Өткен уақыт қайтып оралмайтын есіл өмір екенін көңіл күйдің аумалы-төкпелі қилы-қилы шағында ойласаң – шырғалаңы көп кермек шындықтар санаңды шарлай жөнелетіні несі екен. Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеу газеттері жалпақ жалғанға жария қылған қазақ ұлтшылдығын идеялогияландырылған бояумен баттастыра қалың көрсеткеніне өзге тұрмақ өзің иланып, орнынан алынған сол кездегі биліктің кінәсі қорытылған қорғасындай салмақты сияқтанды. Ендеше, жазасын құдай өзі берсін дегеннен артыққа бармай назаланған сезімге қорыну қосылып, сілейген қалпы отырасың да қоясың.
Әуелі сондағы мақалалар сарынындағы немкетті тәкаппар кесімдер, тұтас бір ұлтты оңтүстік пен солтүстікке көрнеу бөліп тастап, біріне бірінің жіберген есесінің жоқтаушысына айналып, қамқоршы кейіпке көше қалғандары қазір барып тұрған жырындылықты еске салады. Оқыған дәрісінің үстінде академик Зейнолла Қабдолов «өткенмен күліп қоштасамыз» деген әлдебір ойшылдың сөзін екпін бере қайталап, аумақты жанарын аудиторияға жүгірте кідірген кезде жүзіне үйірілген мағыналы күлкі ажарында ұйып тұрған қалпы тірі елестейтінін қайтерсің. «Өткенмен күліп қоштасуды» араға көп уақытты салып барып ойлаған шақта – елеусіздеу кездейсоқ жайлардың құбылысқа айналып шыға келетін себебіне кім бойлап көріпті. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейінгі аласапыранда Василь Быков Мәскеу газеттерінің біріне берген интервьюінде оқиға негізінде өрбіген әңгімелердің көбі аңызға ұласып, шындыққа жанаспай кететінін ескертіп еді. «Тағдырдан келген зұлым» зауалына, адам оғлының ұстанымына барлау жасап, көркем талдаған тақырыбының шындығын суреткерлікпен қорытқан жазушыға қандай кінә қоя аласың.
Адамды адам түсінудің ақын айтқан ақыретін былай ысыра тұрып, бір халықты бір халықтың танып-білу жағдайына әлеуметтік ғылым қаншалықты үңілді, жасаған қорытындысы бойынша тұшымды жауап бере алып жатыр ма?
«Егеменнің» «Социалистік Қазақстан» кезінде осы жолдардың иесі әдебиет бөлімінің қызметкері еді. Күніне ондап түсетін хаттарды жүрдім-бардым ашып, бас-аяғына дереу көз жүгіртіп өтіп, әрі қарай ысырып тастай салатынбыз. Желтоқсан көтерілісінен кейін өмір сүріп отырған жүйеміздің, Абайша айтқанда, «сопысынған» ұсқыны бір көргенге ғана «тәп-тәтті» екені белгілі болып қалған еді. Міне, тап сол кезде Мәскеу маңайынан орысша жазылған хатты көзім шалып, дереу оқуға кірістім. Ауыл шаруашылығы маманы екенін әуелі ескертіп алған автор қазақ ұлтшылдығы дегенге үзілді-кесілді қарсылығын білдіріпті. Бұл халық болмысындағы ұлттық мейір ерекшелігін философтарша талдаған қолтаңбасынан орыс зиялысының мерейі үстем сезілетін еді. Ұлт пен ұлт арасындағы мұншалықты ақжарылқап ниетті қолыңа шам алып іздесең де кей-кейде кезіктіре алмай қиналатының рас. Сонсоң хатты кәдеге жарата қоймаған немқұрайды қылығымызға не жорық. Соны есіңе алсаң құдды қылмыс жасап қойғандай қолайсыз сезіністен арыла алмайсың. Уақыт шіркіннің жүйріктігіне не дауа, отыз жыл дегенің зу етіп өте шығыпты.
Түрік жұрты рухының шымырлаған ажарынан жауынгерлік тебіреніс тайға басқан таңбадай айшықты көрінеді. Отанға деген солғындап көрмеген шынайы сезім иелерінің әруақ қоздырмай тұрмайтын кілті – ерлікке шақыру мен құрбандыққа бару. Бұл сабаздарыңның тастүйін келбетіне дүниенің төрт бұрышынан ағылып келген туристер арбалып қалғандай селтие қарап барып, жылыстап ақырын өтіп жатады. Міне, сол кезде атақты қазақ жазушысы қасындағы әріптестеріне дауыстай тіл қатып: «Дүниеде Түріктің әскеріндей айбынды жауынгер жоқ» деген кезде бейне өз елін мақтаныш қылған екпінін тежей алмай тұрғандай. Мұқым түрікті бөліп-жармайтын ұғым Кеңес мектебінде оқығандардың бәріне бірдей бұйырмаған. Мұны тұтас қалпы қабылдауға деген құлықсыздықтың сыры тереңде. Ал бұлардың түрік әлеміне өздерін аға тұтқысы келетінін қанша жасырып бақса да, өзін ұстауы мен тілдесуінен ол ниетті сездіріп алатын осалдықтары да жоқ емес. Дүниенің қай шетінде жүрсін кез келген ортаның тілі мен ділін білсін-білмесін қысылып-қымтырылмастан өздерін еркін ұстайтын әдеттері. Жағымсыз әсер беріп, дұрыс емес пікір қалыптастырам-ау деп қоймастан киіп-жарып сөйлеп, ойындағысын бүркелемей ашып-жарып айтып тастауға бар. «Тура тілді кісіні дейміз орыстың» Абай алған мысалында, бәлкім, шындықты айтудың ұлттық кемшін жағын ескеруі де мүмкін-ау.
Орыс тарихына біршама қанықтығымыз бардай сезінетінімізді несіне жасырып бағамыз. Өткен ғасырлардағы ұлы қолбасшылардың жеңісті шеруінен хабардар екенімізді білдіріп, шетпұшпақтатып баяндаған сәттерімізде түрік әріптестер Еуропа армиясының бұлардың әскерілерінен оңбай жеңіліс тапқанын тайға басқан таңбадай айқышты айтатын нығыздығын сезесің. Әлемдік тарихи ой түрік рөлін көрнеу елемейтіні ойларына кіріп шықпайтын дегдарлығын ескеріңіз. Дамудың әртүрлі керемет мысалдарына таңырқап жүгінбестен салқын қабылдайтын «алыста жатқан бауырымызға» қайтадан жақындап, етене тартқанымызға кемі ширек ғасыр. «Жиырма бірінші ғасыр түрік ғасыры» дегенді именбей айтуға жүрегі дауалаған бұл ағайынның дүниеде барына тәубе етіп қою орынды шығар. Дамуы өте жоғары отыз елдің қатарына кіру бастамасын жалау еткен қазақ билігінің ұранын өзге емес өзіміз түсіну шартында қазақ қарияларының кеңдігін ұстану қажет-ау.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»