30 қыркүйек күні Алматы қаласында дәстүрлі халықаралық «Тур Алматы – 2017» көпкүндік веложарысы басталады. Осыған орай Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Қалетаев жарысқа енгізілген өзгерістер жайлы пікір білдірді.
Биыл айтулы жарыс қарқын алып, көпкүндік форматта өтетін болды.
«Биыл біз UCI ұйымы жобамыздың дәрежесін арттыру туралы сұранысымызға рұқсат берді. Осының арқасында «Тур Алматы» алғаш рет екі кезеңнен ұйымдастырылмақ. Көпкүндікті ұйымдастырудың деңгейі әрине мүлдем басқа. Ұйымдастыру шарттарында да айырмашылық бар. Осыған дейін өткен төрт нұсқасынан әлдеқайда бөлек. Біріншіден – бұл жаңа маршрут. Бірінші күні шабандоздар қала көшелерімен жүріп өтеді. Бұл жерде айналма жол 27 шақырым болады. Ал екінші кезеңде, яғни 1 қазан күні спортшылар тауға қарай шығуы керек. Биыл біз аздаған өзгерістер енгізіп, оңтүстік астанамыздың таулы аймақтарын да қолдануды жөн көрдік. Веложарыстың мәре сызығы Алматының ең көрікті жерлерінің бірі Медеуде орналасқан. «Тур Алматы – 2017» жарысының келесі маңызды сәті – қала өмірінің жағдайына ыңғайлану. Сіз бұл жерде старт алатын орындардан бірінші күні-ақ байқай аласыз. Екінші кезеңде бұл орындар арнайы ғимараттардың маңында орналасқан. Көшелерді жабуға байланысты айтар болсам, биыл бұл мәселені жан-жақты талқылай келе мынандай шешім қабылдадық. Велошабандоздар өтіп кеткеннен кейін сол маңайдағы көшелер қайтадан ашылатын болады. Алматы – тұрғындары көп, үлкен қала. Сәйкесінше, жол кептелістерінің де болуы заңдылық. Біз жарысқа қатысушыларға қаншалықты жағдай жасасақ, қала тұрғындарының да жағдайын қаперде ұстауымыз керек», деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Қалетаев.
Оның айтуынша, дәстүрлі веложарысқа Қазақстан атынан «Astana Pro Team» командасы қатысады.
«Команда құрамында қазақстандық үздік шабандоздардың бірі Алексей Луценко мен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Якоб Фульсанг бар. Олар биылғы маусымда лайықты деңгейде өнер көрсетті. Алматыда өтетін жарысқа әлемнің 17 елінен 20 команда қатысады. Биыл қатысушылар санын арттырғанымызды айта кетейін. Әр команданың құрамында жоғары деңгейлі шабандоздар бар», деді Дархан Қалетаев.
Айта кетейік, «Тур Алматы» кәсіпқой веложарысы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы мерейлі бесінші туры алғаш рет екі күннен, яғни 30 қыркүйек пен 1 қазанда өтпек. 29 қыркүйекте Республика сарайының алаңында қатысушы командалардың таныстыру рәсімі өтеді.
Веложарыс жанкүйерлері үшін түрлі конкурстар мен ұтыс ойындары, әуесқой жарыстар қарастырылған. Мұның бәрі 28 қыркүйекке жоспарланып отыр.