Өмірінің соңғы кездері Лев Толстой жазушылықтан гөрі қарапайым тұрмыстық жұмыстарды ерекше бағалай бастапты.
Ғұмырының жартысынан көбін жазуға арнаған граф одан гөрі етік тігу мағыналырақ деп есептеп, 1884 жылы Ясная Полянадан Мәскеудегі қыстауына келген кезден бастап сондағы шеберден етік тігуді үйрене бастайды. Дүниеде ештеңеге кіріптар болмаған жазушының мұндай әрекеті айналасындағылардың бәрін таңғалдырған. Жазушының ұлы Ильяның естелігінде «шәкірт» әкесінің шеберден сабақ алған кезінде әр жаңа нәрсені үйренген сайын балаша қуанғанын жазады. Софья Андреевна әпкесіне жазған хатында күйеуінің кебіс тігіп әкелгенін, оның онша сәтті шықпағанын айтқан.
Әрине жазушы, әрі граф, ойшыл Толстой етік тігу өнерін өмірінің маңызды бөлігіне айналдырып, кәсіп ететін ойы болмаған. Өзі үшін тігіп, содан жан рахатын тапқан. Дегенмен графтың қолынан шыққан етікті кию бақыты жақындарына да бұйырыпты. Күйеу баласы М.Сухотинге етік, ақын А.Фетке бәтеңке тігіп берген. Сухотин етікті екі күн киіп, ыңғайсыз болғандықтан жазушының он екі томдық шығармалар жинағының қасына: «Граф Л.Н.Толстойдың соңғы туындысы» немесе «13 том» деген жазумен қойған екен. Оны көрген Толстой: «Ендеше бұл менің ең жақсы туындым» деген. Ал Фет болса, бәтеңкенің сапасы мен шебер тігілгенін мақтап, ұзақ уақыт киіп жүрген екен. Тіпті 1885 жылдың 15 қаңтарында айғақ хат та жазыпты.
Онда: «Бұл қағаз менің тапсырысыммен «Соғыс және бейбітшілік» романының авторы граф Л.Н.Толстой тігіп берген бәтеңкені киіп жүргенімді растайды. Етікті мен 8 қаңтар күні алдым, граф еңбегі үшін 6 рубль алды. Бұл айтқанымды қолыммен және мөріммен растаймын» деп жазылған екен. Етік тігу Толстойдың мезеттік қана қызығушылығы болмаған. 1891 жылы Софья Андреевна күнделігінде графтың өзіне аяқ киім тігіп алғанын жазғаны бар.
Кемеңгер жазушының бұл әрекеті қалың оқырманын әлі күнге таңғалдырып, түпсіз ойға жетелеп келеді.
Бағашар Тұрсынбайұлы, «Егемен Қазақстан»