• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қыркүйек, 2017

Алматыда «Шығыс базары» халықаралық фестивалі басталады

735 рет
көрсетілді

Алдағы аптада, анығырағы 22-24 қыркүйек күндері Алматыдағы Dostyk Plaza Illusion ойын-сауық орталығында «Шығыс базары» халықаралық фестивалі басталады. Мегаполисті Шығыстың ғажайып мың бояуына бөлейтін көрмеге Орталық Азияның пэчворк пен квилтинг саласының ең айтулы ісмерлері көздің жауын алатын жұмыстарын әкеле жатыр.  

 

Осынау оқиғаға еліміздегі Құрақ құрау шеберлерінің қауымдастығы ұйытқы болып отыр. Іс-шара аясында тұңғыш рет халықаралық арт-жобалар көр­сетілмек. Фестивальдың жалау­латқан жобасы – «ORIENT» атты таңғаларлық то­қыма паннолардың жылжымалы көрмесі болып табылады. Оның құрамында Чехия, Сло­вакия, Біріккен корольдіктер, Гер­мания, Польша мен Қазақстан сияқты елдердің арт-квилт пен пэчворк техникасы шеберлерінің қолынан шыққан 60-тан астам жұмыс бар.

ORIENT көрмесі – алғаш рет 2017 жылдың сәуір айында Прагада өткен жыл сайынғы ХI халықаралық Prague Patchwork Meeting фестиваліне қатысып, өзіндік үлгілерімен дараланған.

Байқауларға толы үлкен фес­тивальдың тағы бір тосынсыйы – «Менің бақшам» атты балалардың құрақ құрау көрмесі болмақ. Бұл бөлімге Еуропа мен Ресейдің 6 мен 16 жас аралығындағы жас шеберлерінің жұмыстары қойылады.

Көрме экспозициялардан бөлек, келушілерге тәжірибелік бөлім де қарастырған. Фес­­тивальдың барлық қа­ты­су­шылары қазақстандық іс­мер­лердің тегін шеберлік са­ғаттарына қатысып, үздік үр­діс­терді үйрене алады. Со­нымен қатар, фес­тивальға қонақ ретінде, Қазақ­стандағы құрақ құрау шеберлері қауым­дастығының арнайы шақыруымен халықаралық деңгейдегі танымал квилттер келеді. Көрмеде қолдан жа­салған бұйымдардың жәр­меңкесі өтіп, еліміздің танымал дизайнерлері сәнді киім үлгілерін ұсынады деп күтілуде.

Қазақстан құрақ құрау ше­бер­лері қауымдастығының пре­зиденті Тамара Штрошерердің айтуынша, «Шығыс базары» фестивалі ең алдымен, еліміздегі ұлттық қолданбалы құрақ құрау өнерін қолдау мен дамытуды көздейді. Ал алматылықтар шет­елдік құрақ құраушылардың қолынан шыққан дүниелерді тамашаласа, өз шеберлеріміз жаңа жауһарлар тудыру үшін тоғысады. 

Он саусағынан өнер тамған ісмерлерге халықаралық қазы­лар алқасы төрелік етеді. Же­ңімпаздарға фестиваль демеу­шісі «Bernina» тігін машина­сының танымал бренді бағалы сыйлықтар тағайындап отырған жайы бар.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ