«Славия» командасының бас бапкері Ярослав Щилхавы Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астанаға» қарсы ойын алдында пікір білдірді.
– «Астананың» ойыны жайлы қандай ойдасыз?
– «Астанада» мықты ойыншылар жиналған. Оларда Еуропа футболында ойнаған тәжірибелі футболшылары бар. Біз «Селтикке» қарсы ойынды көріп шықтық. «Вильярреалға» қарсы кездесуді де талдап шықтық. Жақсы ойын көрсетті. Бірнеше мүмкіндігі болды.
– Сіз 4-5-1 сызбанұсқасын қолданғанды ұнатады деп естідік. Бұл шынымен солай ма?
– Дайындығымызды егжей-тегжейлі айтқанды ұнатпаймын. Рас, осы нұсқаны қолданамыз. Ойын барысында 4-3-3 нұсқасын да қолдануымыз мүмкін. «Астананы» жеңу үшін бірнеше жоспар құрдық.
– «Астана» бірнеше ойын өз алаңында ұтылмай келеді. Ертең жеңілеміз деп ойламайсыз ба?
– Біз әр ойында жеңіске жеткіміз келеді. Ешкімнен қорықпаймыз. Ертең жеңіске жетуді көздейміз.
– Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бапкері Мирослав Веранек қазір сіздің командаңызда қызмет етеді. Дайындық барысында онымен ақылдастыңыз ба?
– Бүгінге дейін «Астанада» айтарлықтай өзгерістер болды. Мирослав Веранекпен ақылдасқаным рас. Бірақ оның ендігі маңызы бар деп ойламаймын. Бізде өзге қиындықтардың барын айта кетейін. Ауа райында 20 градус айырмашылық бар, уақыт айырмашылығы да бар. Бірақ біз тез арада бейімделуіміз керек. Сонымен қатар, біз алғашқы ойында жеңіске жеттік. Ал «Астана» фаворит командаға есе жіберді. Сондықтан ертең «Астана» жеңіске жету үшін барын салады деп ойлаймын. Еуропа лигасында әр команда үшін бір ұпай болса да маңызы зор.
– Жасанды алаң кедергі келтіреді деп ойлайсыз ба? «Славия» үшін Чехия чемпионатындағы өз орнын сақтап қалу маңызды ма, әлде
– Чехияда ешкім жасанды алаңда ойнамайды. Бірақ бұл бізге сылтау емес. Ертеңгі ойында жеңіске деген құлшынысымызға кедергі келтіреді деп ойламаймын. Біз үшін чемпионат та, Еуропа лигасы маңызды.
Айта кетейік, «Астана» мен «Славия» арасындағы кездесу ертең сағат 21:00-де басталады.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»