Өткен аптада футболдан Қазақстан ұлттық және жастар құрамасының футболшылары Қарағанды облысы Теміртау қаласында орналасқан балалар үйіне барды.
Қайырымдылық шараға Сергей Хижниченко, Виктор Дмитренко, Игорь Щацкий, Михаил Габышев, Оралхан Өміртаев, Геворг Наджарян, Руслан Әлімбаев, сондай-ақ бас бапкер Александр Бородюк пен ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Мұрат Тілешов пен Андрей Финонченко қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Шахтер» клубының шабуылшысы Сергей Хижниченко құрама футболшыларымен қайырымдылық шарасына үшінші рет қатысып отырғанын айтты. Ол бұған дейін Астана және Талғар қалаларындағы балалар үйіне барған. «Балалар үйіне үшінші рет келгеніме қуаныштымын. Мұндай шаралар өте қажет. Балаларға сыйлық жасау және көтеріңкі көңіл-күйі сыйлау біз үшін үлкен қуаныш. Бұл жерде жақсы жағдай жасалған және балалар өте белсенді. Мен оларға өмірдегі барлық армандары орындалуын тілеймін!» дейді Хижниченко.
Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Бородюк шарадан керемет әсер алғанын, балалар үйінде қызмет етіп жатқан әрбір тәрбиешіге бас иіп, алғысын жеткізді. «Мұнда жұмыс істеп жүрген адамдарға басымды иемін. Сіздер атқарып жатқан істеріңіз үшін кез келген мақтауға және мараптқа лайықсыздар. Бұл - асыл іс, үлкен жұмыс».
Аталған балалар үйін 2000 жылы осы қалада туып өскен, бүгінде Қазақстан Республикасы парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның өзі ашқан. Балалар үйінің директоры Дәнекер Сейсекенованың айтуынша, футболшылар аталған балалар үйіне бірінші рет келіп тұрмағанын, жыл сайын осындағы тәрбиеленушілерді өз сыйлықтарымен қуантып тұрады екен. «Футболшылар біздің достарымыз болып кеткен. Олардың келуін біздің балалар да тағатсыздана күтеді. Сондай-ақ футболшылар әрдайым бізбен қуаныштарымен, жеңістерімен бөлісіп тұрады. Бізді ұмытпайды, әр келген сайын сыйлықтарымен келеді. Жергілікті «Шахтер» клубының футболшылары бізді үнемі ойындарына шақырып, қайырымдылық шарасын өткізіп тұрады» деді Д.Сейсекенова.
Сөз арасында Дәнекер Сейсекенова балар үйі ашылған 17 жылдың ішінде осында тәрбиелеген балалардың арысы АҚШ-та, берісі Ресейді асырап алған ата-аналарымен тұрып жатыр. Балалар жат жерде жүрсе де, тәрибешілерін ұмытпай, әрдайым хабарласып тұрады екен.
Қайырымдылық шара барысында футболшылар өздерімен алып келген сый-сыяпаттарын балалар үйіндегі балғын іні-қарындастарына табыстады. Өз кезегенде балалар үйінің тәрбиеленушілері өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Кеш соңында олар футболшы ағаларымен әңгімелесіп, естелікке суретке түсті. Сонымен қатар, балалар түрлі ойын ойнап, күндерін көтеріңкі көңіл-күймен өткізді.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»