Қарағандыға қоқиқаз қонаққа келіпті... Міне, қызық. Қазақстанда өте сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енгізілген құс бірде сіздің үйіңізге еніп кетсе не істер едіңіз?!
Таяуда Қарағандыдағы Медсанчасть ауданының маңында жер үйдің иесі Сергей Каубре ауласында қоқиқаздың балапанын тауып алды. Ол экзотикалық қонақты үйіне алып, арнайы мамандарға хабарласқан.
– Бізге қала тұрғыны хабарласып, өзінің ауласында қоқиқазды тауып алғанын мәлімдеді, – дейді ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі Абай Әлжанов. – Басында біз оған сенбедік. Сергей қателескен болар деп ойладық, себебі бізде қоқиқазды кездестіру – өте сирек болатын жайт. Ол кісі тырнаны тауып алған болар деп болжам жасадық. Алайда, онда барғанымызда ол жас қоқиқаз болып шықты. Біздің мамандар құсты кеңсемізге алып келді.
Мамандардың айтуынша, балапан қамауда өскен қоқиқазға ұқсамайды, себебі мұндай құсты оның тамақтану ерекшелігіне байланысты асырау өте қиын. Қоқиқаздар тек тұщы су қоймаларында ғана өмір сүреді, және де денесінде каротині бар кішкентай шаяндармен тамақтанады, соның арқасында құстардың қауырсындары қызғылт түске боялады екен.
– Балапан қанатын енді жайып, ұша бастаған соң осында ұшып келген болар, – деп болжамдайды Абай Әлжанов. – Ол адамдардан мүлдем қорықпайды. Ал оның адамдардың үйіне келуі, әбден шаршап-шалдыққанын, көмекке мұқтаж болғанын көрсетеді. Сонымен қатар, балапанның жаурап қалғаны байқалады. Біз оның бойын жылыту үшін бөлмеге жылытқыш қойдық. Содан соң ол әжептәуір ширап қалыпты.
Қазіргі таңда қоқиқаз Ақмола облысында орналасқан Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына жеткізілген. Осы сұлу құстар дәл сол жерде, Теңіз көлінің аралында өмір сүреді.
Табиғатты қорғаушылар қарағандылықтарға саналылықтары мен табиғатқа бейжай қарамайтындығы үшін алғыс білдірді.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы