Егемендіктің тағы бір таңы жаңа күн жаңалығын жария етті. Ол жаңалық – біздер, өнер адамдары көптен күткен Елбасымыздың болашаққа бағдар беретін рухани жаңғыру жаңалығы еді. Жаңғырудың ерекшелігі – еліміздің алдағы уақыттарда мықты біртұтас болуы үшін болашаққа қалай қадам басуымыз және бұқаралық сананы қалай өзгерту жолдарын тайға таңба басқандай етіп ашық айтып, анық көрсеткендігі.
Президентіміздің арман-тілегі, қайрат-жігері туған халқының аман-саулығы мен өсіп-өркендеуіне, әлем алдындағы мәртебесінің биік болуына бағытталған.
Үндеу мақаласының басты өзегіне айналған негізгі ұстанымның айдары тарихта талай өзгерістерге ұшырап қайта оралған латын әліппесіне ұлт болып көшу.
Бұл – мәңгілікке көшін түзеген қазақ елінің білім, ғылым саласындағы ұлттық ұстанымы, өмірлік қолтаңбасы болмақ. Егемен елдің, еркін елдің бүгінгі таңдағы қалауы мен таңдауы осы деп білемін.
Жолдама үндеуді тек идеология мамандарына ғана емес, күллі Алаш жұртына, еңбектеген баладан еңкейген қарт адамдарға арнаған үлкен сенім деп қабылдадым.
Өткен тарихтағы Күлтегін бабамыз тасқа жаздырып кеткеніндей, «Елім үшін күндіз демалмадым, түнде ұйықтамадым» деген заман бізге енді келді деп есептеймін. Себебі егемендігімізді сақтайтын, қорғайтын, сол үшін жан аямай еңбек ететін уақыт бүгін келді деп білемін. Ол үшін заман талабына сай біліммен, әлемдік ғылыммен, уақыт ағымымен өркендеп өсіп жатқан озық технологияны орынды пайдалану арқылы ғана іске асырып, еңбектену қажет.
Әрине, жаңғыру үшін ұлттық кодымызды, ұлттық қасиетімізді, көп елде жоқ озық өнерімізді ұлықтап, дамытуымыз – ұлы міндет.
Қазақ өнері бүкіл әлемде қанатын кең жайып келеді. Оның болашағы ертең мен бүгіннен зор болатынына сенімім мол. Өйткені біздің Қазақ деген еліміз бар.
Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер бастаушымыз бар. Алла тағала аман-саулығын беріп, еліміздің мәңгілік өмір жолындағы несібесін мол етсін деп тілеймін!
Еліне еңбек ететін, ұлтының намысын қорғайтын әрбір қазақ азаматының болашақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, арман-тілегімізді, осы сәтті де, қасиетті іске қызу қолдау көрсететін кезіміз бүгін келді демекпін.
Нұрғали НҮСІПЖАН, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі