• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қыркүйек, 2017

Ділдің тұма бұлағы

763 рет
көрсетілді

Жақында «Жібек жолы» баспасынан қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің «Ділім» атты кітабы жарыққа шықты. Мұнда автордың әр жылдардағы мақалалары, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, халықаралық және республикалық симпозиум-конференцияларда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері берілген. 

 

Кітаптағы арнайы жүйемен топтас­тырылған мақалалар мен сұхбаттарында автор еліміздегі қоғамдық, саяси және әлеу­меттік мәселелер, мәдени және әде­­би үдерістер, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайлар, жаһандану үдерісінің жай-күйі мен маңызды жақтары жайын­да оқырманды елең еткізетін тың ой-пікірлер айтады. Олардың негізгі мазмұ­нын автордың: «Тілден де, Діннен де ай­ры­лып қала жаздап, қайта оралған кез­деріміз болды, әлі де кездеседі. Ал Ділден ше?! Одан айрылу мүлдем мүм­кін емес, тек сол Діл саулығы, Діл тазалығы, Діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемле­кет ретінде сақталып қалдық»,  деген тұжырымынан айқын аңғаруға болады. 

Кітаптың кіріспе бөліміндегі «Эн­кидиада», «Үш арыс», «Қай­нар көз» атты мақалаларда қаламгер адамзат ба­ласының даму тарихы, ондағы екі стихия – көшпелілік пен отырық­шы­лықтың бір­лігі мен қара­ма-қайшылығы, оның қазақ даласындағы көрінісі, көш­пелілер әлемі, оның жалпы­адамзаттық дамудағы рөлі мен орны, түркі халықтарының, қазақ­тардың тереңнен тамыр тартатын мәдениеті туралы пәлсафалық тұрғыда ой түйеді. Жалпы, бұл үш іргелі мақала кітап лейтмотиві іспетті, өйткені оларға арқау болған ой-пайымдар мен тұжырымдар кітаптың өн бойына өзек болып өріліп отырады.

Кітаптың «Айналайын, ақ бұлақ» атты бірінші бөлімінде автор әкесі Мұхтар Әуезов пен анасы Фатиманың өмірі, олардан алған тәлім-тағылымы, бір шаңырақтың астында тәр­биеленген бауыр­лары, өз ұрпақтары жайында әңгі­­мелейді. Әуезов әлемінің әлі де то­лыққанды зерттелмегеніне назар аударады. «Әлем кіндігі» бөлімінде қа­­зақ зиялыларының тоталитарлық мем­лекеттегі тағдыры, «пайғамбарлар дәуірі» және біздің дініміздегі кейбір ерекшеліктер, тәңіршілдік қағи­дасы, «Ала­таудан – Алтай­ға» деген кітап керуенімен сапары, қазақтың мәдени өмі­ріндегі қожалар миссиясы туралы ой толғайды. «Жол көрмек», «Садақ­тың ұшқан оғын­дай...», «Жеті қырдан астың ба», «Жоғарыдан ағатын өзен­дерді біл!», «Еңку-еңку жер шалмай» бөлімдерінде хал­қымыздың мәде­ниеті мен өнері, тілі, тәуел­сіз­дік, ұлттық рух пен ұлттық мүд­де мәселелері, еларалық саясат­тағы ұстаным, шығыс тарихы, араб-түркі және қытай-қазақ қарым-қатынастары, бұл орайда шешімін табуы тиіс проблемалар жан-жақты әрі өткір қозғалады. «Жайсаң да жүр жаныңда» бөлімінде өзі пікірлес, мұраттас болған А.Сүлей­менов, Г.Бельгер, И.Қарақұлов, Д.Иса­беков сынды қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері туралы сыр шертеді.

Жинақ автордың «Тамшы, бұ­лақ!»­ деген жүрекжарды эссесімен қоры­тындыланады. Дана Конфуцийдің білім­ге апарар үш жол ретінде ойланыстарды, толғаныстарды, тәжірибені атағанын еске алып, өзінің өмір бойы осы үлкен жолдың үш тармағымен де жүріп келе жатқанын, бұл жолына Әділдік және Діл ұстанымдарын бағдаршам ететін айтады. Егер еліне, ұлтына тамшыдай болса да себі тисе, Ділінің арқасы екенін тебірене мойындайды, бойына осы қасиетті дарытқан ұлттық тамырына ризашылығын былай деп білдіреді: «...үлкен Жолдың айрығында тұрып, Ділімнің діңгегін сусындатқан Ақ Бұлағымнан тамшылап аққан сафтай таза суының әрбір тамшысынан Айналайын дегім келеді».  Кітап ойлы, қоғамдық-саяси жә­не мәдени-эстетикалық терең тұжы­рымдарға, пікір-пайымдарға бай, өте мазмұнды шыққан. Тәуелсіз Қа­зақ елі­ белін бекемдеп, еңсесін тіктеп, Мәң­гілік ел болуға бет бұрған тұс­та, хал­қымыздың өзінің әлемдік қа­уым­­дас­тықтағы орны мен рөлін, жаһан­дану үдері­сінде ұлт ретінде сақталып қалудағы міндеті мен парызын терең сезініп, түйсінуге себі тиер бұл кітаптың қалың оқыр­ман қауымға, сонымен қатар ел тізгінін ұстап отырған азамат­тарға аса пайдалы болары сөзсіз. 

Балжан ХАБДИНА АЛМАТЫ