• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Қыркүйек, 2017

Ұлттық көсемсөздің ұстасы

786 рет
көрсетілді

«От ауыз, орақ тілді» қаламгер Жұматай Сабыржанұлы бар жоғы 55 жасында өмірден өтті. Ел газеті «Егемен Қазақстан» 2002 жылғы 19 қарашадағы санында былай жазыпты: «Қазақ журналистикасы­ның бірегей бітімді, өзгеше тағдырлы тұлғасы Жұматайдың өлмес рухы қазақ сатирасының сарбаздары саңқылдаған қия шептен, оқырмандарының жалқын жүрегінен ешқашан ажырамақ емес. Оның әр сөзін қашап, мінсіз мүсін күйіне жеткізген мағынасы терең сөйлемдері әр кеуденің күмбір қоңырауын қаға береді. Соңына қалдырып кеткен үш кітабы ғұмырлы болып қала беретініне қалам­гердің көзі тірісінде-ақ әркімнің көңілі сеніп үлгерген. Уытты әжуамен өріліп, тасқа қашалғандай жүрек таңбалары уақыт демімен келер күндерге қызмет етпек. Оның әсіресе ана тілінің тағдыры үшін бел шешіп күрескен табанды жігері, бұлжымас көзқарасы, мәрт мінезі әрқайсымыздың жадымыздан өшпесі анық». Жұматай Сабыржанұлы биыл 70-ке толар еді. Қаламгер туралы жазылған естелікті оқырман назарына ұсынып отырмыз.    

 

Есі-дерті – елдің жайы

Қазақ жырының түбін қазсаң екі мың жылдыққа сапар шегіп кетесің. Ол осы дүниедей кәрі, һәм осы дүниедей өндір жас қалпында тұр. Қазақ жур­налистикасы – қазақ көсемсөзінің қолына қамшы ұстап, атқа мінгеніне аз ғана уақыт, санаулы жылдар өтті. XIX ғасырдың аяғында туып, XX ғасырдың басында қалыптаса баста­ған ұлттық сыншыл ойымыздың ескі парақтарын ақтарар болсақ, қолға сарғая бастаған «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттерімен «Айқап» журнал­дарының тігінділері ілігеді. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде қалың ұйқы құшағында жатқан сайын Сахараға «Оян, қазақ!» деп айқай салған: Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпайлардан бастау алатын ұлттық журналистикамыз кейіннен Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Қадыр Тайшықовтармен қайта түрленіп, бертінде: Баубек Бұл­қышев, Камал Смайыл, Шерхан Мұртаза, Нұрмахан Оразбек, Сейдахмет Бердіқұл, Марат Қабанбайлармен соны­ға бет алып, сонарға із салып еді. Сол ұлт­тық жур­на­листикамыздың асау тол­қыны­ның жуан ортасында тұр­­ған талант­ты да қанатты бір өкілі – Жұматай Сабыржанұлы.

 Бізде «балағында биті бар», қолы­на қалам ұстаған қазақ баласының көпшілігі ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп, қара танып алады да, өз мамандығын өзі місе тұтпай, ақын болып, айды аспанға шығаруға, жазушы болып, жаһанға жар салуға құмар-ақ. Мұның бәрі біздің ұлт болып, ұйи алмай жатқанымыздың бір белгісі сықылды. Нанбасаңыз, тұрмыс-салты бізден гөрі жөн-түзу, ой-өрісі бізден гөрі озықтау Батысқа қара­ңыз. Бұл елдерде ұлттық журналис­тика – мемлекеттік көсем ой – «төртін­ші билік» сапында тұр. Тәңірімен тай­таласамын деп, жұмақтан қуылған Адам Ата-Һауа Ана үмбетіне бір тамшы дәнді жерден ар-ұятымен теріп жеп, көргенді ел, көшелі мемлекет болу үшін не керектігін көктен түскен төрт кітаптан кейін көзге шұқып көр­сететін әр елдің өз көсемойы – көсе­гесін көгертер журналистикасы болуы керек-ті.

Жұматай Сабыржанұлы жур­на­лис­тиканың өзгеше бітім-болмысын өзге әріптестерінен гөрі ертерек аңғар­ған екен. «Басын ашып алатын бір жай, мен сатирик емеспін», – дейді ол. – Осылай деп талай айттым жігіт­терге. «Скромничать» етіп отыр деп жүре тыңдайды. Бір қызығы ... «сон­да кімсің?» деп ешқайсысы сұр­а­май­ды. Сонсоң, өзіме-өзім сұрақ қо­йып, жауап беруге тура келеді. Мен – шамасы жеткенше ширатып жазуды жаны сүйетін, өмір құбылыстары­на сын көзбен қарауға дағдыланған, мінезді... жорналеспін». Осыдан артық та, кем де баға бойыма жұқпас, сірә. Қазір берілгенмен, кейін алынып тасталады...» («Өкпелесең, өзің біл», 4-бет).

Әдемі сөз! Мұны ол әдебиет­ті мен­сінбей, көсемсөздің беделін көтеру үшін айтып отырған жоқ. Бұл – өзіміздің Асан қайғы, Абайдан бастап, өзгенің Гомер, Шекспир, Гете, Пушкиндерін құрандай құмартып оқып, құдайдай пір тұтқан ауыздан ғана шығатын лебіз!

Аудандық газеттен бастап, рес­­пуб­ликалық басылымдарға дейін қалам сілтеген Жұматай Сабыржанұлы бүкіл ғұмырын баспасөзге бере сал­ған қаламгер десе болады. Көр­гені көп, көңілге түйгені де соған жете­қабыл. Есі-дерті елдің қамы. Қай туындысын оқысаң да Алаш үшін шырылдап, Адам үшін аттан сала­тын, «намыстан өлген кісінің немере­сі» алдыңнан шығады. Тілі – удай. Қазақты бодан қылған тоталитар­лық қоғам, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең надан», «көп айтса – болды, жұрт айтса көнді, әдеті жаман адам» (Абай) оны әб­ден ашындырған. Күйдірген. Өр­теген... Тілінің ащы, мінезінің құ­йын болатыны содан.

«Өкпелесең, өзің біл» – бүгінгі қазақ қоғамының болмыс тіршілігі­нің шынайы көрінісі. «Жаманға айт­саң біледі, қамшымен тартсаң тіледі» деген – аталы сөз! Ел болып, бесігімізді түзейміз десек, бізге ұяла білу керек, қызара білу керек. Ең әуелі сол елге үлгі көрсетіп, ақыл айтатын қаламгер қауым өзінің бүгінгі «ит мініп, ирек қамшылаған» тірлігінен ұялғаны жөн болады. Жұматай Сабыржанұлының бұл кітабын университет-акаде­мия­лардың журналистика факультетінде оқулық ретінде оқыту керек! Қазір қазақ баспасөзінде кеудесі аяққаптай болып, ұлтының сөзін жер асты қылып, өзінің пенделік пиғылын қоғамдық пікірге тықпалайтын, қарны жер сызған «қаламгерлер» қаптап барады.Жазған сызғандарының сырты – «ұлт­тық», іші – пендеуи, елді ірітіп, жерді шулатып жүреді.

Батыс елдерінде біз сықылды қол­­дан журналист дайындау үрдісі деген жоқ. Кім, мейлі ол экономист, мейлі философ, театр сыншысы ма, жоқ, әлде мәдениеттанушы ма, кім болса, ол болсын, ортаға салар ордалы ойы, аталы сөзі болса, сол кісі журналист болып, төртінші билік­ті қолға алуға хақылы. Бізде әзір­ше мұндай тірлік жоқ, һәм оның таяу аралықта бола қалар қарасы да көрінбейді. Сондықтан, ең құрығанда тәуелсіздікке тәу еткен тұста бұрынғы қалыптасқан қасаң қағидаларды белден басып, қазақ баспасөзінде соны белеске шыққан Жұматай Сабыржанұлының қалам сілтесіне қарап, ойланғанымыз ләзім. Сонда «сірескен социалистік стиль, ормандай орысша оралым, тоң танымға толы қобыраған қоға газеттерден» (214-бет) құтылып, қолына төртінші билікті ұстаған баспасөзбен үзеңгі қағысуға болады.

Журналистика – ұлттың ой-өз шебе­рі, ол бесіктің ою-өрнегінен бас­­­­тап, бейіттің күмбезіне дейін көз салу­­ға тиіс. Ұлттың көсемсөзі ұлт­тың уызын қанып ішіп, әлемдік руха­ният­­тың қазанында қайнап шықса, то­быр – Халыққа айналып, Тұлға бо­са­ға­да отырмай, төрге шығады. Жұ­ма­тай Сабыржанұлы Пушкиннің поэ­зиясы мен Толстойдың романдары Ресей­ді қандай биікке көтеріп шықса, Белинский мен Герценнің сыншыл ойы да сол елді соған жетеқабыл шыңға алып шық­қанын сұңғылалықпен сезінген.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты