Білімді болу – өмір сүрудегі басты қаруымыз екенін жете түсіндік. Сондықтан университет табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап ұстаздардың дәрісімен шектелмей кітапхана залдарын, түрлі шығармашылық одақтардағы жиындарды, кино мен театр, сурет көрмелерін жалықпай іздеп, көруге, білуге, санамызға сіңіруге тырыстық. Орын таппай, жатақханадағы темір кереуеттің үстінде жамбасы тесілгенше жатып том-том кітап аударатын, қолы жеткендері Пушкин атындағы жалғыз кітапхананың тар залында, иін тірескен жұрттың қатарында қыстырылып отырып, таңның атысы, күннің батысына қарамай білім, ғылым іздейтін, ашқұрсақ жүрсе де көңілдері көк жайлау, жүдеу киімдеріне қарамай сол кезде Батыстан келген «твист» пен «чарльстонды» сілесі қатқанша билейтін өрімдей жастар – біздің замандастарымыз еді.
Міне, осындай студенттік өмірдің ию-қию күндерінің бірінде жас ақын қатарында жүрген курстасым Дүкенбай Досжанов мені оңаша сырласуға шақырды. Университет бас ғимаратының алдындағы гүлзарға келіп отырдық. Сұңғақ бойлы, сымбатты, жасына қарамай өте сабырлы, ақшыл жүзі күлімдеп, сол кезде де ыңырси сөйлейтін әдетімен:
– Сұлтеке! – деді мені ұлықтап, – Осы оқуға адам боламыз, атақты ақын, жазушы боламыз деп келдік қой. Мына жүрісіміз не? Көп шуылдақтың ішінде уақытымыз бейберекет өтіп жатыр. Қалам ұстап, ойланайын десең жатақханада орын жоқ. Екеуміз оңаша пәтерге шығайық. Сен кітап оқып, білім жинап, жазушылыққа дайындаласың, мен өлең жазам. Пікірлесіп, сырласып, бір-бірімізге септігіміз тиеді.
– Менің оған жағдайым келмейді ғой. Пәтерге төлейтін ақшаны қайдан табам? Шәкірт – ақыдан басқа көк тиын келетін көмек жоқ.
Ол маған алақанын жайды да, бір саусағын бүкті:
– Сен ел қатарлы шәкіртақы аласың ғой. Аласың. Ұстағаның мен тамағыңа сол жетеді. Оны бір де. Екінші, үздік оқығаның үшін үстеме береді ғой. Береді. Пәтерге төлеуге сол жетеді. Ал алда-жалда ауылдан келетін сәлемдеме мына жатақханадағыдай талапайға түспейді, өзіміз талшық етеміз. Пайда ма? Пайда.
Мен босай бастадым. Ол сөзін екпіндете жалғады:
– Ал тұрам десең тұрып, жатам десең жатып, қалаған уақытыңда қайтатын еркіндікті кім береді саған? Бәрінен де ешкім бөгет жасамайтын тыныштықты айтсаңшы!
Мен көніп қалдым. Ол қуанғанынан өңі жадырап, қапсыра құшақтады да:
– Сұлтеке, – деді дауысына екпін беріп. – Екеуміз дос болайықшы! Мәңгілік дос! Ана Мәскеудің Воробьево тауында табысқан Герцен мен Огаревтің бізден несі артық? Кел, қолыңды бер!
Осыдан бірер апта бұрын екеуміз кітапханада А.И.Герценнің «Былое и думы» атты кітабын оқып, талдаған едік. Жас ойшыл Герцен мен ақын Огаревтің арасындағы достықтың уыздай жас кездерінде басталып, мәңгілікке сақталғанын айтып, таңырқасқанымыз есімде.
Қысқасы, сол күні кешке қарай жатақханадағы темір төсегімді тастап, трамвайға мініп, Дүкенбай тауып қойған пәтерге шешем оқуға кетерде берген түйежүн шұбар көрпемді қолтықтап, төрт бұрышты тақтай шабаданымды сүйреп мен де жеттім. Бұл үйде біз жазғы демалысқа дейін тұрдық. Дүкенбай етпеттеп жатып өлең жазады, мен кітап оқимын. Қолымыз босағанда поэзия туралы қызылшеке дауласамыз. Сол кезде ол Берхарн, Незвал, Назым Хикмет жырларына әуес болды. Орыс тілінде шыққан жинақтарындағы ішекше шұбатылған жолдарды жіліктеп, өзі де соған ұқсастырып жыр жазады. Таң ата екеуміз екіге бөлінеміз. Мен кітапханаға тартам, ол өлең жазуға қалады.
Оның тұңғыш оқушысы да, сыншысы да мен болғандықтан кешке бас қосқан екеуміз жазғанын талқылаймыз. Өлеңі жобаға келісімен ертеңінде Дүкеш газет-журналдарды жағалайды. Бір қызығы сол, өлеңдері басылып та жататын. Оның алғашқы «Жүрегім», «Еңбек», «Көктем тынысы», «Отаныма», «Сыр» деген жырлары осылай туғаны есімде.
Дүкенбай сырт тұлғасы сымбатты, жүзі жылы, ақшыл өңі нұрлы, ортадан биік бойы бар, қыздардың көзі тез түсетін, көрікті жігіт еді. Ауызекі сөзге шорқақ, би білмейтін, әзіл-қалжың айтып бойына тартатын қасиеті шамалы болса да ол талай сүйкімді сұлулармен серуендеп жүргенін білемін. Жиі кездесетін сүйікті орны қасымыздағы сквер. Алысқа барып уақытын шығындамай, танысқан бойжеткендерді сол араға шақырады. Бірде, демалыс күні, таң атпай бояу қарындашпен саусақтарының сыртына әлденені жазып жатты. Байқасам қыздардың аты мен жолығатын сағатын тізіпті. Бір қолының бес саусағы мен алақаны шимай жазу.
– Әй, мынауың не? – деймін ғой.
– Е, Сұлтеке, қыздарды шатастырмайын деген қаракетім ғой.
– Сонша қызды бір жерге шақырып, басыңа не күн туды? Ұнатқан біреуіне тоқтамайсың ба?
– Біртіндеп іріктеймін ғой, – дейді әдетінше тырқ-тырқ күліп.
Дүкештің бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Өзінің айтуынша, қыздардың аты-жөнін шатастырып алыпты, ал қулау біреуі қайта-қайта алақанына жалтақтап тұрғанын байқап қойып:
– Дон Жуан, көрсе қызар, мақтаншақ, – деп сөгіпті. Екі иығы салбырап, еңсесі түсіп пәтерге нейбет қайтқан досым:
– Осы Дон Жуан дегені кім? – деді. – Соншама жаман адам ба?
– Ойбай-ау, ол Байронның әйелқұмар кейіпкері ғой. Оқымап па едің?
– Енді оқимын ғой, әйтпесе, әлгі қыз мені тағы көрсе надан деп сөгетін шығар...
Дүкештің жігіттік сапары Қыздар институтында оқитын Мәриямға жолыққанша созылды. Мәриям оған асыл жар, балаларының анасы, жазушылық азапты сапарының ыстық-суығын бөліскен сырласы бола білді. Оның ең таңдаулы туындылары Мәрияммен жұптық өмірінде жазылды.
Сол жылдың күзінде Дүкенбай екеуміз университетке де, кітапханаға да жақын Мұқан Төлебаев көшесіндегі бір қабатты ағаш үйдің жапсырма бөлмесінде тұрдық. Пәтеріміз қуықтай тар, оның өзіне қожайынның төр бөлмесін кесіп өтіп кіресің. Кезінде бақуатты қожайынның балконы болған сыңайлы, қабырғасын қамыстан түйіп қалаған, қатты жел соқса терезеге тұтылған пердесі желпілдеп тұрушы еді. Екеумізге ортақ жалпақ темір кереуетіміз бар. Қыстыгүні жұқа жамылғыш пана болмаған кезде менің шұбар көрпемнің рахатын көрдік-ау.
Бұл үй бізбен тілектес, ниеттес көп жігіттердің бас қосатын ордасына айналды. Олар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Төлек Тілеуханов, Бақтыбек Қозакеев, Зәкім Жәйлібаев сынды білім қуған, талантты азаматтар еді. Бәрінің де мұрат-мақсаты биік, алды өлең, әңгіме, сыни мақалаларымен көріне бастаған. Кездескен сайын әңгімеміз таусылмай, қиялымыз дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Әбіш – қарасөздің шешені, кеудесі күмбірлеп сөйлеп кеткенде айызыңды қандырады. Білмейтіні жоқ. Мұхтар ескі тарих пен ауыз әдебиетін жатқа соққанда осының бәрін қайдан, қашан біліп алғанына таңырқайсың. Рымғали болса әзіл-шыны аралас, бәрімізді шымши сөйлеп, дүние әдебиетін судай сапырып, жүйе-жүйесімен талдап береді. Әр кездесуіміз жанымызды рахатқа бөлейтін. Білмегенімізді ертеңінде кітапханадан іздеп тауып, оқып алғанша тыншымас едік.
Біз оқушы, шәкірт болсақ та әдеби үлкен қауымның бел ортасында өстік. Университеттегі дәрістерден босай салып, Жазушылар одағындағы немесе Ғылым академиясындағы салиқалы жиындарды бос жібермес едік. Кино мен театрдағы, сурет көрмелері мен музыка әлеміндегі жаңалықтар жанымызға нұр құятын. Ол кезде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сапарғали Бегалин, Әбу Сәрсенбаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Ғали Орманов, Таир Жароков сияқты біртуар жүйріктердің көзі тірі. Олар қатысқан жиындар, көпшілік ортада сөз сөйлеп, жыр оқуы – залға лық толған жұртты теңіздей толқытады. Соларға жанаса жүріп, ұлағатын көру – жас адамға бір ғанибет. Болмасаң да ұқсап бағасың. Сонымен қоса, еліміздің, тіліміздің, жеріміздің тағдыры да бізді бейтарап қалдырған жоқ. Тың игеру сылтауымен астаң-кестеңі шыққан Сарыарқаның жондарын астық жинауға барғанда өз көзімізбен көрдік. Жабылып қалған қазақ мектептері, газет-журналдар, өрісі тарылған тіліміз бен әдет-салттарымызды «кім жоқтайды?» – деп толғанамыз. Бүкіл қазақ даласын жайлап алған келімсектердің өктемдігі намысымызға тиеді. Алматының өзінде үйі-күйі бар қазақтар саны мардымсыз. Еліміздің болашағы дейтін жас интеллигенцияның бәрі дерлік астанамызды кеулеп кеткен келімсектердің босағасында тұратынына өзіміз пәтер іздеп жүріп көзіміз жеткен. Оны айтасыз, автобус, трамвай, троллейбустардың ішінде бір-бірімізбен қазақша сөйлессек кірме жұрт шамданып, шатақ шығаратын халге жеттік. Міне, осындай күндердің бірінде Дүкенбай бір хат әкеліп көрсетті. Конверттің аузы ашылған, ішіндегі оқушы дәптерінің жарты бетіне қысқаша «еліміздің, жеріміздің, тіліміздің тағдыры не болады? Жастар, біз күреспесек кім күреседі?» депті. Соңында «Осы хабарды көшіріп, таныстарыңа таратыңдар» деп жазған. Дүкенбай оны университеттің кіреберісінде студенттерге келетін хат-хабарлар жататын столдың үстінен тауыпты. Мен оқып шығып, бұны өңдеп, жөндеп қайта жазу керек деп шештім. Дүкенбай қуана құптады. Басқа орын болмағандықтан кітапханаға барып, іске кірістім. Екі күннен кейін күреске шақырған үндеу дайын болып, досым оны басып, көбейту үшін Ғылым академиясындағы өзінің таныс машинисткасына әкетті. Көп ұзамай өңі бозарып, менің қолжазбам КГБ-ның қолына түскенін, олар әбден ұрсып ұсақ-ұсақ етіп жыртып тастағанын айтты. Біз бірер күн алаңдап жүрдік. Достарымызбен ақылдасып едік, Әбіш Кекілбаев: «Бұларың қате, – деді. – Қазір сендер кімсіңдер? Егер ұстап әкетсе сендерді тірі жан жоқтамайды. Алдымен ел танитындай іс бітіруіміз керек».
Мұхтар Мағауин көзі бақырайып ұзақ отырды да, Әбішті қолдады. Рымғали Нұрғалиев «Сендермен келіспеймін, – деді Әбіш пен Мұхтарға. – Алаш арыстары біздің жасымызда-ақ жандарын шүберекке түйіп ел үшін, жер үшін күрескен. Ол ізсіз кеткен жоқ. Оразалин, сенің үндеуің де күндердің күнінде еске алынады. Қазіргі жастардың бойында да қуатты от барын, олармен есептесу керектігін өкімет түсуінуі керек. Ал, үндеуді Академияға барып бастырмақ болғандарың нағыз алаңғасарлық, оның іші толған салпаңқұлақ емес пе?!».
Мені бір жылдан кейін таңғы жетіде жатақханада ұйықтап жатқан жерімде қауіпсіздік комитетіне алып кетті. Келген отыз бестер шамасындағы, тамағының асты, қолы ойдым-ойдым алапес жігітті бірден таныдым. Ол мен үндеу жазған күндерде де, кейін де кітапханада қасымда отыратын, түрлі жиналыстарда да көзім жиі шалатын. Комитет он екі сағаттай ұстап, әбден сілікпемді шығарған соң, бұл кездесуді ешкімге жария етпеймін деген қолхатыма қарамай, «ескертейін» деп Дүкенбайға жүгіріп барсам, ол жайбарақат, бейқам қалпында екен. КГБ-де бір ай бұрын болыпты, бірақ «тісіңнен шығарма» деген соң үндемепті. Мен шарасыздықтан тұрып қалдым.
Бұл оқиғаның өміріме тигізген зиянын тізіп жатудың қажеті болмас. Көп жылдар бақылауында ұстаған «үш әріп» жыл сайын өткізетін арылу әңгімелерін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тоқтатты. Ал, Дүкеш болса олармен сол кезде-ақ тіл табысып, құпия қоймаларына дейін кіріп, талай кітап жазды.
Дүкенбайдың бағы ақындықтан прозаға ауысқан соң жана бастады. Оның алғашқы әңгімесі университет бітірген жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылса, келесі 1965 жылы қыркүйек айында «Лениншіл жас» газеті «Отырар» повесін өзінің тоғыз санында тұтас жариялады. Бұл бұрын-соңды жас жазушылар көрмеген құрмет еді. Талғамы биік, таралымы қисапсыз жастар газеті Дүкенбайды бірден елге танытты. Іркес-тіркес жарық көрген «Фараби» повесі мен этнографиялық әңгімелері, «Зауал» романы, кейіннен жазылып елдің сүйіспеншілігіне айналған «Жібек жолы» тарихи романы оны қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің қатарына қосты.
«Отырар» – мен үшін өте ыстық туынды. Досымның алғашқы прозалық сәтті шығармасы болумен бірге, ондағы азаттық идеясы, күрескерлік рух жүрегіме жақын болғандықтан көп ұзатпай «Отырар ойраны» атты телепьеса жазып шықтым. Телепьесада повестің жалпы сарыны сақталғанымен автордың бірде-бір сөзі кірген жоқ, жаңа кейіпкерлер, тың көріністер қосылды. Бұл туынды Дүкенбай екеуміздің атымыздан 1966 жылы Қазақ телевизиясында қойылып (режиссері Ш.Агишева), жоғары бағаға ие болды. Ол кезде жазып алу аппараты жоқ, сондықтан, қазақтың көптеген атақты артистері ойнаған бір жарым сағаттық телеқойылым бір-ақ рет эфирден көрсетіліп, өшіп кетті.
Дүкенбай шын мәнінде кәсіби жазушы еді. Оның ең рахат тауып, ләззат алатын ісі – жазу болатын. Шыдамдылығы, жанкештілігі, еңбекшілдігі еріксіз таңырқатады. Қазақ қаламгерлерінің арасында бұндай қайсарлық сирек кездеседі.
Ол жарты ғасырда 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме, ондаған мақала жазды. Шығармалары көптеген тілге аударылып, 7,7 миллион данамен тарады.
Жазушы әр туындысы жарық көрген сайын мақтауды да, даттауды да естіді. Соңынан ит қосып қуғандар да болды. Бірақ, Дүкеш мойыған емес. Әділетсіз сын жанына батса да тез серпіліп, жаңа туындысын жазуға отыратын.
Мен білетін Дүкенбай өзін-өзі төрт қабырғаға қамағанда күндіз-түні ала қағазбен алысып, жанын мазалаған ойлары мен кеудесін кернеген сөздерін жазып, тыншығысы келеді.
Дүкенбайдың қорғасындай құйылып түскен көркем дүниелерін мен «Жібек жолы» романымен қоса көптеген әңгімелерінен кездестіремін. Оның айтар ойы тұнық, сөйлемдері кестелі, бейнелері айқын болып келеді. Жазушының «Қымыз», «Ергежейлі», «Көкпар», «Кісі ақысы» т.б. әңгімелері әдебиетіміздің тарихынан көрнекті орын алатын туындылар деп ойлаймын.
Менің көз алдымда Дүкенбай жас кезіміздегі кейпінде қалды. Бұл ретте өмір жолы бірге өткен ортақ досымыз Әбіш Кекілбаев жақсы айтты: Дүкенбай «Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған... баладай аңқау, анадай адал, ерекше дарын иесі – сөзден сөйлем, сөйлемнен – сурет көркемдеген жақсылықтың диқаншысы болып елестейді көзіме, – дейді. – Мұндай кісі зұлым болмайды, жаулық жасамайды. Жасайын десе де қолынан келмейді. Жан әлемі шыны секілді – арғы-бергісі көрініп тұрады. Қызғаныш, аярлық, пасықтық сезімнен ада-күде, өз шайтанымен өзі өмір бойы алысып, жауласып өтуге бар...».
Ел астанасы Есілдің жағасына көшкен кез. Орталық көшелердің бірінде Дүкенбай қарсы ұшыраса кетті. Терең ойдың құшағында басы бір жағына ауып, бетпе-бет келсек те мені көрер емес.
– Әй, Дүкеш, Джонатан Свифтің данышпандарына ұқсап кетіпсің, бірақ артыңда жел толтырған қуығы бар қақпайлаушың көрінбейді ғой, – деймін «Гулливердің саяхаттары» романын еске түсіріп.
– Ой, Сұлтеке-ай, жаңа роман жазсам ба деп, миым ашып, сені байқамай қалыппын, – деп құшақтаса кетті.
– Мына жаңа қалада өгейсіп жүр едім, көзіме оттай басылдың ғой.
Сол күннен бастап қайтадан жиі араласа бастадық. Ең бір есте қалар қызықты күндер Әбіштің жетпіс жылдығын тойлаған Маңғыстау жерінде өтті. Үш күн бойы бірге болдық. Дүкенбайдың жүріс-тұрыс, қимылы жас кездегіден көп өзгермепті, бірақ ойы кемелденген, мінезі шираған, мен ұмытқан көп оқиғаларды күні кеше көргендей еске түсірді. Той өткен қалың ауылдан Атыраудың сағасындағы демалыс орнына қонуға жиырма шақты жазушы автобуспен шықтық. Көңілді жұрт әртүрлі әңгіменің басын шалып отырған. Жазушы Дулат Исабеков әдетінше құрдасы Дүкенбай туралы сериялы анекдоттарын майын тамызып айтып, бәрімізді күлкіге көмді. Тіпті кейбір әзілдері адамның ары мен намысына тиетіндей ащы екен.
– Әй, жаның бар ма, сен де бірдеңе айтсаңшы, – деймін жанымда отырған досыма.
– Саған не болған? – дейді бірге оқыған Қойшығара Салғарин намыстанып. – Жазушы емессің бе? Бірдеңе шығармайсың ба?
– Айта берсін, – деді Дүкеш, бет-аузы бүлк етпестен, бірақ бүкіл денесі шиыршық атып тұрғанын сездім. Неткен төзімділік.
Келесі күні Астанаға ұшып келе жаттық. Өте көңілді едік. Алдыңғы қатарда отырған ағамыз Мырзатай Жолдасбеков үлкендік жасап коньяк құйды. Оны ішкен соң Дүкештің өңі алабұртып менің құлағыма сыбырлады:
– Сұлтеке, баяғыда өмір бойы дос боламыз деген сертің есіңде ме? – деді.
– Есімде.
– Ендеше, кешегісі үшін Дулатты бірігіп сабайық. Менің де адал досым бар екенін білсін.
– Сабаймыз, бірақ ол Алматыға ұшып кетті ғой.
– Қап! Бақыты бар екен! Ол мені қапсыра құшақтап: «Рахмет!» – деді.
Шәкерім атамыздың: «Бір рәуішті болады шал менен жас» деген сөзі есіме оралды.
Қайран, Дүкеш-ай, даналығың мен балалығың бірдей есіл ер, алапат еңбегің мен бірнеше дәуірдің шынайы бейнесін жасаған қуатты талантың халқыңның жүрегінен өше қоймас.
Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Алаш және Абай атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың, «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпазы, профессор