Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Абай» операсының жаңартылған нұсқасының премьерасы өтті. Сексен жылдан астам уақыт бойы бұл шығарма ұлттық опера өнерінің жауһары әрі театрдың айрықша бет-бейнесіне айналып үлгерді.
Спектакльде көркемдік және музыкалық шешімдер жаңартылып, классикалық түпнұсқасының мазмұны сақталған. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, дәстүр мен заманауи ой да тоғысады.
Жаңа қойылым Абайдың ішкі жан дүниесін, оның адамгершілік таңдауы мен өз дәуірімен рухани қайшылығын тереңірек ашуға бағытталды. Қойылымның сценографиясы мен визуалдық шешімдерінде айтарлықтай өзгерістер жасалған. Қойылым суретшісі Есенгелді Тұяқов сахналық кеңістікті даланың жинақталған бейнесі ретінде қалыптастырды. Рауан Қайруллаева жасаған сахналық образдар тарихи формалар мен ұлттық нақыштарға негізделіп, заманауи көркемдік тұрғыда қайта пайымдалды.
Ал операның музыкалық партитурасы өзгермеген. Қойылымның бас дирижері Нұржан Байбосыновтың басқаруымен оркестр, хор және солистер партитураның ауқымын айшықтап, тұтас әрі үйлесімді музыка ұсынады. Қойылым режиссері Фархат Молдағали жаңа нұсқада ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы айрықша көтерілгенін атап өтті.
Шығармада кәсіби опера өнерінің бай формалары – ариялар, речитативтер, ансамбльдер кеңінен қолданылған.