Түрікменстан астанасы Ашғабад қаласында өтіп жатқан жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының көрігі қыза түсті.
Үшінші жарыс күнінде спортшылар алты спорт түрінен медальдарды сарапқа салды. Олар – жеңіл атлетика, джиу-джитсу, таэквондо, велоспорт, Түрікменстанның ұлттық күресі және ауыр атлетика.
Жарыс алаңына бірінші таэквондошылар шықты. Жартылай финалға дейін қарсыластарын оңай жеңіп келген 54 килодағы спортшымыз Айтуар Шакенов финалға жолдама берер сайыста тәжікстандық таэквондошы Манучехр Нематовтан жеңіліп, қола медальды қанағат тұтты. Ал финалға шыққан Қайрат Сарымсақов (74 кг) алтын жүлде үшін өткен кездесуде ирандық Мехди Жалалиге 1:5 ұпайымен есе жіберіп, күміспен күптелді. Сарымсақов 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлде иеленген болатын.
Құрама қоржынына үшінші медальды жеңіл атлет Анастасия Виноградова салды. Ол кедергілер арқылы 60 метрге жүгіруден 8.59 секунд көрсеткішімен мәреге үшінші келіп, жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
V Азия ойындарында жалпыкомандалық есеп бойынша əзірге Түрікменстан спортшылары (21 алтын, 18 күміс, 10 қола (барлығы – 49)), Өзбекстан (3, 4, 19 (26)) және Тайланд құрамалары (3, 4, 5 (12)) үздік келеді. Ал Қазақстан құрамасы бір күміс және бес қола медальмен 62 елдің ішінде 16-шы орында тұр.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»