Шығыс Қазақстан облысында Астана қаласының күндері өтуде
Несін айтасыз, ел тәуелсіздігінің тарихи куәсі іспеттес Бәйтерегі асқақтап, көк байрағымыз аспанға самғаған Астана қаласы Алтайға көшіп келгендей әсерде жүр қазір Өскемен тұрғындары. Бұдан бір ай бұрын Шығыс Қазақстан облысының елордадағы мәдени күндері ел есінде қалатындай мәнді де сәнді өтсе, енді қала әкімі И.Тасмағамбетов бастаған үш жүздей өнер және мәдениет қайраткерлері, халық қалаулылары, еңбек озаттары өр Алтайдың төріне аяқ басты.
Жұма күні қонақтарды облыс әкімі Б.Сапарбаев әуежайдан қарсы алды. Бұдан кейін Астананың білікті хирургтері Өскемендегі ауруханаларда аса күрделі операция жасап, өз тәжірибелерін жергілікті дәрігерлерге үйретті. Қ.Қуанышбаев атындағы драма театры спектакль қойып, еліміздің бас қаласының өнерпаздары гала-концертті қала тұрғындарының назарына ұсынды. Бүгін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғалымдар мен ақындар кездесулер өткізбек. Ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады.
Бұдан бірнеше күн бұрын Өскемендегі Солнечная көшесінің тұрғындарына сауалдама жүргізгенде, олардың 80 пайыздан астамы көше атын өзгерту, оған Астана аты лайық деген лебіз білдірді. Енді, міне, елордалықтар көшенің салтанатты ашылуына қатысты. Делегация құрамындағы белгілі мәдениет қайраткерлері бұл шараны ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған игі қадам деп бағалап отыр.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Өскемен.