Түркі халықтарына ортақ кітаптар жазу жалғаса беретін болады. Алдағы уақытта география және әдебиет кітабын жасап шығу жоспарда бар. Бұл туралы Астанада өткен «Ортақ түркі тарихы» оқулығының жобасын талқылау барысында Түркі кеңесі төрағасының орынбасары Өмер Коджаман мәлімдеді.
Отырысқа жиналғандарға өз алғысын білдірген Ө.Коджаман алдағы уақытта ортақ жобаның жалғаса беретін атап өтті. Оның айтуынша, түркі халықтарының тарихын егжей-тегжейлі жинаған кітаптың өскелең ұрпақ үшін маңызы орасан.
«Ең әуелі, Түркі кеңесі мен Түркі академиясы бірлесе отырып жасаған оқулықты талқылауға қатысып, ат салысқандарға айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта ортақ география, әдебиет кітаптарын жазып шығу жоспарда бар. Бүгін ортақ түркі тарихын қағазға түсірдік. Қазіргі таңда жастар түрлі дереккөздерден әр қилы ақпарат алады. Осындай сәтте ортақ тарих кітабының қажеттілігі туды. Осындай қадам арқылы ұрпақ алдындағы борышымызды адал атқарып шықтық. Бұл оқулық ‒ бүкіл түркі әлемі күткен кітап» ‒ деді Ө. Кожаман.
Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтыған оқулық 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы қамтылған. Жаңа тарих кітабы 8-сынып оқушыларына оқытылмақ. Оқулықтың жобасы 2018 жылы Қырғызстанда өтетін Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының VI Саммитінде ұсынылады.
Арнайы жұмыс тобына кірген мамандар Академияда 3 күн бойы оқулықтың жобасын жан-жақты талқылап, қажетті түзетулер енгізіп, мазмұнын толықтырды. Сарапшылар Түркі тілдес мемлекеттердің Білім министрлерінің IV жиынында қабылданған шешімдерді негізге алды.