Жыл соңына дейін талқыланатын, жұрт талқысынан өткен соң ғана қабылдануға тиіс қазақ жазуының латын графикасына негізделген нұсқасы жайлы пікір алмасу басталып кетті.
Әліпби ауыстыру үшін жаңа әріп ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақ тіліне тән дыбыстар компьютердің пернетақтасында орналасқан классикалық латын графикасына әбден лайық. Жуырда Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығы осындай үлгідегі 25 әріпті жаңа әліпбиді парламенттік тыңдауға ұсынғаны, оның қоғамда қызу талқыланып жатқаны аян. Әсіресе, әліпби құрамындағы қосарланған дауысты дифтонгтар жайлы көзқарас әрқилы. Ұсынылған жаңа графикаға қатысты жиынның бірі Талдықорғандағы Тіл сарайында өтті.
«Латын әліпбиі: жаңғыру жазудан басталады» деген тақырыппен өткен жиынның ұйымдастырушысы Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма. Ассамблея мен түрлі ұйым мүшелері, мекеме қызметкерлері, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысқан кеңесте Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев ел дамуы үшін ұсынылып жатқан ұлы идеяларды тек түсінумен шектелмей, олардың іске асуына белсене атсалысу қажеттігін айтты.
Ал облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымның айтуынша «Кез келген бастаманың сәтті жүзеге асуы үшін оған қоғам тарапынан сұраныс болуы керек. Ал латын қарпіне көшуге қатысты мәселе қоғам тарапынан зор қолдауға ие. Өздеріңіз жақсы білесіздер, халқымыздың әліпбиі бірнеше рет өзгерді. Көне түркі таңбасын былай қойып, қазақтар он екі ғасыр бойы араб жазуын пайдаланып келді. Тарихымыздың қаншама бөлігі, үлкен қатпары араб жазуымен жазылған еді. Кейін А.Байтұрсынұлының реформасы негізінде төте жазуға көштік. Төте жазудан кейін аз уақыт латын әліпбиі қолданылып, бірден кириллицаға ауыстық». Сонымен бірге әліпбидің жиі ауысуы жас ұрпақтың өткенін тануға кедергі келтіретінін, араб пен кирилл таңбасында қалып қойған қазақ тарихын қайта қотару қиындық туғызбай қоймайды. Соған қарамастан халықтың 95 пайызы латын әліпбиіне көшуге дайын екенін де атап өтті.
Облы стық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы латын әліпбиіне көшу ұлт үшін қажетті бастаманың бірі болып табылатынын, Парламенттегі алқалы жиында айтылған ұтымды ойлар мен ұсыныстар ел үшін жасалып жатқан игі қадам екендігін тілге тиек етіп, бұл жұмысты тиянақтылықпен, жауапкершілікпен жүргізу керектігін алға тартты. Жиында сөйлеген өзге қатысушылардың басым көпшілігі ұсынылған нұсқаны қолдайтынын жеткізді.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы