Мақтаарал ауданында «Ақ керуен-2017» мақта терімінің ашылу салтанаты алты Алашқа сауын айтып той жасағандай жағдайда өтті.
Ерте көктемнен күнге шағылысқан аймаңдай кетпенін алып, атыздан шықпаған диқандардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, көңілі тоқ. Өйткені мақта бағасы көңілге қонымды. Мақта қабылдау бекеттері әр тоннаны 165 мың теңгеден қабылдай бастады. Еңбек ақталды деген осы. Ала жаз бойы алашапқын болған қоңыр күз әр шаңырақтың берекесін кіргізіп-ақ жатыр.
Сонау жылдары күлмек түгілі көз жасы көл болған уақыттар да болған. «Бұлақтың басындағылар бал ішеді, соңындағылар у ішеді» деген қанатты сөз осы мақта еккен диқандардан қалған. Аптап төбені тесіп, ала қарғаның миы айналып тыраң етіп әр жерге құлап жатқанда көні кепкен мақталығына су жеткізе алмай шерменде болған диқандардың су кезегі үшін кетпендесіп қала жаздағанын талай көргенбіз. Өзбекстаннан келетін «Достық» каналының қазаққа келгенде суы тартылып, мемлекетаралық келісімшарттағы көлемі аз берілетін уақыт өтті. Шіліңгір шілдеде атыздар қурап қалмас үшін Шардарада су қоймасының сағасынан электр қуатымен жұмыс істейтін су сорғы стансасы іске қосылған. Мемлекетке қыруар қаржыға түссе де, амалсыз барған қадам еді.
Бүгінде мемлекетаралық келісімдердің негізінде Өзбекстанның пейілі жақсарды. Су жеткілікті. Су мол болған соң диқандар да ойдағыдай өнім алды. Кезінде Мақтаарал ауданының әкімі болған, бүгінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, білімді Мәскеудегі Тимирязов университетінен алған Серік Тұрбековтің бастамасымен диқандар атызды терең қопсыту әдісіне өткен. Соқамен жердің қабатын айра-жайра қылмай ылғал мен топырақтың құнарын сақтауға септесетін жаңа технологияның арқасында 95 мың гектар жерге егілген шитті мақтадан гектарына 21-24 центнерден өнім алуға мүмкіндік бар.
Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстанда 134,6 мың гектар жерге мақта шиті себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. 2016 жылы шаруалар әр гектарына орташа есеппен 26,2 центнерден өнім алып, барлығы 286,4 мың тонна мақта жинаған. Бүгінде егіс көлемінің артуына байланысты өңірде 300 мың тоннадан астам мақта жиналады деп жоспарланып отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы