төлем алу, несие міндеттемелерін жабу не ұзақ мерзімді қаржылық жоспар құру болуы мүмкін. Осыған қарай сақтандырудың түрі де таңдалады.
Nomad Life компаниясындағылар бұл айырмашылықты қарапайым сұрақ арқылы түсіндіреді.
«Егер адам қайтыс болған немесе мүгедек болып қалған жағдайда отбасы ақша алуы маңызды болса, бұл – тәуекелді өмірді сақтандыру. Мұнда жинақ та, табыстылық та жоқ, тек қорғаныс бар. Ал белгілі бір мерзімге капитал жинау – баланың біліміне, зейнетке немесе ірі сатып алуға қаржы жинау мақсаты тұрса, бұл жинақтаушы өмірді сақтандыру. Онда қорғаныс жинақпен және инвестициялық табыспен қатар жүреді. Өзіңізге бір ғана сұрақ қою керек: «Егер маған ештеңе болмаса, салған ақшамды қайтарып ала аламын ба?» Егер жоқ болса – бұл таза қорғаныс. Ал иә болса – жинақтаушы немесе инвестициялық өнім», дейді Nomad Life өкілдері.
Шарт жасасу кезінде клиент сақтандыру өтінішінде тәуекелдің ықтималдығына әсер ететін барлық маңызды мән-жайды көрсетуге міндетті. Денсаулық жағдайы, бұрынғы диагноздар, өмір салты – мұның бәрі сақтандыру тарифі мен төлем көлеміне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар сақтандыру сомасы да отбасылық табыс пен қаржылық міндеттемелерге сай болуы тиіс. Әйтпесе сақтандыру жағдайы туындағанда оның пайдасы шамалы болуы мүмкін.
Кейбір жүргізушілер үшін автосақтандыру құны арзандайтын болды
BCC Life басқарма мүшесі Талғат Дүйсебаев полис шарттарымен қатар компанияның өзіне де назар аударуды ұсынады. Оның айтуынша, нақты бір полистің талаптарымен шектелмей, сақтандыру компаниясының қай қаржы тобына кіретінін, оның нарықтағы тұрақтылығы мен беделін бағалау маңызды. Клиент шарттың талаптарын, сатып алу (выкуп) сомасының тәртібі мен мөлшерін, комиссия құрылымын алдын ала білуі керек. Т.Дүйсебаев өмірді сақтандыруды ұзақ мерзімді қаржылық қорғау мен жоспарлау құралы ретінде қарастыруды ұсынды. Шартты мұқият зерделеу мен кәсіби кеңес жеке қаржылық мақсаттарға сай сенімді сақтандыру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі нарықта өмірді сақтандыру өнімдері шартты түрде үшке бөлінеді. Біріншісі – тәуекелді, яғни қорғаныштық сақтандыру. Оның мақсаты – күтпеген жағдай туындағанда жақындарыңыздың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екіншісі – жинақтаушы және инвестициялық сақтандыру, мұнда қорғаныс капитал жинаумен ұштасады. Үшіншісі – зейнетақы аннуитеттері.
Halyk Life мамандары күрделі өнімдерге асықпауға шақырады.
«Жинақтаушы және инвестициялық бағдарламалар (ЖСЖ, unit-linked) – күрделі қаржылық құралдар. Олар ұзақ мерзімді қатысуды, инвестициялық тәуекелді және қосымша шарттарды талап етеді, сондықтан базалық қорғанысты алмастыра алмайды. Қарапайым белгі: егер жарна төлеу тоқтағанда қорғаныс та тоқтаса – бұл тәуекелді сақтандыру; ал егер сатып алу құны мен табыстылық есептелсе – бұл инвестициялық өнім. Біз алдымен базалық қорғаныстан бастауға, ал күрделі шешімдерді кейінгі кезеңде қарастыруға кеңес береміз», дейді Halyk Life мамандары.
Сақтандыру жарналары – барлық клиенттер үшін ортақ сақтандыру қорын қалыптастырады. Тәуекел ықтималдығы мен өтемақы көлемі жоғары болған сайын, жарна да өседі. «МАК» ӨСК» АҚ басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажановтың түсіндіруінше, егер клиент жарна төлеуді тоқтатса, шарттағы сақтандыру сомасы нақты төленген қаражатты ескере отырып қайта есептеледі. Жинақтаушы сақтандыру шарттарында сақтандырылған тұлғаны өзгертуге болмайды, ал пайда алушыны сақтандырушының өтінішімен қосымша келісім арқылы ауыстыруға болады.
Міндетті медициналық сақтандыру қоры неге Қаржы министрлігіне берілді?
Кейде сақтандыру төлемінен бас тарту жағдайлары кездеседі деген пікір бар. Алайда статистика мұны растамайды. Қазақстандағы өмірді сақтандыру компанияларында бас тартулар өте сирек және көбіне клиенттің толық немесе дұрыс емес ақпарат беруімен байланысты. Мәселен, қант диабеті бойынша диспансерлік есепте тұрғанын көрсетпеген клиенттің өлімі жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен болса, жинақтаушы сақтандыруда төлем толық емес, сатып алу сомасы көлемінде ғана жүргізіледі. Немесе ми шайқалу диагнозы бойынша өтініш берілгенде, ол төлем қарастырылған жарақаттар тізіміне кірмесе, өтемақы төленбейді.
«Евразия» компаниясының сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Құрбанғалиевтің нақтылауынша, сақтандыру өтінішінде көрсетілген ақпарат тарифті айқындауда шешуші рөл атқарады. Ақпаратты толық бермеу немесе жалған мәлімет көрсету төлемнің азаюына не одан мүлде бас тартуға себеп болуы мүмкін. Егер клиент қант диабеті бойынша есепте тұрғанын көрсетсе, тариф жоғарырақ болады.
Мамандардың ортақ пікірі бойынша, өмірді сақтандыруды таңдауда асығыстыққа жол бермей, шартты мұқият оқып, түсінбеген тұстарды агенттен нақтылап алған жөн. Сонда ғана сақтандыру полисі шынайы қорғаныс пен қаржылық сенімділікке айналады.
eGov-та мүлікті сақтандыру сервисі іске қосылды: Төлем сомасы қанша?