• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қыркүйек, 2017

Мүмкіндігі шектеулі жанның құқы қорғалса игі

417 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ресми түрде хат түсті. Бұл мәлімдеме Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің бұдан бұрын мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне қатысты ел Премьер-Министріне жолдаған үндеу хатына байланыс­ты тиісті ведомствоның құзыреті шеңберінде берген жауа­бы екен. Аталмыш үндеу хатта аталған проблемалар кең ауқымда қозғалып, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар баяндалған.  

 

Ұлттық құқық қорғау меке­ме­сіндегі мамандар пікіріне сү­йенсек, берілген жауап Омбуд­сменнің мүгедектігі бар адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әзірлеген нақты ұсыныс­тары бойынша Үкіметтің ұстанымы туралы толыққанды ақпаратты қамтымайды.

Мәселен, аталмыш құжатта жеке әуекомпанияларға қатысты ішкі ережелері туралы, осыған сәй­кес 1-топтағы мүгедек адам­ға ұшу кезінде қасында ілесіп жүре­тін адам болмаса билеттер сатыл­май­тын­дығы айтылған. Сондай-ақ, мүгедек адамның ұшу кезінде оның денсаулығына зиян келгені үшін немесе қайтыс болған жағдайда жауапкершілікті өз мойнына алу туралы декларацияға қол қою қа­жет­тілігі нақтыланбаған. Сол себеп­тен де мүгедек адамдар бұл про­блемаларға әлі күнге дейін тап болып отыр. Мысалы, мұндай келеңсіз жағдайлар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Астана қаласының әуежайында байқалған. Ұсынылған жауапта «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңның 5-бабына сілтеме ғана берілген. Ал ол бап­та заңнамада көзделген жағ­­дай­ларды қоспағанда, көлiк кә­сiп­орындарының шаруашылық қызметiне мемлекеттiк орган­дар­дың араласпауы баяндалған.

Сонымен қатар, аталмыш заң­ның 6-бабы көлікті басқару бо­­йынша міндетті нақты уәкі­лет­ті мем­лекеттік органға жүк­тей­ді. Одан басқа, заңның 25-бабы осы орган­ның көліктік бақы­­лауы­ның тізі­ліміне мүгедек­терге жолау­шы­лар тасымалы­ның қол­жетім­ділі­гін, тасымалдау­шы­лар­дың қыз­меттері мен оған қатысты ақпа­рат­ты және оларға тасымалдау кезін­де қажетті жағдай жасалуын қамтамасыз етуді қамтиды.

Жауапта инфрақұрылым ны­сан­­дарының сәулет-құрылыс бақы­лауы туралы ұсыныс бойынша да Үкіметтің негізделген ұстанымы жоқ екендігі көрініс береді. Үн­деуде ерекше қажеттіліктері бар адам­дар үшін бейімделген болып сана­латын, бірақ шын мәнінде негіз­гі өлшемдерге сәйкес келмей­тін құрылыстарға бірқатар нақты мы­салдар келтірілген. Осыған бай­ланысты құрылыс ны­сан­дарының сәулет-құрылыс бақы­лауына, халық­­тың әлеуметтік қорғалуына уәкі­летті органды тарту туралы заң­­на­мадағы екіұшты норманы атал­­ған органның мін­детті түрде қаты­суымен бекіту көз­де­леді. Сон­дай-ақ қоғамдық бірлес­тік­терді осы үдеріске қаты­су­ға құқық беру мәселесіне де басым­дық берілген.

Еліміздің кейбір аймақтарында тактильді жолдардың (дене түйсігі арқылы сезіну жолдарының), за­ғип және нашар көретін жан­дар үшін дыбыстық бағдаршамдар­дың жоқтығы туралы ұлттық құ­қық қор­ғау мекемесінің келтір­ген ш­ағым­дары назардан тыс қалған. Бұл мә­селелер ұзақ уақыт бойы көтеріліп келеді.

Омбудсменге жолданған жауап­­­­та мүгедектерді жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, со­қыр және са­ңы­раулар қоғам­дық бір­лес­­тік­­терінің маман­данды­рылған кәсіп­­орын­дарына қолдау көрсету, олардың жұмыс істеу шарттары, ерекше қажеттілігі бар адамдармен жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс берушілерді осы бағыттағы шетелдік жұмыс тәжірибесімен оқыту және оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне Үкі­меттің ықпалы баяндалмаған. Сол сияқты мүгедек жандар үшін банктік қарыздарды, оның ішін­де тұтынушылық несиелерді ресім­деуге қатысты түйіндердің де шешімі тарқатылмаған. Ал ерекше қажет­тіліктері бар адамдардың жағ­дайына жүйелі негізде тұрақты талдау жүргізу, оның ішінде меди­циналық, әлеуметтік, еңбек қыз­меттері мен оларға заңгерлік ке­ңес беру үшін тегін телефон желі­сінің енгізілуі бойынша беріл­ген ұсы­ныстар туралы тіптен сөз қозғал­маған.

Сонымен қатар, пенитен­циар­лық мекемелерде мүгедектерді ұстау талаптарына сәйкес жағдай толық ашылмаған. Атап айт­қан­да, медициналық мекемелерге мүге­дектікті белгілеу бойынша көмек көрсете отырып, әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға қатысты тиісті құ­­жа­т­­тар­ды ресімдеу мәселе­лері­­­не байла­ныс­ты проблемалар талданбаған.

Ендеше, Мемлекет басшысы­ның Үкімет алдына қойған бағ­дарламалық тапсырмалардың мән-мәтінінде қарастырылған мәсе­ле­нің маңыздылығын ескере оты­рып, Омбудсмен Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі­не мұқият және тиянақ­ты тал­дау жасау мақсатында бұдан бұ­рын қозғал­ған мүгедек адамдардың құқық­тарын қамтамасыз ету­дің өзекті мәселелерін қосымша қарау­ға бастамашылық жасау өтіні­шімен үндеу жариялайды.

Айта кетейік, Омбудсменнің үндеуде қозғаған проблемалары БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилардың Қазақстанға жасаған ресми сапары аясындағы кездесуде көтерілген мәселелермен ұштасады. Сондай-ақ бұл мәселелерді мүгедектерді әлеу­меттік қорғау саласындағы үй­лес­тіру кеңесінің жалпы рес­пуб­ликалық селекторлық отыры­сын­да Омбудсмен өкілі атап өткен болатын.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»