Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сучжоу қаласында орналасқан «Higer Quazar» өндірістік кешенінде болып, аталған кешеннің жұмысымен танысты.
Аймақ әкімдігінен хабарлағандай, Кәрім Көкірекбаев аталған компанияның атқарушы директоры Хуан Шун Кин және «Higer Quazar» өндірістік кешенінің өкілдерімен кездесіп, «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында экологиялық тұрғыдан зиян келтірмейтін қоғамдық көліктің тиімділігін талқылады.
Сондай-ақ, қала аралық және қала ішілік қоғамдық көліктерді сатып алу, «Quazar» атты электрлік автобустар құрастыратын зауыт құрылысын Тараз қаласында бастау жайлары да қаралды.
Еске сала кетсек, қос тарап жылына 300 электрлік автобус шығаратын зауыттың құрылысын «Тараз» индустриалды паркі» аумағында соғу туралы меморандумға қол қойған болатын. Жобаның құны 3 млрд. теңгені құрайды. Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың мақсаты - инвестициялық жобаны іске асыру болып табылады. Жамбылдық делегация қос қала арасында көлік менеджменті бойынша тәжірибе алмасуды тұрақты орнатуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, экономикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған басқа да бірқатар бағыттар бойынша пікірлер тыңдалды.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басында Алматы қаласында «Higer Quazar» экологиялық таза электр автобустарын шығаратын зауыт пайдалануға берілген болатын. «Higer Quazar» компаниясы екі түрлі электрлі автобустарды құрастырады.
Ал, Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде «Higer Quazar» қазақстандық электробус алғаш рет қала көшелерімен жүрген болатын.
Еске сала кетсек, Таразда экологиялық таза қоғамдық көлікті іске қосу, сондай-ақ қазақстандық қондырғылардың электромобильдеріне арналған аккумуляторлық батареялар өндірісін ашу жоспарланып отыр.