• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2011

Шөмішбай ақынның ән кеші

596 рет
көрсетілді

«Айналдым сенен, Атамекен-ай!» деп аталып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды Өткен сенбіде Алматыдағы киелі шаңы­рақ­тардың бірі – Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен ақын Шө­міш­бай Сариевтің «Айналдым сенен, Ата­мекен-ай!» атты авторлық кеші жұрт­шы­лыққа қуанышты молынан сыйлады. Бұл кешті Қа­зақ­стан эстрадасының үздік өнер жұлдыздары көркейткенін айтуымыз керек. Авторлық кеш иесі республика жұртшылы­ғына ондаған та­нымал әндердің өлеңдерін туындатқан ақжар­ма ақын ретінде кеңінен мәлім десек, қате­лес­песпіз. Сол себептен де зал толы қауым Қа­зақ­станның еңбегі сіңген қайраткері, Франц Кафка атындағы халық­аралық Алтын медаль сыйлығының, Жыл адамы – Алтын адам сый­лығының, Платина Тарлан сыйлығының лау­реа­ты Шөмішбай Сариевті зор қошеметпен қарсы алғанына таңдануға болмас. Ш.Сариев Әдебиет және өнер инсти­тутын­да ғалым ретінде іздене жүріп «Абай және Махамбет», «Махамбет – ұлт тәуел­сіз­дігінің күрескер ақыны» атты монографиялар жариялаған еді. Соған орай кешті Нұр­ғи­са Тілендиев атындағы академиялық фольклор­лық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі ұлы композитор Нұрғисаның «Махамбет» күйі­мен бастауы да жарасып тұрды. «Елім менің» атты бәйгенің екі дүркін Гран-при жүл­дегері Шөмішбай Сариев авторлық той­дың беташары ретінде Тәуелсіздікке арнаған жарқын жырын шашу етті. Ал «Ата тол­ғауы» күйі орындалғаннан кейін автордың сазгер Ерлан Қанапияновпен бірігіп жазған VІІ Қысқы Азия ойындары Алау эстафе­та­сының гимні «Азиада» әуеледі. «Неткен жұмбақ, шексіз аспан көк едің, Ғалам деген қандай ғажап кең едің. Жүрегіммен өлең сыйлап өмірге, Дүниені жалт қаратсам деп едім!» – деп жырлаған ақын Шө­міш­бай Сариевтің өле­ң­і­­не жазылған «Ай­нал­­дым сенен, Атамекен-ай!» әні кешегі кеңес үкіметі кезінде шетел қа­зақ­тарының ән­ұра­ны­на ай­на­лып кеткен еді. Осы ән-өлеңнің бір шу­мағы Тұңғыш Президент мұражайындағы «Үш­қоңыр» панора­ма­сын­да ақын есімімен бірге жазулы тұрғаны да тегін емес-ау. Олай болса, атақты әншіміз Роза Рымбаева шырқа­ған осынау арман әнді көп­шілік тағы да ықы­ласпен қабыл алды. 65 жасқа келіп отыр­­ған той иесін «Нұр Отан» партиясының Ас­та­надан жеткен өкілі құттықтап, партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығ­ма­тулиннің ілтипатты сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, осындай ақ тілекке толы жеделхат құттық­тау­лары Қызылорда, Шығыс Қазақ­стан, Маң­ғыс­­тау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облы­сы­ның әкімдерінен келіп түсіп, біздің елімізде әкімнің ақынды құрметтей­тінін айғақтады. Әкелі-балалы Ескендір және Біржан Ха­санғалиевтар Шөмішбай Сариевпен ш­ығар­ма­шылық бірлестікте жазылған «Құрылыс­шылар әнұранының» тұсауын кесті. Ал, көптен бергі әріптесі Владимир Питерцевпен бірігіп жазылған «Әлжан ана» әні Тұң­ғыш Президентіміздің аяулы анасына ар­налуы қандай ғанибет. Бұл әнді қазақтың та­лантты әншісі Гүлмира Ақүрпекова орын­да­ды. Осы арада қайтыс болған күні өз елінің ұлттық мерекесі болып жарияланған Порту­га­лияның ұлы ақыны Луиш ди Камоэнстің сонеттері қазақ оқырманына Шөмішбай ақын­ның аудармасымен жеткенін айта кеткен жөн. Сонымен бірге, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіз­дігі­міз­дің 20 жылдығына арнап шығарған «Қа­зақ көркемсөзінің шеберлері» атты кітапқа енген жүз ақын-жазушының ішінен де Шө­кеңді ұшыратамыз. Елі құрметтеген ақын­ның кітабы сонау Үндістанда да жарық көрген. Міне, ақын өзінің Тұманбай Мол­да­ғалиев, Қадыр Мырза Әлі ағалары сияқты қа­зақтың ән-өлеңінің айтулы шеберіне ай­нал­­ғандығын осы кеш барысында айқын танытты. Оның тамаша сазгерлермен шабыт қанатында тудырған ән-өлеңдерін бұл автор­лық кеште Сүлеймен Ибрагимов, Жеңіс Сей­доллаұлы, Дүйсенхан Сыздықов, Бағдат Сә­мединова, Естай Әлекеев, Аманқос Садықов, Эльмира Жаңабергенова, Ай­жан Нұрмаған­бетова, Ақжол Мейірбеков жә­не т.б. жезтаң­дай әншілер Алматы аспанына қалықтатты. Тамаша ән кеші Майра Ілиясова зор шабыт­пен шырқаған «Алға, Қазақ елі» әні­мен түйінделді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.