• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Театр 22 Қыркүйек, 2017

Сахнадағы серілер сергелдеңі

614 рет
көрсетілді

Өскемендегі облыстық қазақ драма театры 18-ші мау­сымын жазушы Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясымен ашты. Қойылымдағы оқиға негізінен үш жігіт пен бір қыздың арасында өрбиді. Сахна артында телефонмен ғана тілдесетін төртінші жігіт пен «кәрі қыз» – Сайраның құрбысы Айжан ара-тұра ғана бой көр­сетеді. Бірі мақтаншақ ақын, бірі жасқаншақ ғалым, енді бірі мансапқор үш жігіттің бетпердесі қойылым соңында басты рөлдегі қыздың үлкен қызметтегі әкесі жұмыстан босаған кезде ашылады. Жеңгетай құрбысының да «қой терісін жамылған» қасқыр екені мәлім болады.  

 

Қойылым режиссері Са­хан Әкелеев комедия өт­кен ғасырдың 80-ші жылда­ры жазылса да, қаузаған тақырыбы бүгінгі күні де өз өзек­ті­лігін жоғалтпағанын айтады. «Көптеген бойжеткенде­ріміздің «кәрі қыз» атанып, жі­гі­т­тердің «сүрбойдақ» деген айдар тағынуы қазіргі заман­да көбеймесе, азайған жоқ. Мансапқор, жағымпаз, атаққұмар адамдардың қатары да арта түспесе, кемімегені анық.  Сахна – адамның ішкі айнасы. Көрермен өздері бәлкім күнде араласып жүрген, бәлкім күнде есігін қағып жүрген адамдарын сахнадан көріп, ойлансын деген ниетпен қойып отырмыз. Комедияны осындай режиссерлік көзқараспен бүгінгі күннің сұра­нысына, бүгінгінің талабына сай етіп ықшамдап, өзімізше трактовка жасадық», – дейді режиссер. Комедия соңында серілерді сергелдеңге салған «кәрі қыз» – Сайраның рөліндегі Назерке Айдыновамен тілдескенімізде өзінің жасы кіші болғандықтан 30-дағы әйелдің бейнесін сомдау оңайға түспегенін, дегенмен де сахнадағы серіктестері мен көрерменнің ыстық ықыласы жігерлендіргенін жеткізді.    

Реті келгенде айта кетейік, Өскемендегі облыстық қазақ драма театры биыл 30-ға тарта жас актерлермен толықты. Театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев облыс басшылығының қолдауымен олардың 20-дан астамына қызметтік пәтер берілгенін айтты.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН