Кеше Қарағандыда «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы. Қазақстанның мемлекеттік этносаясаты: жаңа бағыттар» тақырыбында екі күндік семинар-практикум өз жұмысын ашты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының арасында қол қойылған Әріптестік туралы меморандум шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен этномәдени бірлестіктер басшыларын оқыту, даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі аталған бірлескен жоба бойынша Ақтөбе, Алматы облыстарында, Астана қаласында 160 мемлекеттік қызметші мен аймақтардағы этномәдени бірлестіктердің 100 басшысы оқыту курстарынан өтсе, бұл шара соның жалғасы болды.
Семинар жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, Ассамблеяның, Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми-сарапшылық қауымдастығының теориялық және қолданбалы әлеуетін пайдалана отырып, жергілікті жерлерде саяси менеджменттің қазіргі заманғы технологиялары мен әдістемелерін меңгерудің маңыздылығын атап өтті.
Семинарға қатысушылар алдында ғылым докторлары Ж.Жүнісова, Н.Калашникова, тағы басқа ғалымдар этносаралық қатынастарды жетілдіру, этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің басты негіздерін нығайту жолдарына арналған баяндамалар жасады.
Семинар бүгін өз жұмысын жалғастырады.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.