• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Футбол 28 Қыркүйек, 2017

Қазақ жанкүйері қайда жүр?

538 рет
көрсетілді

2014 жылғы әлем чемпионатының финалын миллиардқа жуық адам тікелей эфирден тамашалапты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Төрткүл дүниенің төрт бұрышында ала допқа қызығатындар саны жыл санап артып келеді. Сүйікті командасының ойынын тікелей тамашалау үшін аренаға ағылатындар қаншама?! Әйтсе де Қазақстандағы жағдай тіпті бөлек. 

Кейінгі жылдары қазақ футболы клубтық деңгейде толағай табыстарға қол жеткізді. Еуро­паның ірі додаларында атой салу біз үшін қалыпты жағдайға ай­налып үлгерді. Мәселен, биыл «Астана» үшінші мәрте топтық кезеңге өтіп отыр. Әйтсе де қазақ футболының еңсесі көтерілді деу­ге әлі ерте. Ұлттық құрамамыз жеңілістен көз ашпай жүр. Таяуда ғана «Аренада» Черногорияға 0:3 есебімен есе жібердік. Оған қоса, әлемдегі №1 спорт түрі елімізде бұқаралық деңгейге көтерілген жоқ. Ала доптың артынан күн ұзақ жүгіретін тастүйнектер ауладан ғана кездеседі. Ал командасын қолдауға стадионға барған жанкүйерлер қарасы тым аз. 

Біздің клубтар еуропалық командалармен сынға түскенде аренаға ағылатын жанкүйерлерді ішкі біріншілікте майшаммен іздеп табу қиын. Мәселен, биылғы премьер-лиганың 23-турындағы бүкіл ойындарды қосқанда стадионға 489540 жанкүйер жина­лыпты. Осы аралықта 135 матч ойналғанын ескерсек, орта есеппен әр матчты 3626 кө­рермен тамашалаған. Тіпті кей кездесулерге 100 жанкүйер жиналған сәттер кездесті.

Неліктен қазақ футболының жанкүйерлері аз? Осы сұрақты спорттың басы-қасында жүрген­дерге қойған едік. Журналист Руслан Меделбектің пікірінше, жанкүйер мәдениеті Қазақстанда енді-енді қалыптасып келеді. Дегенмен, көрерменді көбейту үшін ең әуелі олармен тығыз байланыс орнату керек. Фанат­тар ұйымын құрып, клуб жей­десін, түрлі заттарын сататын дүкендер ашу – жанкүйер жи­наудың тәсілдері екенін айтады ол. Рус­ланның пікірінше, адам­дар команданың нәтижесіне қарап жанкүйерлік етеді. «Қазақ фут­болындағы көрерменнің артуы­на «Шахтердің» Еуропадағы жеңістері себеп болды. Мәселен «Қайрат» чемпиондыққа таласып жүргенде стадион лық толатын. Қазір екінші орыннан көтерілмегендіктен, аренаға жиналатындар саны сиреді», дейді ол.

«Ақтөбе» клубының жан­күйері Аршат Оразов та көрермен тарту үшін нәтиже мен маркетинг керек екенін айтады. Оның пікірінше, қазіргі таңда «Қай­рат» пен «Астана» клубтары екі бағытта да сүбелі жұмыс атқарып жатыр.

«Жанкүйерді ең әуелі нәтиже қызықтырады. «Ордабасы», «Ақ­­төбе», «Ертіс», «Тобыл» – соның жақсы мысалы. Жақсы нәти­же көр­сеткенде стадионға адам көп бара бастады, тұрақты фанат­тар қалыптасты. Сонымен қатар бұл қалаларда футбол мәде­ниеті бұрыннан бар. КСРО-ның 2-лигасында «Актюбинец», «Мелиоратор», «Трактор», «Энер­гетиктердің» ойындарына адам көп жиналатын. Ол кезде әр матчта лотерея ойнату дәстүрі бол­ды», – дейді 30 жылдық жан­күйерлік тәжірибесі бар Аршат Оразов. 

Ала доптың басы-қасында жүргендер елдегі футбол клубтарына нәтижесіне қарамастан мемлекеттен өте көп қаражат бөлі­нетінін айтады. Мысалы, Қазақ­стандағы көптеген клуб­тардың бюджеті 1,5-4 миллиард теңге шамасында. Бір-екі клубтың қаражаты олардан көп болуы мүмкін. Кейінгілері Еуропада атой салып, салынған қаржыны ақтайтын деңгейде. Әйтсе де не чемпиондыққа талас­пайтын, не Еуропада ойнамайтын, бірақ мемлекеттен қомақты қаражат алып отырған командалар жетерлік. Оларға жергілікті әкімшіліктен жыл сайын қомақты сома бөлінеді.

Мұндай бюджеті бар еуро­палық клубтар мемлекеттен қаржылық көмек алмай-ақ талай шыңды бағындырып жүр. Мысалы, былтыр Англияның «Портсмут» клубының бюджеті теңгеге шаққанда 2 миллиардтан асқан жоқ.  Алайда бұл сома оларға молынан жетті. «Портсмут» Англияның екінші лигасының чемпионы атанып, әр матчқа орта есеппен 16 мыңнан астам жанкүйер жиналды. «Шеффилд Юнайтед» клубы да кедей команда қатарында саналады. Әйтсе де, олардың әр ойынын орта есеппен 21 мыңнан астам көрермен стадионнан тамашалапты. Осыдан-ақ, қарт құрлықтағы футболдың бір ізге түскенін байқауға болады. Жоғарыда аталған Англияның клубтары шығындарының басым бөлігін осы стадионға жиналған жанкүйер арқылы қайтарып алады. Оған қоса, ол жақта кәсіби футбол клубтарға мемлекеттен көк тиын қарастырылмаған. Тиім­ді жұмыс атқарғаны пайданы күреп табады. Қысқаша айт­қанда, қарт құрлықтың футболын нарық заңы билеп тұр. 

Осы орайда, «Қазақстандық кей клубтар не жанкүйер жинамаса, не ішкі біріншілікте жарытып өнер көрсетпесе, мемлекеттен миллиардтаған қаражат бөлудің қажеті қанша?», деген заңды сұрақ туындайды. Оның орнына еліміздің абыройын асқақтататын спорт түрлеріне назар аударған дұрыс емес пе?! Мил­лиондаған қаржыны түк бітір­мейтін 22 футболшының қал­тасына салып бергеннен, Қа­зақстан атын әлемге танытатын спортшыларды баулуға жұмсау әлдеқайда тиімді екені анық. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Фото: inform.kz