Өткен тамыз айының басында Астана қаласында Қостанай облысының күндері өткен-тін. Мәдени шара аясында қолөнер шеберлерінің және сонымен қатар халық арасында қасиетті саналып келген айрықша нысандардың фотонұсқасы қойылып, көрме ұйымдастырылған еді.
Осы орайда, көрерменнің назарын айрықша аударған дүние – Сахна тамның суреті болды. Бұл там Арқалық қаласынан Ұлытауға қарай беттейтін қара жолдың бойында орналасқан Сарыторғай ауылынан 50 шақырым жерде тұр екен.
Былайғы жұрт тамды «Махат сахнасы» деп те атайды. Себебі, оны өткен ғасырдың басында Махат Саржанұлы дейтін ұста салған. Бұл нысан қазір мемлекет қамқорлығында. Сахна тамның кіреберіс маңдайшасына құран аяттары жазылып, сыртқы дөдегесіне әсем ою-өрнек безендірілген. Биіктігі – 4-5 метр.
Нысан құла дүзде босқа тұрған жоқ. Бұнда адамдар ашық жерленеді. Яғни мәйіт арнайы сәкі үстіне қойылып, келесі мүрде келгенге дейін сонда тұрады. Жаңа мәйіт ауысқанда, ескісі іргедегі көрқұдыққа тасталады. Бұны там иелері «сүйекке сүйек қосу» дейді екен.
Арқалық қаласы Дала өлкесі музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда соңғы адам 1994 жылы жерленген көрінеді. Сыртынан қарағанда, бұл тамды жер астындағы көрге түсетін есік деп еш ойламаймыз. Ал шын мәнінде бұл там – көрқұдықтың аузына салынған қақпа.
Жер астындағы жерлеу орнында әйел мен еркекті бөлек-бөлек қояды. Таңданарлық дүние – мәйіт жатқан жерде ешқандай иіс-қоңыс жоқ, ішке салқын таза ауа кіріп тұрады дейді, білетіндер. Бұнда тек қана бір атаның балалары ғана жерленеді.
Кейін сұрастырып көрсек, мұндай көрқұдықтар қазақ даласының әрбір жерінде бар екен. Атап айтқанда, соның бірі – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында тұр. Бұл да күйдірілген кірпіштен бір күмбезді етіліп салынған. Екі шеті дөңгелек мұнаралы, оның жоғары жағында жарық түсетін саңылау бар. Мұнда да адамдарды жерлеу тәртібі жоғарыдағымен бірдей.
Сол сияқты, тағы бір көр-зират Қарағанды облысы, Нұра ауданының (бұрынғы Теңіз ауданы) Жанбөбек ауылынан 25 шақырымда болған екен. Қазір көр-зираттың тамы қирап, жұқанасы ғана қалыпты.
Жалпы, бұл жәдігер-нысан жайлы арнайы зерттеу жүргізген адам жоқ. Тек этнограф-ғалым марқұм Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде бұл дүниелер Зәрдеш әулие (Заратуштра) заманынан қалған ғұрып екені жайлы айтылыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»