Жыл соңына дейін еліміздегі қаржы нарығы тұрақтанып, ішкі өнімнің жалпы көлемі орташа есеппен 3 пайызды құрамақ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Алматыда өткен отандық БАҚ өкілдерімен кездесуінде мәлім етті.
Ел экономикасын дамытудың негізгі тетіктері мен қаржы нарығын қалыпты ұстау мәселелері басқосудың негізгі өзегіне айналды. Бас банкирдың айтуынша, Ұлттық банк қаржы нарығындағы өзгерістерді тиімді игеріп, теңгенің құнын нығайту үшін барлық оңтайлы жағдайларды жасайтын болады. Дегенмен, бұл тек біржақты шешілетін мәселе емес. Теңге құнын тегеурінді ұстау үшін экономиканың әр саласының қарым-қуаты бәсекеге қабілетті болуы шарт. Қазіргі таңда ел экономикасы шикізатқа тәуелді. Сондықтан әлемдік шикізат пен қаржы нарығындағы кез келген өзгерістер экономикаға тікелей әсерін тигізеді. Әсіресе, мұнай-газ бағасының құбылуы аса маңызды. Өйткені, ел экспортының 55 пайызы осы энергетикалық отынның үлесінде. Осыған орай қаржыгерлер алдағы уақытта экономиканың тірегіне айналатын басқа да салаларды дамытудың маңыздылығын айтты. Басқосу барысында Ұлттық банк төрағасы әрбір өзгерісті бұқараға жеткізуде БАҚ өкілдерімен тығыз әрі ашық байланыс орнататынын тілге тиек етті.
– Ұлттық банк тұрақты негізде нарыққа қатысушыларға және халыққа Ұлттық банктің қызметі және ол қабылдап жатқан шаралар туралы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды. БАҚ-пен барынша тиімді жұмыс істеу үшін, сондай-ақ, ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету жұмысының шеңберінде Ұлттық банк коммуникациялық байланыстарды нығайту жөнінен жүйелік жұмысты жүргізеді. Біздің қызметіміз ашық. Біз өзара іс-қимыл және барынша байланыстарды реттеу, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарымен кері байланыс орнатудың маңызды құралы ретінде, осындай кездесулер тәжірибесін жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар, әрбір азаматтың банктермен байланысын нығайту мақсатында бірнеше тиімді қызмет жүйелері іске қосылған. Ол арқылы азаматтар өзіне қажетті операцияларды орындау үшін банк бөлімшелеріне келмей-ақ, әлеуметтік желілердің көмегімен төлемдер жүргізіп, өзге де қаржылық қызметтерге қол жеткізе алады.
Шара соңында жиналған журналистер Ұлттық банк төрағасымен бірге кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығының жұмысымен танысты. Бір айта кетерлігі, соңғы уақыттары ел тұрғындары тарапынан алтын құймаларға деген сұраныс арта түскен. Бұған дәлел, соңғы үш айда 10-нан 100 грамға дейінгі 900 алтын құйма сатылған. «Құйма алтындар өз кезегінде басы артық ақшаны инфляциядан қорғаудың сенімді құралына айналмақ. Бағалы металды қайта сатудың еш қиындығы жоқ», дейді мамандар.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ